«Бірлестік-2024»: төрт мемлекеттің әскери контингенттері Маңғыстау облысына келді

9 Шілде, 21:42 799

Ақтау қаласының Әскери-теңіз базасының порты мен әскери әуеайлағында Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан әскери қызметшілерін салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, батыс өңірде 8-17 шілде аралығында «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Әскери жаттығу «Оймаша» полигонында және маңызды эпизодтарының бірі көрсетілетін Тоқмақ мүйісінен екі шақырым жерде өтеді. 

Қатысушы елдердің әскери контингенттері әскери-көлік ұшақтарының бортымен жеткізілді. Жаттығуға қатысу үшін Әзербайжан елі күзетші және орта десанттық корабльдерін, ал Өзбекстан армия авиациясының тікұшақтарын жіберді, - делінген мәліметте.

Бұдан бөлек әскери полигонда және Қарақия ауданындағы Тоқмақ мүйісінде әскерлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және орнықтыру үшін шатырлы лагерьлер дайындалды.

Перизат Саденова
Бөлісу: