16 Қазан 2014, 03:41
Əйгілі ғалым Мəмбет Қойгелдиев сан рет ескерткендей, қазіргі “Бірден-бір маңызды мəселе – тарих ғылымын саясаттан аршып алу. Біз осы мəселені орнықты шешпей, тарихты ғылым дəрежесіне көтере алмаймыз”. Əрине, бұл барыста Лев Гумилевтің: “ Жалпы алғанда, бір халықтың тарихын тек қана оның дұшпанының көзқарасы тұрғысынан зерттеуге болмайды” («Көне түріктер». 86-бет) дегені де есте мықты ұсталады.
Ал, əрі ұлтжанды, əрі ғылыми қазақ ғалымдары мен əділетшіл өзге ұлт тарихшылары бұл он түрлі адамдардан болатын қиянатқа қарсы. Олар: “Қазақ жазирасының қарапайым құба төбел күмбездері, ғимараттары, Самархан мен Бұхараның көк тіреген зəулім мұнаралары мен алтынмен аптап, күміспен күптеген сəн-салтанатты сарайларының көлеңкесінде мүлде көрінбей қалғаны болмаса, көнелігі мен ғылыми маңызы жағынан анағұрлым артық” дейді. Мұндайлар Қытайда да баршылық. Қытайдағы авторлар ұжымының қолынан шыққан жəне ең жоғарғы билік жағынан бекім алған жуықтағы кітаптарда (мысалы, «Шынжаңның жергілікті тарихы» мен «Қазақтың қысқаша тарихында»): “Үйсіндер – бүгінгі қазақтардың басты ата-тектерінің бірі” деп айқын жазылған жəне жоғарыдағы 10 түрлі нысайға қатты соққы берген.
Бүгінде бұл тақырып айналасында жоғарыда аталғандай əр түрлі пікір бар болса да, “Сақтан кейін Үйсін, Қаңлы, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш, Алан сияқты қыпшақтарға дейін біздің қазақ даласында салтанат құрған ежелгі мемлекеттер болған. Бұл мемлекеттер ара жалғастығы үзілмеген. Себебі олардың негізгі географиялық шекарасы қазіргі Қазақ Елінің аумағында”, “Бір сөзбен айтсақ, біз қазақтың мемлекеттігін Сақ, Үйсін, Қаңлылардан бері сабақтап тартуымыз керек” дейтін ғалымдардың көбеюі, үндерінің қатаюы адамды қуантады.
Дегенмен тарих ғылымының орны толмас өкініштері ішімізді удай ашытады-ақ. Соның бірі тарихи деректердің адамзаттың өз қолымен құртылуы, тəрік етілуі болар. Б. з. б. ІІІ ғасырдың аяғында Тұниязыдағы (Жұңго, ОртаЖазықтағы) жауыз патша Чин Шыхуаң қолымен өртелген кітаптар мен тірі көмілген ғалымдар миының ішінде əлемге, сол қатарда Ұлы Далаға байланысты қаншама құнды деректер кетті деңізші; Кутайба ибн Мүслимəл-Балихи Хорезмнің хат танитындарын қырып-жойып, дін қызметкерлерін өлтіріп, кітаптары мен бумаларын өртеткеннен кейін хорезмдіктер мəдениеттен жұрдай болды, мүлдем сауатсыз қалды, естерінде қалған мағлұматтармен ғана күн көрді”. “Бұл, əлбетте, тек хорезмдіктердің басында ғана болған қиын хал емес-тін... Түрік халықтары да осындай ауыр ахуалды басынан аз кешкен жоқ. Мұхаммед пайғамбардың ілімі кең етек жайған соң, ата-бабаның асыл мұрасынан айрылған дала перзенттері өздері сан ғасыр пайдаланып келген əліпбиін құбыжық көріп, əдет-ғұрыптарына да өзгерістер енгізді... Мұндай ұрпақты əр түрлі діни уағыздармен-ақ өзінің ислам дінінде болмаған кəпір ата-бабасынан бездіріп,... аңыз кейіпкер Нұх пайғамбардың бір баласынан тараған бұтаққа тели салу оңайдың оңайы болатын” ... Дегенмен, көбі өзімізден. Орта Жазықтың (Түнязының) қайсар халқы, Чин Шыхуаңның жəбірін көргенімен, оны он шақты жылға апармай аудара салды. Талай дінді қабылдаса да жазуын да бүгінге шейін сол қалпында сақтап, дамытып келді. Аман алып қалған жылнамаларынан, өздері түгіл, бүкіл əлем пайдалануда. Чин Шыхуаңнан соң да сан көргілікті көргенімен, төл мəдениетін құрттыруға жол бергені жоқ, қайта оны өркендете берді.
Біз де, əлемдегі хəн, үнді, т. б. ұлттар сықылды, талайдан бері отаршылардың тепкісінде жаншылған, қорланған, аяқасты етілген, жəбірленген, жасытылған, көңілі шайлыққан ұлтпыз. Талай ғасыр рухымыз тəуелді, санамыз тұсаулы, мемлекеттілігіміз тоқыраулы, идеологиямыз дағдарулы, “денеміз” боршалаулы, жадымыз бұрмалаулы, мəдениетіміз (соның ішінде жазуымыз) ойыншық етілген күй кештік. Енді ғана оянатын, сілкінетін, ес жиятын күн туды. Бұл тақырыпқа келгенде, ең əуелі осындай тарихи дерттердің зардабынан арылып алған жəне бөтен ниеттегілердің əр түрлі “ғылыми” қитұрқы қылықтарына сақ болғанымыз жөн.
Бұл - өзгелер иген шындықты ғылыми дəлелдер арқылы түзейік дегендік қана. Бұл тек бейғылыми көңілге (мысалы, тар да тағансыз ұлттық сезімге) мініп алып “көк атқа” (тарихи шындыққа) фантазиялық жабу салайық дегендік емес. Егер өйтілсе, тарих ғылымына да, ұлт мүддесіне де, күллі адамзатқа да орны толмас зиян болар еді. Меніңше, кей тайпа (мысалы, хазарлар) ішінде қазақтан өзге этнос болмаған деп білу де, Хəн əулеті кезіндегі үйсіндер санын деректегіден əлдеқайда көп деу де, өзге ұлттар ішінде үйсіндердің аздаған тұқымы да мүлде жоқ санау да, т. б. осындайға жатады.
Əрине ескеретін басты түйін – шындықты талап ету – тарих ғылымының ішкі зəрулігі ғана емес, нағыз тарихшылардың жаппай мойындайтын құндылық парызы, айрылмауға тиісті рухы. Шындықты талап ету – тарихтың жаны. Онсыз нағыз тарих жоқ. Нағыз тарихшылар тарихқа тигізген қаламын, іріктеумен талдауға істетсе де, ойдан жасауға да, қисынсызды қиыстыруға да, өзсөзділікпен өз ағаттығына асылып алуға да баспайды. Əйтпесе оның аузынан, не қаламынан шыққан дүние, тарих емес, ұзағанда жеке де жай əдебиет не тарихи көркем əдебиет қана бола алуы мүмкін.
Бұл талаптар өзінен бұрынғыларға батыл күдіктене алуды, обьектив фактіге, тіке тарихи материалдарға құрмет ете отырып, бұрынғылардікін түзете білуді де қамтиды. Əйгілі тарихшы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев: “Ресей империясы тұсында тарихи проблемалар империяның, християн дінінің, Ақ патша билігінің үстемдігіне қарай пайымдалды. Ал, жаңа, тəуелсіз кезеңде біз ұлтымыздың тарихи санасын ояту барысында, тəуелсіздікті баянды ету жолында қазақ тарихшылары да тарихты бұрмалап, ата-бабасының əділ ісін асырып, зорлық-зомбылығын (мысалға қарақалпақтарға, қырғыздарға, башқұрттарға) жасырып, беліне қару асынғанның бəрін батыр деп, қолына домбыра ұстағанның бəрін ақын деп жатқанымыз өтірік пе? Сондықтан, негізгі міндет – тарихи, ғылыми обьективтілік, диалектикалық принциптерді сақтап, жалтақ тарихтан жасанды тарих жасамай, ғылымға негізделген ата тарихын жазу міндеті тұр” деп бекер айтпаған ғой.
Жия айтқанда, тарихшыларға зор жауапкершілік артқан Иылмаз Өзтұнаның “Білім білігін ар-ожданмен ұштастыра алмаған тарихшы ұлтына да, адамзатқа да опасыздық жасағанмен бірдей болады” дегенін мықтап ескеріп, Əлімғазы Дəулетханша “Алысты жақсы көргіміз келсе, биікке ұмтылайық. Аспан асты кең. Тарих - биіктің, тереңдіктің һəм ар-ожданның ғылымы екенін есте ұстайық”.