Қазақстандағы алғашқы көпұлтты «Birlik» ән-би ансамблі Ақтауда өткен «Түркі биінің ырғағы» халықаралық фестивалінің сахнасында өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әртістер белгілі қазақ биі «Қара жорғаны» орындады. Көрермен де бұл өнерді қолдап, бишілермен бірге биледі.
«Birlik» ансамблімен бірге фестивальге тағы сегіз шығармашылық ұжым қатысты. Олар – өз саласының кәсіби мамандары, әр ұлттың рухы мен дәстүрін сахнада бейнелейтін өнерге адал жандар. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев атап өткендей, бұл фестиваль – тәжірибе алмасу мен шабыттануға, ортақ мәдени құндылықтарды бөлісуге мүмкіндік берген ерекше алаң болды. Іс-шара биыл Ақтауға берліген «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі аясында өтті.
Айта кетейік, «Birlik» ансамблі 2024 жылдың 1 наурызында құрылған болатын. Ұжым құрамына кастинг нәтижесі бойынша іріктелген 20 үздік биші мен музыкант енді. Шығармашылық топтың басты мақсаты – әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, дәстүрлі музыка мен биді көпшілікке таныту.
Ансамбльге халықаралық байқаулардың лауреаты Анель Марабаева жетекшілік етеді. Сонымен қатар, қойылымдар мен хореографиялық композициялар дайындау барысында тәжірибе алмасу үшін жақын шетелдерден танымал хореографтар шақырылады.
Биыл Ақтауда 30-дан астам халықаралық мәдени және шығармашылық бастамалар өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, фестивальдер, ғылыми конференциялар, көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылады. Аталмыш іс-шаралар түркі әлемі елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосады.