Бірнеше тілді меңгерген Франция азаматы қазақ тілін тегін үйретіп жүр

7 Маусым, 13:00 2420

Бүгінде жұрт қызыға қарайтын, білімді, жан-жақты, бірнеше тілді үйренген адамдардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Франция азаматы Абдуллах Секими. Ол ұлты араб болса да араб, француз, испан, ағылшын, қазақ тілін еркін меңгерген. Абдуллах қазақ тілін ерекше жақсы көреді. Ол тіпті 2022 жылы Франциядан Қазақстанға көшіп келген. Осы ретте кейіпкерімізден Қазақстанға деген махаббаты, қазақ тіліне деген қызығушылығы жайлы сұрап, әңгімелестік.

Абдуллах Секими Франция мемлекетінде туып-өскен.

Менің отбасымда жеті адам бар. Ата-анам, үш қарындасым, інім Францияда тұрады. Біздің ұлтымыз – араб. Туғаннан Францияда өмір сүргендіктен, француз тілін жақсы меңгергенбіз. Әкем, анам үшеуміз ана тілімізде сөйлесе аламыз. Іні-қарындастарым әзірге араб тілін біле қоймайды, – деді ол.

Кейіпкеріміздің қазақ тілін үйренуіне спорт саласы себеп болған екен.

Спортты, әсіресе күресті жақсы көремін, өзім дзюдомен айналысамын. Қазақстандағы танымал бірнеше спортшыны білемін. Олардың қатарында жүрген Елдос Сметовтің өнері ерекше ұнайды. Дзюдошы туралы мәлімет іздестіріп көргенімде барлық ақпарат қазақ тілінде болды. Сол кезде қазақ тілін үйренуіме бірден-бір себептігін тигізген осы қазақ жігіті, – дейді ол.

Абдуллах Секими тілді меңгеру үшін «Ұлы дала зары», «Томирис», «Мың бала» сынды қазақша фильмдерді көріп шыққан. Қазақ тілі, мәдениеті, салт-дәстүріне ерекше қызығушылық танытқан.

Ғаламторда ең бірінші танысқан бауырым Қорғалжыннан болды. Онымен күнде ағылшын тілінде сөйлесіп, Қазақстан туралы біраз ақпарат алатын едім, – деп есіне алды Франция азаматы.

Оның қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеруіне сегіз айдай уақыт кеткен. Абдуллахтың тіл үйренуіне көптеген адам көмектескен.

Қазақ тілін меңгеруіме септігін тигізген жандар көп болды. Олар маған үнемі уәждеме (мотивация) беріп отыратын. Сондықтан мен өзіме қайтсем де тілді үйренемін деген уәде бердім. Жалпы Қазақстанға келу менің жоспарымда болмаған. Алайда қазақстандық бауырларым елге шақырған соң, бұл мемлекетке деген қызығушылығым артты, – деді ол.

Француз азаматының сөзінше, тіл үйрену әдісі нашар болса, кез келген тілді меңгеру қиын болады.

Үйрену әдісі жақсы болса, шет тілдерін оқу оңай әрі қызық. Маған қазақ тілін меңгеру басында қиынға соқты. Себебі кітаптардың көбі орыс тілінде болды. Бұл – бірінші мәселе. Екіншісі, тіл туралы ақпарат, контент өте аз немесе қызықсыз, – деп ойын жеткізді кейіпкер.

Абдуллахтың айтуынша, тіл үйренудің бірден-бір құпиясы ол – көбірек тыңдау, сөйлесу және сөздік қорды көбейту.

Француз азаматы қазіргі таңда елордада тұрады.

Қазақстанда қаламын, мұнда мүмкіндіктер өте көп. Достарым, жұмысым да осында. Қазақстан маған қонақжайлылық көрсетіп, махаббат сыйлады. Мен де сол дүниелерді елімізге қайтарып бергім келеді, – деді ол.

Кейіпкеріміздің Қазақстанға деген махаббаты ерекше екенін сөзінен-ақ аңғаруға болады.

Қазақстан – үлкен мемлекет. Табиғаты сондай керемет. Көл, теңіз, өзен, тау, шөлдің бәрі бар. Өңірлердегі ауа райының әртүрлілігі ұнайды. Бірақ бәрінен бұрын қазақ халқын ерекше жақсы көремін. Өйткені Қазақстанда саяхаттап жүргенде бұл жақтың адамдарына қызығып қарайтын едім. Олармен араласқым, сөйлескім келетін. Жалпы француздарға қарағанда қазақ ұлтының діні де, мінезі де бөлек қой. Сол үшін де мен қазақтарға жақынмын, – деді Француз азаматы.

Абдуллах Секими қазақ тілін бай әрі көркем тілдердің бірі деп есептейді. Ол ауызекі тілде жақсы сөйлесе алады. Алайда қазақша сөйлеп тұрған адам әдеби сөздерді қолданатын болса, оған тілді түсіну қиынға соғады.

Қазақ тілінде сөйлесе аламын. Бірақ бұл тілде жазылған кітаптарды оқығанда, барлық сөзді түсінемін деп айта алмаймын. Сосын Астанада көп адам орыс тілінде немесе шала қазақ тілінде сөйлейді. Сол үшін кейде айтқан сөздерін толық ұқпай қаламын. Негізінде тілді толық меңгеру үшін сөздік қорды барынша көбейту керек. Бұйырса қазақшамды жақсарту жоспарымда бар, – деді кейіпкер.

Француз азаматы француз бен ағылшын тілінде таза сөйлейді. Араб, испан, қазақ тілін орташа деңгейде біледі.

Абдуллах Секимидің ең аз уақыт ішінде, тез үйренген тілі – испан тілі. Себебі испан тілі француз тіліне шамамен 80%-ға ұқсайды екен.

Қазақша білетін адамдар қырғыз тілін оқығысы келсе, оны 1-2 ай ішінде меңгеріп алуы мүмкін. Сол сияқты мен де испан тілін тез үйрендім деп ойлаймын, – деп пікірін білдірді ол.

Бүгінде кейіпкеріміз шетел азаматтарына қазақ, француз, ағылшын, араб тілін үйретумен айналысады.

Ересектермен де, балалармен де жұмыс істеймін. Кейбір шетелдік мені көргенде «Абдуллах, мен де сен сияқты болғым келеді» деп қызығып жатады. Ал кейбірі Қазақстанда тұрып, орыс тілін ғана білгенді жөн санайды. Себебі мұнда орыс тілінде сөйлейтіндер жетерлік. Сол жағдайды өзгерткім келеді, – дейді Абдуллах Секими.

Француз азаматы қазақ тілін меңгергісі келетін жандарға тегін сабақ береді. Шәкірттерінің қатарында австралиялық, араб ұлтының өкілі, Қазақстанда бірнеше жыл тұрып келе жатқан әртүрлі білім алушы бар.

Кейіпкеріміз болашақта мұсылман қызбен бірге отбасын құрғысы келеді.

Қай ұлт өкілі екені маңызды емес, бірақ мұсылман болғаны дұрыс болады деп ойлаймын. Себебі орыс, француз ұлтының қызына үйленер болсам, біраз қиындықтар туындайды. Біздің үрдістеріміз бен мәдениеттеріміз, дініміз бір-бірінен өте алыс. Ал араб, қазақ, өзбек, қырғыз сынды мұсылман халқының қызына үйлену жеңілірек деген ойдамын, – деді ол.

Абдуллах Секими қазақтың жігіттері қызғаншақ екенін айтады. Оның ойынша, қазақ жігіттері өз ұлтының қыздарын өзге ұлт өкіліне бергенді құптай бермейді.

Жігіттерді өте жақсы түсінемін. Араб ұлтының қыздары қарындастарым ғой. Олар басқа ұлтқа тұрмысқа шықса, мен де қызғанатын едім, – деді кейіпкер.

Француз азаматы болашақта қазақ контентін дамытқысы келеді.

Негізгі мақсатым – қазақ тілін дамыту. Ин Ша Алла жобаларым бар. Оны Instagram, TikTok әлеуметтік желілеріне шығарып, жүргізетін боламын, – деп сөзін қорытындылады Абдуллах Секими.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: