1 Наурыз 2014, 10:48
Мемлекетіміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылын тарих төріне шығарды. Расында, өткен кезең көп өріске тыңнан сүре салынып, көп істі жаңа қолға алынғандығымен және өзіндік қиыншылықтарымен күрделі болды. Тоталитарлық сипаттағы саяси жүйені ысырып тастау, Одақ көлемінде шырмауықтай шырмалған экономиканы Мәскеу тізгінінен алып, оны еркін елдің мұратына қызмет еткізу оңай болған жоқ, әлі де оңай болмай отыр. Кешегі қайта құруда құлдыраған халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру де орасан зор күшке түсті. Не керек қыруар тіршілік тындырылды. Соның ішінде ұлттық құндылықтарымыздың өзегі болып саналатын – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсу бағытында да күрделі-күрделі жұмыстар жүзеге асты. Алайда, егемендігіміздің елең-алаңында мемлекеттік мәртебеге айрықша күреспен жеткен қазақ тілінің қазіргі ахуалы қоғамның зиялы қауымын күндіз-түні мазалайтыны жасырын емес. Бұл турасында бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ батыл қадамға бара алмай отырмыз.
Қазіргі әлемдік жаһандану жағдайында талай ғасырды артқа тастаған қазақ елі ел болып қаламыз ба, жоқ па, ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге мұра еткен осынау алып өңірге ие бола аламыз ба, жоқ па, барлығы айналып келгенде, осы ең басты рухани байлығымыз, аса қуатты қаруымыз - ұлттық тілімізге байланысты. Біздер қазір қазақ тілінің тарихи жол айрығында тұрмыз. Біреуі – қазақ тілінің шынайы мемлекеттік мәртебеге жетіп, қазақстанды мекен еткен, елім деген барлық этнос өкілдерінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы, екінші – әрбір он жылға қабылданатын мемлекеттік бағдарламамен алданып уақыт алдырып, оның үстіне министрліктің қазіргі қоғамдағы тілдік кеңістіктегі күрделі қайшылықтарды тіпті елегісі келмей, мектептерде өз ана тілін меңгерте алмай отырғанда бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін ендіру жөніндегі жан-жақты ойластырылмаған ұсынысы
2030 жылдары қазақтың жаңа ұрпағының қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінен бас тартуына алып келуі ғажап емес. Алла мұның бетін аулақ етсін. Қазақ қазақ болып жер бетін басып жүретін болса, бұған еш жол бере қоймас.
Қазақ тілінің тағдырлы тарихы сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталды. Патшалық Ресей Қазақстан аймақтарының көнгенін сөзбен, көнбегенін күшпен өзіне қаратып алғаннан кейін басқаруды өз басқару жүйесіне сәйкес өзгертті. Сөйтіп қазақ даласында іс-қағаздары жаппай орыс тілінде жүргізілді. Бұл - бір. Екінші - ана тілінің қолданыс аясын тарылта түскен фактор аты шулы Столыпин заңынан кейін арнайы қаржыландырылып, жүйелі жүргізілген Ресей шаруаларының қазақ өлкесіне көшуі бұрын-соңды болмаған жаңа қарқын алуы болды. Соның нәтижесінде Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны ғасырдың аяғына таман үдей түсті. Егер 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағының мәліметтері бойынша, қазақ өлкесінің қазіргі шекарасы шебіндегі аумағында 4147,8 мың адамның 3392,7 мыңы немесе 81,7 % -ы қазақтар болса, 1914 жылға қарай 5 910,0 мың өлке халқының қазақтары 65,1 % -ға төмендеді.
Мұндай отарлық саясаттың зардаптарын өз заманының озық ойлы азаматтар көрмей отыра алмады. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1880 жылы Орынбор оқу округінің жанындағы татар, башқұрт және қазақ мектептерін басқаратын инспектор В.В.Катеринскийге жазған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазғанын айта келіп, былай дегенді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, - келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, - тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Бұдан өз кезінде орыстандыру саясатының белең ала бастағанын жіті байқаған сергек ойды танумен қатар, сол күдіктердің соншалықты негізділігін, сөз иесінің қаншалықты көрегендігін қазір еліміз тәуелсіздік алғанда ғана терең сезіне алып отырмыз. Бұған бүгінгі шындығымыз толық дәлел бола алады.
Отарлық жағдайдағы қазақ тілінің ахуалын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жергілікті қала қайраткерлерінің съезіне қазақ халқының атынан қатысып, сөз сөйлегенде ең бірінші – өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін, қазақ мектебінің қудаланатынын айтқан болатын.
Мұның барлығы Қазан төңкерісіне дейінгі жағдай еді. Ал әділетті қоғам орнатамыз деп саяси сахнаға келген кеңестік билік кезіңде тілдік қатынас кеңістігінде не өзгеріс болды? Бәлкім, 70 жылдықтың бәрін сызып тастау тарихымызға қиянат болар. Кеңес басшылары әлемдік ағыммен санаспай отыра алмады. Сондықтан олар халық үшін бірсыпыра шараларға баруға мәжбүр болғанымен олар, шындығына келгенде, шет аймақтағы ұлттық республикаларға қатысты кешегі патшалық Ресей саясатын жаңа дәуірде жаңаша жалғастырушылар болғаны мәлім. Бұған Хрущевтың тың және тыңайған жерлерді игеру мен Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосу туралы арманының астарында жатқан жымысқы саясат толық дәлел бола алады. Бұл кезде 700-дей қазақ мектебі жабылып, жаппай аралас мектептер жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кеткен еді. Орыс тілін білмесең, ештеңеге жарамадың. Жоғары оқу орнына түсе алмадың, жұмыстың есігі жабық болды, орыс тілін нашар білген қазақ кадрлары қызметте көтеріле алмады.
Қандай елдің болмасын конституциясында тілдік қатынастар құқықтық жағынан реттеліп отыратыны белгілі. Алайда 1937 және 1978 жылдары қабылданған Қазақ ССР-ының конституцияларында жергілікті халықтың тілі туралы бір ауыз сөз айтылмады. Ұлы державалық шовинизммен ауырған солақай саясатқа бұл керек емес еді. Орыс халқының тілі бүкіл Одақта жалғыз мемлекеттік тіл болды. Ал өткен ғасырдың басында дайындалған «Алаш» партиясы программасының жобасындағы «Ғылым-білім үйрету» деп аталатын ІХ бөлімінде бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу мәселелерінің қойылуы бас-аяғы екі жарым жылдай өмір сүрген Алаш орда өкіметінің тіл кеңістігіндегі мақсатын бірден танытқан болатын.