Бiрлiгi бекем елдiң тiрлiгi де тиянақты

23 Қазан 2014, 04:45

Тұрсынкүл Құрманбаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы: «Бiрлiгi бекем елдiң тiрлiгi де тиянақты»

Оңтүстiк Қазақстан облысы – республика бойынша өзге ұлт өкiлдерi ең көп мекендейтін өңiр. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде, мұнда этноконфессиялық келiсiмнiң бiртұтас инфрақұрылымы қалыптасқан. Өңiрдi мекендейтiн ұлттардың тiлiн, мәдениетiн, салт-дәстүрiн сақтауға барлық мүмкiндiктер қарастырылып, өзара татулық пен бірліктің үлгісі көрсетілуде. Осы орайда, біз өңірдегі мәдени орталықтардың бүгінгі тынысы мен алдағы бағыт-бағдарын білу мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Тұрсынкүл Құрманбаевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Тұрсынкүл Лесбекқызы, Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 19 жыл толып отыр. Жалпы, Ассамблеяның мәні мен мақсаты неде?
– 1995 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан бұл құрылым бүгінде еліміздің ұйытқысына айналды десек қателеспеспіз. Кез келген мемлекеттің өркендеуінің басты қағидасы ол – ынтымақ пен бірлік. Қазақстан көп этносты мемлекет болғандықтан, Ассамблеяның еліміз үшін маңызы зор. Ассамблеяның ұстанған басты бағыты – елiмiздi мекен еткен барлық этностарды ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, елiмiздегi тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпалдастық идеялар мен мәдениетаралық коммуникациялардың жаңа жолдарының көшбасшысына айналды. Ол бірегей Еуразиялық бірлестік болып табылады. Олай деп отырған себебім, мұнда Шығыс пен Батыстың дәстүрлері араласып, өзара сіңіскен. Бір сөзбен айтқанда, елiмiздегi ұлтаралық тұтастық пен келiсiмдi сақтауға iс жүзiнде өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан бiрегей құрылым бүгiнде халық дипломатиясының маңызды күретамыры деуге болады.
– Оңтүстік Қазақстан облысында қазір қанша этномәдени орталықтар бар? Олардың қоғам дамуына, тыныштығына қосып отырған үлестері қандай?
– Ресми дерек бойынша, бүгінде Оңтүстік өңірінде 108 этнос өкілдері өзара татулық пен ынтымақта ғұмыр кешіп келеді. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, барлығының мүддесін бір арнаға тоғыстырған 20 мәдени орталық жұмыс жасайды. Облыс аумағында олардың 51 филиалы бар. Этномәдени орталықтар өз кезегінде маңызы зор барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысып отырады. Орталық өкілдерінің тілі, дәстүрі және мәдениеті күндерін өткізіп отыруға барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Мәселен, шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл, «Рождество, «Чыршы байреме», «Сабантой», «Масленица», «Хануки», «Пасха», «Курбан Байрам», «Чусек» секілді әр этностың ұлттық мерекелері өтіп тұрады. Оның ішінде «Наурыз» мейрамы аса ірі ауқымда ерекше аталып өтіледі. Бұл мерекеде қазақтың киіз үйі тігіліп, алты бақандар орнатылып, этномәдени орталықтары шығармашылық ұжымдарының күшімен қойылған театрландырылған көрініс, мерекелік концерт, сондай-ақ қолөнер туындылары мен ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен орайластырылып, жыл сайын этностар арасында «Бірлігі бекем ел», «Байтақ елім – Қазақстан», «Қазақстан – құт, береке мекені», «Достық дастарханы» секілді спорттық іс-шаралар, жас отбасылар конкурсы жоғары деңгейде өткізіліп тұрады. Міне, осы аталған іс-шаралар арқылы біздер өңіріміздегі барлық этностардың қоғамдық істерге белсене араласып, бір-бірін бауырына басуына, ең бастысы патриоттық сезімін оятуға күш салып келеміз. Әрбір мереке, жиын оларды «сен ақсың, сарысың, қарасың» демей, бір үйдің балаларындай жұмыла жұмыс істеуге үйретеді. Осындай ауызбіршіліктен кейін елдің әлеуметтік жағдайы да, экономикасы да тұрақты болады. Біздегі этностар Қазақстан адамдарды нәсіліне, түсіне қарамай, барлығын бір шаңырақтың астына жинап отырған қазақ халқының дархан көңілі мен ыстық ілтипатын жоғары бағалайды және оған деген құрмет сезімін анық аңғартып келеді. 
– Ырысқа бастайтын ынтымақты насихаттауда Ассамблеяның құрамына енетін этномәдени орталықтардан өзге тағы қандай құрылымдар бар?
– Ассамблея төңірегінде этномәдени орталықтардан басқа да құрылымдар ашылған. Мәселен, өңірлік Ассамблея жанынан құрамына ғалымдар, этномәдени орталықтардың, білім саласының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары кіретін ғылыми-сарапшылдық топ және бейбітшілік, қоғамдық және облыстық мәслихаттың «Ел бірлігі» депутаттық тобы құрылған болатын. Облыста түрлі іс-шараларды өткізуге ұйытқы болып отырған «Ынтымақ» этно­саралық мәдени бірлестігі бар. Сосын жексенбілік мектептерде әр этностың балалары өз тілдерінде қосымша білім алып жатыр. Бүгінде олардың саны 11-ге жетті. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сондықтан олардың ана тілінде шығатын басылымдары болғаны дұрыс. Облыста қазір 200-ге жуық газет-журналдар бар болса, оның 14-і орыс тілінде, 10-ы өзбек тілінде және өзге де тілдерде жарық көреді. Жексенбілік мектептермен қатар, этномәдени орталықтар жанынан ақсақалдар кеңестері және жастар қанаттары құрылған. Сондай-ақ, «Достық үйі», «Достық» мұражайы, облыстық қазақ, орыс, өзбек драма театрлары әрекет етеді. 
– Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?
– Расында, ұлттық этномәдени орталықтар арасында мемлекеттiк тiлге үлкен бетбұрыс бары байқалады. Мәселен, мемлекеттік тілді насихаттау, дамыту және оның қолдану аясын кеңейту мақсатында өзге этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тілді білу парызың», «Көп тілді білу – баға жетпес байлық», «Тілдарын» және басқа да конкурстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тіпті, көршілес жатқан Өзбекстан Республикасында тұрып жатқан қазақ диаспораларымен де өзара ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар жолға қойылған. Өз кезегінде өзбекстандық қазақтар делегациясы өңірге арнайы келіп, дәстүрлі мерекелерге қатысып тұрады.
Бұл бағытта Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп нақты тапсырма бергені белгілі. Бұл, әрине, өз кезегінде облыстағы өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысын арттырғаны айқын. Ассамблея қызметінде көптеген іс-шараларды мемлекеттік тілде жүргізуге басымдық беріледі. Этностық топ өкілдерінің қатысуымен өтетін жексенбілік мектептерде ана тілімен қатар мемлекеттік тілді оқыту жолға қойылған. Осы бағыттағы іс-шаралардың нәтижесінде, 2020 жылға дейін облыста тұратын барлық этностардың өкілдері қазақ тілін меңгеріп алады деген сенім мол.
– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу: