«Бір әннің тарихы»: «Наурыз-думан» әні қалай хит болды

23 Наурыз, 11:28 8307

Жыл өткен сайын Наурыз мейрамының қанаты кеңге жайылып, тойлану үрдісі де өзгеріп келеді. Тіпті, халқымыз ұлық мерекені әнге де қосып жырлайтын болды. Ұлыстың ұлы күніне орай «Бір әннің тарихы» атты жаңа айдарымызда өздеріңізге мәлім «Наурыз думан» әнінің шығу тарихына тоқталмақпыз, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Наурыз мейрамы десек, бірден Роза Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз-думан» әні еске оралады. Жыл сайын Наурыз мейрамының шымылдығын осы бір керемет ән ашады десек, артық емес. Бұл әннің шығу тарихын бірі білсе, енді бірі білмейді.

«Наурыз-думан» әнін 1988 жылы филармонияда өткен концертте алғаш рет орындалған. Сол жолы әнді танымал күйші Абдулхамит Райымбергеновтің жетекшілігіндегі «Мұрагер» ансамблі сүйемелдеді. Шын мәнінде, бұл ән бірден тыңдаушыларының көңілінен шығып, сәтімен тұсауы кесілген туынды болды. Алматыда, жалпы елімізде сол жылдары Наурыз енді-енді тойланып, өзіндік бағыт, баға алып жатқан тұсы еді. Сол кезде қазақтың өте таланты композиторы Талғат Сарыбаев ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне «Наурыз-думан» әнін жазды.

Бұл туынды Қазақстанның халы әртісі Роза Рымбаеваның орындауымен халыққа кең тарап кетті. Көктемді, наурызды, салт-дәстүрді бірден еске түсіреді.

Ол кезде елімізде Наурыз мейрамы ресми түрде тойлана бастаған кез еді. Сол уақытта маған бір ой келді. Бүкіл халық тойлайтын біздің өмірімізге жаңа мереке келген кезде, Наурыз туралы неге ән шығармасқа? Содан кейін өзімнің жақсы көретін америкалық атақты әнші Уитни Хьюстонның дискісін тыңдап отырып, мына әннің мінезі, көңілі, ритімі осындай болған дұрыс деген шешімге келдім, – дейді әнші Роза Рымбаева.

Әнші Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жатқа білетінін, ақынның өлеңдерінің ішінен «Наурыз-думанды» тауып, дискімен өлеңнің сөзін атақты композитор Талғат Сарыбаевқа тапсырады.

Ол кісіге әннің характерінің осындай болу керегін, бәрін түсіндіріп айттым. Жоғары деңгейдегі кәсіби композитор ойымды қағып алды. Бұл ән шыққан соң, жолдасым Тасқын «Наурыз-думан» бүкіл ел, халық болып, көктем мерекесін тойлап жатқан кезде жай ғана ән болмау керек деп, толық бір композиция жасау қажеттігін айтты. Әннің ішіне қазақтың киіз үйі, даласы, табиғаты, жайылып жүрген қойы, жылқысы барлығы кіру керек деді. Сол үшін Тасқын әннің екінші бөлімінен кейін «Шернияз» күйін қосты. Сонымен жай ән емес, толық бір композиция болып шықты, – дейді әнші.

Қазақстанның Халық әртісі бұл әнді алғаш рет 1989 жылы «Мұрагер» ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған екен. Қазақтың әдет-ғұрпының бәрін бейнелейтін ұлттық сипаттағы Наурыз әні әншінің репертуарындағы шоқтығы биік туындының бірі. Қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дархан пейілін суреттейтін ән тыңдарманға осылайша жетті.

«Наурыз-думан» әнінен кейін де композитор Талғат Сарыбаев пен әнші Роза Рымбаеваның арасындағы шығармашылық тандем үзілген жоқ. Бір-бірінің өнерін жүрекпен түсініп, жаны мен сезінген қос талант талай сәтті туындыларды бірге өмірге әкелді. 2021 жылы «Наурыз-думан» әніне тұңғыш рет бейнебаян түсірілді. Әнді Роза Рымбаева, Мәди Сыздықов, Ayree, Қарақат Башанова, Әміре, Ержан Максим орындаған.

«Наурыз-думан» әннің түпнұсқасы бойынша жазылған сөзі мен әннің бейнебаянын назарларыңызға ұсынамыз.

 

«Наурыз-думан»

Әні: Т.Сарыбаев

 сөзі: М.Мақатаев

Наурыз айы туғанда, 

Той болушы еді бұл маңда. 

Сақталушы еді сыбаға, 

Сапарға кеткен ұлдарға, 

Наурыз айы туғанда.

 

Наурыз, наурыз, күн игі! 

Күні игі жердің - түрі игі. 

Бауыры жылып науат-қар, 

Бабымен ғана жібиді. 

Шашылып ырыс шанақтан, 

Шақырып бір үй бір үйді, 

Шаттанушы еді бір игі.

 

Осынау игі кең жерге, 

Наурыз айы келгенде, 

Наурыз тойын бергенде, 

Көрмегендер де - арманда, 

Арманда - оны көрген де. 

Келіп ем өмір - орманға, 

Наурыз айы келгенде.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: