Бірлігі жарасқан бір ауылдың тұрғындары Елордаға келді!

30 Сәуір 2014, 06:53

Ынтымақ күніне орай елордамызға Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылының бір топ тұрғындары келді.

"1 мамыр - Қазақстан Халықтарының бірлігі күні" мерекесіне орай елордамызға Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылының бір топ тұрғындары келді (нақтырақ айтқанда 12 адам – автор). Бұл ауыл ақсақалдары мен батыр аналардың Елорданы алғаш рет көруі екен. 

Ауыл әкімі, сондай-ақ, осы бастамаға мұрындық болған Найман Сұлтанбаевтың айтуынша, түрлі ұлт өкілдерінен құралған Көктөбе ауылында 2800-ге жуық халық тұрады. Оның 15 пайызы басқа ұлт өкілдерінен құралған. Ал, осы шараға көмек беріп, демеушілік жасаған аталмыш Көктөбе ауылының кәсіпкерлері мен жеке шаруашылық қожалықтарының басшылары. 

Солардың арасында Жеміскүл Оспанова 12 құрсақ көтерген  Батыр ана. Қазіргі таңда 40 немере, 10 шөбере, 1 шөпшек көріп отырған абзал анамыз ерекше көзге түсті. Ұлттық киім мен өзіне жарасымды кимешек киген екен Жеміскүл апамыз «Бұл тек мейрамда ғана киетін маусымдық киім емес, үнемі үстімнен тастамаймын! Себесеңіздер, айналамдағы кемпірлерден сұраңдар!» деп ағынан жарылды. 

Сондай-ақ, дүнген ұлтының өкілі, Көктөбеауылының құрметті тұрғыны Зубида Харкиқызы қазақтардың кеңпейіл әрі қонақжай халық екенін айтып, жалғыз қызын қазақ баласына беріп, құда болып жатқанымен де бөлісе кетті.

Ортада тұрған Зубида Хариқызы.

Түрік ұлтының өкілі  Жұмаш Аслан Мұхадімұлы қазақтардың кеңпейілділігі мен ұйымшылдығына ризашылдығын білдіре отырып, тіпті өз ана тілімді ұмытып қалдым деп ағынан жарылды. Ақсақалдың 3 баласы, 8 немересі бар екен. 

Етжеңді қариялармен бірге Көктөбе ауылының үздік мектеп бітірушілері Ілиясова Үміт пен Тұрған Динара да келген. Бас қаланың әсемдігіне таң қалып, тамаша әсерге бөленіп отырмыз дейді. 

Ауыл әкімі Найман Кенжеханұлы Астананың әсем көшелерімен таныстырып, ауылдағы халықтың әл ауқаты жақсы екенін баяндап өтті. Ауылда саусақпен санарлықтай соғыс ардагерлері денсаулығына байланысты Елордаға келе алмағандығын айтты. 

«Ардагерлеріміз Елорданы көрмеді емес, бұрын-соңды көрген. Бұл жолы денсаулығына байланысты бізбен бірге шыға алмады. Сондықтан Астанаға бұрын-соңды аяқ баспаған, табаны тимеген ата-әжелерімізді алып келдік» дейді ауыл әкімі.

Қонақтармен бірге Көктөбе ауылының дәрігері де ілесе келіпті. Тілек Бауыржан есімді дәрігер жолаушылардың қан қысымын қадағалап, денсаулықтарын үнемі тексеріп отырады. 

12 жолаушының арасында Құралбаев Әлдібай есімді пайғамбар жастан асқан қария бар. Дәлірек айтқанда, жасы 65-те. 6 бала, 8 немересі бар. 

Ортадағы кісінің есімі – Әлдібай Құралбаев!

Ал, жақында 62 жасты толтырған Ілиясова Роза апамыз 8 бала тәрбиелеп, 14 немереге әже болып отыр екен. «Балаларарым аман болса, немерелерімнің саны мұнымен шектелмейді» дейді ұрпағына үміт артып.

Шаһар асып Елордаға келген қонақтардың қатарындағы Жүрсін Сайдуллаев көкеміздің жасы 67-де екен. Бес бала өсіріп, 12 немересіне ата болып жүр. Астанадағы немерелері қарсы алып, арқа-жарқа болып жүрген жәйі бар.

Қонақтардың ішіндегі ақылгөй, дуалы ауыз қариялардың бірі Аралбек Есеналиев көкеміз. Жасы 75-те. 7 бала, 9 немере, 3 шөбересінің қызығына тоймай жүр екен.  Көктөбе ауылының құрметті азаматы.

Ал,  Ілиясов Сәбет көкеміз қонақтардың қатарындағы ең егдесі. Жасы 78-де. Әлі тың, қуатты көрінеді.  8 баласынан 8 немере сүйіп, шөберелерінің саны 10-ға жетіпті. 

Ал, Расим Әбілұлы атты әзірбайжан ұлтының өкілі. «Ұлтым әзірбайжан болғанмен, мен өзімді қазақпын деп санаймын, жұртқа да солай танысамын!» дейді кеудесін мақтаныш кернеп. 

Расим Әбілұлы үлкендердің алдын кеспей, соңынан еріп келеді...

P.S. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылынына келген қонақтар Елордаға кеше келген екен. Үш күн шаһардың тынысымен танысып, елге қайтатынын айтты.  

Қонақтармен әңгімелескен – Жәмилә ЗАЙЫРОВА. 

Бөлісу: