Бір жылда ERG кәсіпорындарына шамамен 50 млрд теңге экономикалық тиімділік әкеледі

20 Қараша, 10:35 320

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы қойған ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту міндеттерінің іске асырылу барысын баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Университеттер, ғылыми институттар мен өнеркәсіп арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа форматы ретінде хакатондар таңдалды. Ғалымдар мен зерттеушілерден құралған топ кәсіпорындарға барып, өндірістік циклді толық зерттейді, ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастырады.

Тау-кен металлургия саласының алпауыт кәсіпорындарымен ірі 6 хакатон өткізілді. 30-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарынан 200-дей ғалым қатысты. Нәтижесінде, шамамен 80 ғылыми-техникалық тапсырма тұжырымдалды. Комиссия отырысына нақты 11 жобаны шығарамыз. Осылайша, биылғы жалпы ғылыми-техникалық тапсырмалардың 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижесіне негізделген. Президент жанындағы жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының жұмысқа қосылуы өте маңызды. Ғылыми-техникалық тапсырманы талдау мен сараптауды Ғылым академиясы да жүргізеді. Бұл тапсырмалардың барлығы да өте қатаң іріктеуден өтті. Барлығы 653 өтініш түсті. Комиссия қарауына тек 113-і өтті, — деді Саясат Нұрбек.
Cонымен қатар, Eurasian Resources Group ағымдағы жылдың қыркүйегінде еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 44 ғалымы қатысқан алғашқы хакатон өткізді. Ғылыми сарапшылармен бірлесіп, бес негізгі бағыт іріктелді. Олардың өндірісте қолдану мүмкіндігін және экономикалық тиімділігін зерттеу үшін жұмыс тобы құрылды.
Бірінші бағыт – Көктал бокситтерінің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеп, бокситтерді жер асты шаймалау және байыту мүмкіндіктерін қарастыру. Бұл бағытты іске асыру арқылы біздің компания шамамен 47 млрд теңге көлемінде қосымша экономикалық тиімділікке қол жеткізе алады. Екінші бағыт – глинозем өндірісі кезінде қызыл шламдардан қосымша жерде сирек кездесетін металдарды шығару. Үшінші бағыт – «жасыл» анодтар өндірісінің технологияларын қалыптастыру. Ғылыммен ынтымақтастық және бүгін іріктелген бастамалар мен жобаларды іске асыру тек бір жылда ERG кәсіпорындарына шамамен 50 млрд теңге экономикалық тиімділік әкеледі. Бұл – қазақстандық ғалымдардың ғылыми әлеуетімен бірлесіп қол жеткізгіміз келетін экономикалық тиімділік, — деп атап өтті ERG бас директоры Серік Шахажанов.
Мөлдір Қайнар
Бөлісу: