Бірнеше рет қатаң сөгіс алған Күмпекеев қалай әкім болды?

3 Желтоқсан, 15:00 728

Бес жыл бұрын қатаң сөгіс алған Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Әнуар Күмпекеев жақында Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған еді. Қоғамда резонанс тудырған жағдайға қатысты Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз жиынында тілшілердің бірі Марат Ахметжановқа «Жақында Әнуар Күмпекеевті Көкшетауға әкім етіп тағайындадыңыздар. Павлодар қаласының әкімі ретінде пәтер, жиһаз сатып алуы үлкен резонанс тудырды. Бұл шешіміңізге қатысты пікір білдіре аласыз ба? Лауазымға басқа кандидаттар табылмады ма?» деп сұрақ қойды.

Әкім Әнуар Күмпекеевті тағайындау үшін ешқандай құқықтық кедергілер жоқ. Ол бүкіл инстанцияның келісімінен өтті. Бұған дейін өз еркімен жұмыстан шықты. Тағайындау кезінде білімі, кәсіби қасиеттері ескерілді. Өздеріңіз білетіндей, Степногорск қаласында жеті жыл жұмыс істеді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жақсы біледі. Бір жыл бұрын мен Әнуардың бар екенін білмедім. Өткен жылы 7 желтоқсанда апат болған кезде тұрғындар оның қандай шаралар қолданғанын есіне алды. Біз оның кандидатурасын зерттей бастадық. Бұрын бірдеңені жастықтың буымен жасаған болар. Ол ештеңе алған жоқ, тек хабарландыру беріп, кейін оны алып тастады, - деді Марат Мұратұлы тілшіге берген жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін Марат Ахметжанов Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталған болатын.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: