Бір бала қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде: Қарағандыда балалар жаппай уланған

1 Тамыз 2023, 10:40 1197

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған бір бала қайтыс болып, тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі болғандай, 30 шілдеде орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.

Оқи отырыңыз:

Бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында, - делінген облыстық әкімдік таратқан мәліметте.

Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Әкімдік мәліметінше, Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлғалар анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді, - деп қосты ведомство өкілдері.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: