«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»: Абай философиясының мәні

18 Наурыз 2023, 10:35 7486

Хакім Абай айтып кеткен осы ғақлияның бүгінде маңызы күшеймесе, кеміген жоқ. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Бізде әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын дейтін ұғым бар. Сол секілді бұдан былай әр шаңырақта Абайдың кітабы тұруы тиіс. Өйткені Абай – қазақтың бет-бейнесі, бренді. Біле білген адамға Абай ілімінде қазаққа қажет нәрсенің бәрі бар. Нарық та, демократия да, ел басқару да, бәсекелестік те, ғылым-білімде», деді. Бұл Абай тағылымының қазақ елінің дамуындағы орнын айшықтай түседі. Қазақ елінің келешегі, Хакім Абай айтқан адамның тәлім-тәрбиесіне, ғылым мен білім деңгейіне байланысты болады.

Бәрімізге белгілі 1945 жылғы жинақтан бері Абайдың «Қара сөздері» 1890 жылдан бастап, 1899 жыл аралығында жазылған деген мәлімет орныққан. Осы мерзімді басшылыққа алсақ, Абайдың «Қара сөздеріндегі», өлеңдеріндегі ағартушылық-демократтық көзқарастары 1890 жылдан бері қарай жаңа бағытқа, гуманистік, ойшылдық белеске бет бұрғанын көреміз. Бұл орайда Абай ұлттық болмысқа негізделген білім мен мәдениетті насихаттау жолындағы нағыз ағартушы-демократтар мен ағартушылықты бетке ұстап, ұлттық болмысты кертартпа кесел ретінде көрсетіп, миссионерлік, великоростық мақсат көздеген жалған ағартушы-демократтарды айыра білген. Себебі халықтың ұлттық тәрбиесі тұтасымен ұлттық тағылымнан нәр алуға бағытталған. Сондықтан қазақтың барша тағылымдық ілімінде, Абай шығармашылығында ағартушы деген сөздің жоқ болуы заңды. Абайдың осындай кез-келген идеяны сана сарабына салып, ұлттық, адамшылық, мұсылмандық елегінен өткізіп барып, сол идеяларды ұлтқа үйлесімді деп танығанда ғана қабылдап, өз жүрегінде қорытып ұсынатын асыл қасиеті жайлы Көкбай: «Абай Еуропа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Сондағы көп насихаттың түп қазығы: адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығын да мұсылман дінінің дөңгелегіне әкеліп, бір шалып келіп отыратын», - дейді.

Сөйтіп, Абай қоғам мен адамды бостандық, теңдік, ғылым-білімді насихаттау арқылы түзеуге болады деген ойдан Шығыстық дүниетанымға (Түркі руханияты, Мұсылмандық Шығыс руханияты) негізделген жаңа ойға, барлық кеселдерден қоғамды өзгерту, халықты білім-ғылымға шақыру арқылы емес, адамның ішкі жан әлемін түзеу арқылы ғана жетуге болады деген идеяға келген.

Ойлап отырсақ, шындығында да, адам баласының бақытты ғұмыр кешкен заманы деп ешбір қоғамдық құрылысты айта алмаймыз. Өзімізді мектеп пен университетте ұстаздарымыз: «Социалистік қоғамға дейінгі алғашқы қауымдық құрылыстан өзге қоғамдардың бәрі әділетсіз, таптық антоганистік қоғамдар болды. Социалистік қоғамда ғана әділет, теңдік бар»,- деп оқытты. Алайда сол әділетсіз, таптық, антоганистік қоғамдарда өмір сүрген қаншама тұлғалардың ақыл-ойы мен еңбектерінен туған игіліктерді пайдаланып отырмыз. Сол жаман деген капиталистік қоғамның материалдық, рухани табыстарын қолданып, сол жаман деген социалистік қоғамдағы ата-апаларымыздың маңдай тері, ақыл-ойымен жасалған өнімдерді әлі күнге дейін пайдаланып келеміз?!

Олай болса, заманның жақсы, жаман болмағы қоғамға емес, адамға байлаулы. Адам түзелмей, қоғам, заман түзелмейді. Ал адамды түзеу үшін адам жанын тәрбиелеу керек. Сондықтан Абай «Отыз сегізінші қара сөзінде» Алла адамды жаратқанда өзінде бар сипаттардың әрқайсысынан адамзатқа да дарытқандығын айтып, оларға түсініктемелер (тағриф) беріп, талдай келе әділет пен махаббатқа (бұл жерде махаббат деген қазіргі біздің түсінігіміздегі ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілік сезім емес, ғаламдық мәндегі ұғым) қатысты сөздерінде: «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында Һәм ғадаләт һәм махаббат бар»,- деген. Демек, махаббат пен әділет адам баласына екі дүниеде де керек қасиет екен. Жердің тартылыс күші сияқты күллі дүниені ұстап тұрған - махаббат пен әділет. Осы ойын «Насихат» сөзінің 13- бабы ретінде арнайы жеке шығарманың құрамында барша көкірек көзі ашық адамдарға бағыштап жазған еңбегінде (қазіргі «Қырық бесінші» сөз) былайша айтқан: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Адамшылықтың алды – махаббат,ғаделет.Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі». Ал осы махаббат пен әділеттің мекені – жүрек. Сондықтан Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі,

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі,-

деген.

Асқарбек Құсайынов, Абайтанушы:

«Ұлттық мұрамыздың бастауында тұрған ұлы Абайдың мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде насихатталуы өскелең ұрпақтың бойында із қалдырары анық. Ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі ағартушы ақын шығармаларында кеңінен кездеседі. Тек шын ниетпен, адамгершілік ақыл-парасатпен жеткізіп, әр жүрекке сәуле себетіндей жаңа жолдарын қарастыруымыз қажет.

Абай мұрасындағы ағартушылық-адамгершілік тұжырымдар қашанда өзекті болған. Ғылым-білімге шақырып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру,

әділетті қоғам құру идеяларын көтерген Хакімнің көзқарастары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни сынды шығыс ойшылдары, Сократ, Платон, Аристотель секілді грек ойшылдары және Қытай философы Конфуцийдің идеяларымен үндеседі. Абай өзіне дейінгі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи және Жалаладдин Румидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасады.

Ежелгі қытай философы Конфуций адалдық, сыпайылық, ұқыптылық, аманатқа берілгендік, адамгершілік және қайырымдылық, ата-аналары мен үлкенді сыйлау, тәртіпке ұмтылу секілді этикалық нормалар мен ережелер жүйесін қалдырған болатын. Ол ілімге құмартып ұмтылу жеке тұлғаның негізгі қасиеті деп есептеді. Атап айтқанда, оқыту мен тәрбиелеуді адам қабілетін ашу және дамыту құралы ретінде қарастырды.

Конфуций қытайлардың көзқарасы мен ұлттық мінезін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Сондай-ақ басқа елдердің халқына да үлкен әсер етті, әсіресе батыс әлемінің демократиялық идеялары туындағанға дейін анағұрлым ертерек халық билігін мойындауының арқасында жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесіне енді.

Конфуцийдің трактаттарындағы цзюнь-цзы – қайырымды адам туралы ілімі Әл-Фараби дүниетанымындағы адам мәселесінде жалғасын тауып, Абай көксеген «толық адам» деп аталатын тұлғаның кемелдігі туралы идеясымен үндесетінін байқаймыз.

Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, имансыздық, тоғышарлық, енжарлық, жалқаулық, сөзуарлық, екіжүзділік, күншілдік, мақтанқұмарлық, дүниеқоңыздық, мансапқорлық, көрсеқызарлық, менмендік, еңбексіздік, әділетсіздік, сатқындық және т.б. адам баласының бойындағы осы жаман қасиеттерімен күресуге ұмтылу керектігін түсіндіреді. Осылайша ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында қалыптасып келе жатқан, діни-философиялық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – «толық адам» ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп, Абай толық адам ілімін айқындай түседі. Мұндағы «ыстық қайрат» физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани жаңғыруды білдірсе керек.

Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі білім берудің табыстылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі, ұлттық құндылықтарын сақтап және оларды дамыта отырып, рухани бай тұлғаны тәрбиелеу болып табылатынын ескеруіміз керек. Ұлы Абай да осыны меңзеген.

Яғни балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ғасырлық тарихи тамыры бар дәстүрлі қазақ халық тәрбиесінің негізгі идеялары мен құндылықтарын қалпына келтіріп, кеңінен пайдалануымыз қажет.

Осы орайда, Қазақстандық білім беруде Абай ұсынған «толық адам» тұжырымдамасын негізге алып, ағартушы ақынның білім, ғылым, адамгершілік тәрбие жайындағы рухани тағылымын терең насихаттау арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыру бағытын ұстанғанымыз жөн.

«Тәрбие басы – тіл» дейді қазақ халқы. Хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деп, тіл үйренуге шақырады.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге басымдық беру керектігін, бірақ ана тілін білуге аса қатты назар аудару қажеттігін айтады.

Мен әлемнің озық 20 елінде (Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция және т.б. елдер) бастауыш сыныптарда, яғни, 1-6 сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде екі тіл 1-сыныптан бастап – 2 елде, 2-сыныптан бастап – 5 елде, 4 және 6-сыныптардан бастап – 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде үш тіл бірдей оқытылмайды. Ал біздің елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде үш тіл қатар оқытылып келеді. Нәтижесі қандай? Қазіргі уақытта қалалық жерлерде қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлесетін болды.

Тіпті қазақ мектептерінде оқып, қазақ отбасында тәрбиеленетін балалардың өзі орыс тілінде сөйлеседі.

Әлемдік тәжірибеде басқа тілдерді ана тілі негізінде оқудың тиімділігі ғылыми түрде дәлелденген. Аса көрнекті педагог К.Д.Ушинский мен белгілі психолог Л.С.Выготский шетел тілін оқып-үйретуді бастамас бұрын, бала өз ана тілін жетік білу тиіс екенін ғылыми түрде дәлелдеген болатын.

Мемлекет басшысы тілдің мәртебесін көтеру жайындағы бір сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде.

В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» дейді.

Өз ана тілінің уызын қана ішіп, оны терең меңгеріп, сол тілде ұлттық тәрбие алған баланың бойында ұлттық патриоттық сезім жоғары болады деп ойлаймын.

Сөзімді қорыта келе айтарым, ұлтымыздың өркендеп, рухани тәрбие, сапалы білім беру мақсатында қастерлі құндылығымыз – Абай дүниетанымын терең тануымыз керек. Абай философиясының өзегі – «Адам бол!» идеясы. Адам болу – бұл ой-өрісі, сана-сезімі, дүниетанымы қалыптасқан тұлға болу. Адамды күштеп адам қыла алмайсың, оны зорлап оқытып, жақсы маман қыла алмайсың. Білім-ғылым да, өнер де – бәрі де талаппен, ынтамен, жігермен келеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», - дейді Хакім Абай.

Ұрпақ тағдыры – бәрімізге ортақ. Олай болса, ұлттық рухани қасиеті мол, тәрбиелі һәм білімді тұлға қалыптастырудағы еңбектеріміз табысты болғай!»

Біз неге Абайды ұлтымыздың рухани ұстазы, адамзатқа ортақ өлмес сөздің иесі дейміз? Жалпы Абайды не үшін оқимыз? Сөзді бұлай бастаудың себебі, кейінгі кезде: «Біз Абайды түсіндірмеуіміз керек, біз Абайды түсінуіміз қажет» - деген сөздерді оқып, естіп жүрміз. Олай болғанда, ұстаз бен шәкірт, мектеп пен оқушы, тұлға мен қауым сынды үйретуші мен үйренушінің қажеті не? Бұл орайда Абай: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим(өзіндік дұрыс қасиет; өзіңе тән мінез-құлық) һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махабаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады» - дейді. Яки, адамның махаббатпен білмекке құштар болуын оятатын осы үш үйретуші. Осы үшеуі бірігіп нағыз жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы замандас болған қоғамда, сол елдегі халықтың келешегі жарқын, атар таңы арайлы болмақ. Міне, сондықтан да Абайдың «сахараны басқан қара түн-түнекті қақ жарып, жалғыз қолда жалынды жалғыз шырақ ұстап, халқына бет нұсқап: «таңың белден атады, күнің сонау жақтан шығады» - деумен өткен арпалысты ғұмыры халқын, қала берді адам баласын адамдық игі қасиеттерге, білім-ғылымға, адамзатқа ортақ мораль принциптері мен гуманизмге шақырумен өтті. Сондықтан, біз Абай мұрасын түсініп қана қоймай, шамамыз келгенше, түсіндіруіміз де қажет. Мұны:

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі – тұл , -

деп Абайдың өзі де айтқан.

Сонымен, Абайды біз не үшін оқып, неліктен түсініп қана қоймай, қал-қадырымыздың жеткенінше түсіндіруіміз керек? Қанша жерден құбылтып, құйқылжытып, түрлі стильде, алуан терминдерді қолдана отырып сөйлесек те, Абай мұрасының күллі мазмұны адамды тәрбиелеуге, адамгершілік ілім бұлақтарынан нәр алуға жетелейді. Екінші сөзбен айтқанда, Абай мұрасы –адамгершілік ілімінің қайнары.

 

Марат Бекбосынов, Абайтанушы, ғалым:

«Мұхтар Әуезов Абай мұрасының нәр алған, толысқан, кемелденген рухани бұлақ көздерін «Абай ақындығының айналасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты еңбектерінде: төл әдебиет пен халық даналығы, Шығыс руханияты және орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті мен мәдениеті деп атап-атап көрсеткен. Алайда Абай нәр алған осы айтылған рухани бұлақ көздерінің әрқайсысы күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі талай-талай зерттеулерге жүк болған ауқымы зор күрделі кең тақырыптар. Оған қоса, бұл мәселеде Абайдың ақындық кітапханасы, сол дәуірдегі осы үш мұра көздері өкілдерінің шығармашылық әдеби бағыттары мен олардағы идеялар, олардың Абайдың әдеби көзқарастары мен адамгершілік ой-танымдары, азаматтық ұстанымдарына сәйкестігі сынды қадау-қадау мәселелері бар.

Қазақ халқының Шоқаннан соңғы ғұлама ғалымы (ал Абай хакім) Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» атты әдебиеттану ғылымына арналған ғылыми еңбегінде өнер түрлерін жіктеп, саралай келе, сөз өнерін арнайы теориялық тұрғыда зерттеп, оның мақсаты мен міндеттерін айқындап, әдебиет – сөз өнері болса, оның басты мақсаты – адам тәрбиелеу екендігін дәйектеген. Ғалымды бұл байламға әкелген Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты сөз өнеріне принципті талаптар қойған атақты өлеңінің әсері болғаны даусыз.

Мұны Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясындағы осы өлеңге қатысты: «Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық сөз – өлең деп қарайды», - деген тұжырымы да нақтылай түседі. Сондықтан да Абай өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің Шығыстық, Батыстық және ұлттық ең таңдаулы жауһарларын оқып, игеріп, солардағы озық идеяларды өз шығармаларында өрістетіп дамытты. Бұл орайда ол өзіне дейінгі әдеби-философиялық мұралардағы идеяларды өзінің сау ақыл, ыстық жүрегінің сарабына салып, қорытып, өз заманының қоғамдық-саяси жағдайлары, халықтың рухани хал-күйі, келешек мүддесімен байланыста алып, жаңаша әдеби бағытта дамытты. Сөйтіп, әлемдік ақыл-ой қайнарларынан және өз жанынан сұрыптап алған асыл құндылықтарды өзінің көркем мұралары арқылы өз заманына ғана емес, келешек ғасырларға да рухани азық боларлық өлмес сөз, өшпес өсиет етіп ұсына білді.

Осылардың алғашқысы «қазақ халқының есте жоқ ескі заманынан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры»,- десек, Абайды Абай еткен ең басты қайнар да осы төл руханияттан басталады. Мұны Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты еңбегінде Абайдың нәр алған рухани бұлақ көздерін көркем тілмен кең арналы өзенге теңей келіп, «Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығып жатқан қайнар көздер – ақынның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды»,-деп баса суреттеген.

Абайдың осы төл руханияттан нәр алуы бала кезден басталған. Әжесі Зере, әкесі Құнанбай, аналары Ұлжан мен Айғыз, ел ішіндегі өнер жаршылары: ақындар, билер, шешендер, күнделікті өмірдегі ұлттық шаруашылық қалып, содан туған салт, ұлттық мінез, дәстүр, ғұрып, өнер түрлері, осының бәрі – Абайдың алғашқы нәр алған рухани арнасына құяр сағалары болды. Абай осы руханияттың озығын бойына сіңірді, тозығын сын тезіне салды. Мәселен, Абайдың бала күнінде суырып салып айтқан экспромт өлеңдерінен бізге жеткен алғашқы «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» өлеңінде-ақ қазақ дәстүріне кереғар жайт сынға алынады. Сөйтіп Абай төл әдебиет пен руханияттан алған үлгі-өрнектерді дамыта отырып, ұлттық әдебиетті жаңа сыншыл реалистік бағытқа бұрды. Бұл жолда ескілікті кертартпа кемшіліктерді сынады, халқын адамдық асыл қасиеттерді бойына сіңіруге, білім-ғылымды игеруге шақырды. Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым» деген сөзінде, қазақтың бойындағы мың кеселге қарсы күресі тұрса, «Интернатта оқып жүр»(«Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) өлеңінде халықтың келешегі ғана емес, әр адамның екі дүниедегі ғұмыры да білім-ғылымға байлаулы екендігін айтқан. Неге десеңіз, адам баласы жан мен тәннен тұрады. Тән бұ дүниеде (фәни дүние) қалып, жан о дүниеге (бақи дүние)өтеді, яки тән өткінші, жан мәңгі. Абай осы өлеңде «Интернатта оқып жүр»(«Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) адам жаны мен тәніне керек бес түрлі жақсы қасиеттерді атап айтады. Олар: талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым. Енді ойлап көріңіздер, талап пен еңбек бұ дүниеде тән үшін керек, алайда оның жеткен нәтижесі жан қоштауын туғызады. Келесі терең ой бұ дүниеге де, о дүниеге де, тән үшін де, жан үшін де керек. Себебі терең ойдың жемісі бұ дүниеде тәнді рақатқа бөлейтін дүниелік ғылымдағы нәтижеге жеткізсе, жанды екі дүниеде де махаббатпен жаратқан Жаратушыны махаббатпен тану жолында рақатқа бөлейді. Ал қанағат пен рақым екі дүниеде де жанды кемелдендіріп, Жаратушының мейіріміне бастайды. Міне осы себептен де Абай:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас

Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын

Ұста, жетсін бұйрығың, -

деген. Яғни «бес асыл іс» бұ дүниенің де, о дүниенің де басты керегі деп отыр.

Десек те, Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінен алынған осы шумақтағы «екі кемені» кей ғалымдар Батыс, Шығыс білім-ғылымы деген түсінік береді. Олай болғанда, жоғарыда айтқанымыздай, тұтас өлең мазмұны дидактикалық сарындағы ағартушылық бағытта жазылған білім-ғылымға шақырған туынды болуы керек. Ал «Сегіз аяқ» өлеңіне берілген 1995 жылғы академиялық жинақтың 2004 жылғы қайыра басылған төртінші басылымындағы «Түсініктерде» өлеңге: «Сегіз аяқ» (1899) – 1909 жылғы кітапта басылған (8- бөлік. Сегіз аяқ, 60-62- беттер). «Сегіз аяқ» өлеңі – кең көлемді, бай мазмұнды, терең мағыналы, ерекше көркем шығармалардың бірі. Әрбір шумағы сегіз жолдан келіп, қайырылып отыратын, өзгеше жаңа түрмен жазылған өлең.

Ақын осы өлеңінде заман құбылыстарын, қоғам өмірінің шындықтарын түгел қамтып, сипаттайды. Өзінің көп ойларын толғайды, сезім-сырын, көңіл күйін шертеді – ел іргесі сөгіліп, берекесі кетіп, азып-тозып бара жатқанына күйінеді», - деген түсініктеме берілген. Ал Мұхтар Әуезов «Абай Құнанбаев» монографиясында дәл осы өлеңге:«1889 жылы, жоғарыда санауымыз бойынша, Абайдың тоқтаған тағы бір тақырыбы бар. Ол – бұдан бұрын да ақын шығармаларында бізге таныс болған көңіл лирикасы.

Өз ойымен халық мұңын қоса мұңдап ойшылдық, сыршылдық үлгіде туғызған терең толғаулары. Бұл қатарға қосылатындар атақты «Сегіз аяқ», содан соң «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ» деген өлеңдер.

«Сегіз аяқ» - ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі»,- деп баға берген. Демек, аталмыш туынды – Абайдың әлеуметтік-философиялық лирикасы. Олай болса өлеңнің мазмұнына «Батыс, Шығыс» емес, «Екі дүние» деген ұғым сәйкес келеді.

 Абайдың адамгершілік ілімі қазақ халқы үшін ғана емес, барша адам баласы үшін де ғибратты мұра болатын болса, біз осы мұраны үлгі тұтып, қаншалықты өз өмірімізде іске асырып жүрміз? Абай өсиетін осыдан 106 жыл бұрын: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар»,- деген Міржақып Дулатов атамыздың үмітін ақтай алдық па? Осыны бүгінгі күнмен бағамдап, салыстырып көрейікші. Абай алысқан бойымыздағы мың кемшіліктерден арылдық па? Қазірде қазақтың бойында өтірік, өсек, мақтан, еріншектік, дүниеқұмарлық, т.б. жаман қасиеттер жоқ па? Ал егер білім-ғылымға ұмтылсақ, қазақ елі неге әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарында емес?.. Біздің қазақтан шыққан өнертапқыштарымыз, әлемге танылған брендті өніміміз бар ма? Біз неге Головкин, Тэн, Ильин сияқты өздері айналысқан істе белгілі бір нәтижеге жеткендерді мақтан тұтамыз? Олардың жеке жетістіктері еліміздің материалдық, рухани қорына қандай табыс әкелді, жалпы елге солардан не пайда түсті? Бүкіл халық солардың жетістіктерінен қандай игілік көріп отыр? Өз заманындағы дәл осындай даңғаза пайдасыз мақтан жайлы Абай атамыз былай деген: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Осы қуаныш қазақ ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар?... Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері».

Әуезов Абайдың нәр алған рухани бұлақ көзінің алғашқысын «қазақ халқының есте жоқ ескі заманынан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры» деп бекер айтпаған. Өйткені, бұл сөзде екі дәуір әдебиеті мен қазақ фольклоры жинақталып, тұжырымдалған. Мұны таратып айтсақ, қазақ әдебиеті тарихы қазіргі әдебиеттану ғылымында алты дәуірге бөлінеді: қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі (б.д.д. X-XIVғғ.), хандық дәуірдегі әдебиет (XV-XVIIIғғ.), отаршылдық дәуірдегі әдебиет (XIXғғ.), ояну дәуіріндегі әдебиет (XXғ. басы), кеңес дәуіріндегі әдебиет (1920-1991жж.), қазіргі қазақ әдебиеті (1991 жылдан бергі әдебиет). Абайға дейінгі дәуірде қазақ әдебиеті осы дәуірлердің екеуін бастан өткерді. Ал қазақ фольклоры халық мұрасы ретінде ұлттың ұлттық дәстүрінде, салтында, ғұрпы мен әдебиетінде, өнерінде сақталып жетті».

Жалпы Абайдың нәр алған рухани бұлақтарын, соның ішінде ежелгі жазба мұралардан алған дерек көздері жайлы айтқанда олардың жариялану, таралу жайы, Абайға келу жолы, Абай шығармашылығындағы көрінісі сынды дәйекті дәлелдердің болуы қажет. Онсыз айтылған сөз дерексіз болжал болмақ.

Орыстың бір мәтеліндегі: «Бақыт болмас еді, бақытсыздық көмектесті»- дегеніндей, отаршылдық езгімен бірге қазақ даласына буржуазиялық қоғамның өзгерістері де ене бастады. Семейде тері илейтін, кеме жөндейтін кәсіпорындар ашылып, оларда мыңдаған жатақтар жұмыс істеп, бір жерге шоғырланған халық арасында ақпарат алмасу, Ресей патшалығындағы, өзге де елдердегі жаңалықтардан хабардар болу, сауданың дамуына орай қазақ ішінен ірі саудагерлер, көпестердің шығуы, олардың қазақ ішіне жаңа өндіріс өнімдерін саудалауы, басқа да жаңа қоғамдық қатынастар орнай бастады. Қалаға жер аударылып келген революционер-демократтар, Императорлық Орыс жағрапия қоғамының Семей бөлімшесі, Семей Өлкетану музейі, Статистикалық комитет пен қалалық кітапханалар, Ресейде, жақын қалалар мен Семейдің өзінде жарыққа шыға бастаған әкімшілік басылымдар, патшалықтың Санкт-Петербург, Москва, Уфа, Қазан, Омбы,т.б. қалаларында басылған кітаптардың ел ішіне тарай бастауы, бір сөзбен айтқанда, Ресей империясының буржуазиялық қоғамдық қатынастарынан туып, шеткергі отар аймақтарға тараған бүкіл басқару жүйесі мен қоғамдық, мәдени өмірдегі өзгерістер алдыңғы қатарлы ұлт интеллигенциясының санасында сапалық серпілістер тудырды. Қазақтың оқыған жастары ішкергі Ресейдің ірі қалаларында білім алып, түрлі әкімшілік, қоғамдық мекемелерде қызмет ете бастады. Міне осындай заманда көшпелі тұрмыстағы қазақи өмір салтына лайықталған, демократиялық сипаттағы ұлттың фольклорлық мұрасы шешендік өнер, билер сөзі, ауыз әдебиеті мынадай таптық антоганистік шиеленіскен қоғамдық қатынас орнаған қоғамда халықтың қоғамдық, рухани сұранысын өтей алмады. Енді елге заманға сай түзелген сөз қажет болды. Сондықтан да Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»- деді. Алайда Абай жаңа реалистік жазба әдебиетті тудыруда өзіне дейінгі әдебиетті мүлде терістеген жоқ, қайта ондағы тіл мәдениетін ұштады, көркемдік сөз өрнегін түзетті, әдебиетті жаңа қоғамдық қатынастарға лайық формаға түсіріп, адам тәрбиелеудің қуатты құралына айналдырды.

Makhat Sadyk
Бөлісу: