"Біреуі бір жаңа заң дайындаған жоқ". Саясаттанушы Дос Көшім Мәжіліс депутататтарын сынға алды

29 Қараша 2023, 09:25 1267

Саясаттанушы Дос Көшім Мәжіліс депутаттарының атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліске Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ермұрат Бапи, Ринат пен Нартай секілді жігіттер келді. Бұлардың бәрі жақсы сұрақ қойғандарын, жақсы сөйлегендерін, биліктің адамдарының екі аяғын бір етікке тыққандарын көреміз. Дұрыс. Бірақ, олардың міндеті бұл емес қой. Бұлардың міндеті - заң шығару. Біреуі бір жаңа заң дайындаған жоқ. 30 жыл бойы айтып келе жатқан заңдарымыз бар. Мемлекеттік тіл туралы заңды неге біреуі дайындап, ұсынбайды? Қазақстанның ақпараттық жүйесін Ресейден қорғау туралы заң неге дайындамаймыз? Басқа елдердің көбісінде бар.  Бүкіл солтүстік пен шығыс облыстарда бұрынғы кеңестік атаулар қалды. Чапаев, Ленин, Сталин, Буденый деген кеңестік атауларды неге өзгертпейміз? Заң керек пе, керек, - дейді саясаттанушы "Білген дұрыс" youtube арнасына сұхбатында.

Дос Көшімнің айтуынша, Мәжіліс қабырғасында мәселені іс жүзінде шешетін заңдар қабылдануы тиіс.

Неге сөйлей береді, неге айта береді? Мен таңғаламын, мен де сөйлей аламын. Мысалы, Ринат Зайытовтың отырып алып, домбырамен айтқандары да дәл солай тарайды. Ол ана жаққа заң шығаруға барды ғой. Мысалы, ең төменгі жалақы туралы Ринат өте тамаша айтты, соғысып қалды, айқайласты. Айқайласпауы керек. Мен айқаласуым керек, басқалар айқайласуы керек. Ринат отырып алып, заң шығаруы керек. «Қазақстандағы ең төменгі жалақы мынадай болуы керек». Әйтпесе, өзіңіз білесіз, Америка мен Еуропада 1 сағатта минимум жалақы деген бар. Мысалы, Америкада 14 доллар, Германияда нақты қанша еуро екенін білмеймін. Міндетті түрде, кез келген ыдыс жуатын адамға дейін одан төмен жалақы қоюға болмайды, - дейді Дос Көшім.

Бұған дейін Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан жалақы ешқашан 300 мың теңге болмайды деп, Ринат Зайытовтікі ашық популизм екенін айтқан еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: