Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды

10 Наурыз 2023, 13:50 2908

Әр отбасы жеке мемлекет. Ал сол мемлекеттің іргесін қалайтын – әке. Отбасының мықты болуы да  әкеге байланысты. Бірақ әке атану мен бола білу тағы бар. Осы орайда отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі тақырыбында «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мақсұтбек Айтмағанбетпен әңгімелескен болатынбыз.

– Мақсұтбек мырза, ең алдымен бүгінгі таңдағы «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмысына тоқталып кетсеңіз.

– «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы Астана қаласында № 59 мектептің жанынан «Әкелер кеңесі» болып құрылған болатын. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Кішігірім кеңестен басталған ұйым қазіргі таңда Қазақстанда 9 филиалы бар республикалық қоғамдық бірлестікке айналды. Қазақстан бойынша бізде 1000-нан астам белсенді әкелеріміз бар. Бұл әкелердің көбісі мектеп жанындағы әкелер кеңестерінің жанынан құрылған ұйымның әкелері.

–  Қоғамдық бірлестік қанша уақыттан бері жұмыс істейді? Мақсат-міндеті қандай? Құрамында қандай әкелер бар?

– Біздің мақсат – әкелердің аналармен бірге бала тәрбиесінде, балалардың білім беруінде, олардың ержүрек азамат, мейірімді қыз болып өсуіне ат салысып, Әкелер институтын, Отбасы институтын дамыту болып табылады. Біз тек балалардың ғана емес, әкелердің де мәселелерімен жұмыс істейміз.

Бүгінгі таңда жалпы әлемде, елімізде айырылысу үлкен мәселе болып тұр. «Айырылысқаннан кейін әкелер балаларымен қандай қарым-қатынаста болады?», «Қандай  әке болу керек?» деген мәселелерді жиі көтеріп жатырмыз. Әкелерге айырылысып кетсе де, балаларын ұмытпай, жағдайларын білетіндей, балаларына қамқоршы болу үшін әр түрлі тренингтер, бағдарламалар жасап, насихаттап жүрміз. Мысалы,  біздің тренингтеріміздің бірі «Саналы әке» деп аталады. Бұл тренинг осыдан 3-4 жыл бұрын БҰҰ-ның Қазақстандағы халықты қоныстандыру қорымен бірге жасалынған еді. Бағдарламаның маңызы өте жоғары. Онда жас жігіттер отбасын құрған кезде тек қана ер жігіт, күйеу емес, болашақта әке болатынын біле жүре соған дайындалса, мағлұмат алса деген мақсатпен дайындалған. Осы тренингтер барлық Әкелер кеңестерінде айтылып, бүгінгі күнге дейін насихатталып жүр. Бұл бір бағдарлама болып табылады. Бұдан басқа  біз «Білім инновация» қорымен меморандумға отырып, сол қорға тиісті мектептерде «Әкелер кеңестерін» құрдық.

Бүгінгі таңда «Әкелер кеңестері» өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Ондағы басты міндет әкелерді мектепке алып келу. Әкелер сол мектептерде аптасына екі рет кездесіп, волейбол, футбол ойнайды. Сонымен қатар балалардың проблемаларын талқылайды. Жыл сайын біз әкелер апталығын өткізудеміз. Апталықта әкелердің балалар не оқып, не үйреніп жатыр деген мәселелер қозғалады. Әр түрлі байқаулар өтеді.

Соңғы  жылдары «Брейн-ринг» деген әлеуметтік зияткерлік ойын жасап жатырмыз.  Балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасын жақсартуына және олардың мектеппен, мұғалімдермен бірлесіп, бала тәрбиелеу маңыздылығына арналған. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін әр түрлі әкелер бар. Арамызда жетпістен асқан, жақында ғана үйленіп, отбасын құрып жатқан жас әкелеріміз бар. Ерекше балаларды тәрбиелеп жүрген ерекше әкелеріміз де бар. Балаларынан бөлек тұрса да, қамқоршы болып жүрген әкелеріміз бар. Бала асырап алып, өз баласындай бауырына басып, өсіріп жүрген әкелер де бар. Олардың әрқайсысының мәселелері әр түрлі. Бірақ олардың барлығының мақсаты да, ойы  да балаларымызды қалай бақытты қыламыз, отбасымызды қалай нығайтамыз деген мәселе. «Отан отбасынан басталады» дейді халқымыз. Сондықтан да отбасына  үлкен әрі маңызды көзқарас болуы керек деп есептеймін.

– Қоғамдық бірлестікке қалай келдіңіз? Әкелер одағында қанша уақыттан бері жетекшілік етесіз?

– 2019 жылы бірлестікке төраға болып келдім. Содан бері осы ұйымға басшылық етемін. Келген себебім балам оқыған мектептерде әрқашан белсенді болатынмын. Өкінішке орай, балалардың тәрбиесіне кештеу балаларым 4-5 сыныпта оқып жүрген кезде араласа бастадым. Негізінен сәби дүниеге келгеннен бастап, бала тәрбиесіне дұрыс деп есептеймін. Сондықтан осы ұйымға келгеннен кейін біраз нәрсеге көзқарасым өзгерді. Балалармен де қарым-қатынасым дұрысталған сияқты.

Әкелердің барлығы мінсіз әке деп айту қиын. Себебі бұл жерге әр түрлі  әкелер келеді. Арамызда жүріп, бізге үйретіп жүрген, бір нәрсе үйренемін деп келген әкелер де бар. Сондықтан біз мақсатымыз бір әкелерміз. Себебі ананың бергенін әке, әкенің бергенін ана бере алмайды. Ана мейірімді болады. Әке шамалы қаталдау болуы мүмкін. «Әкенің жүрегі таудан биік, ананың жүрегі  теңіздей терең» деген нақыл сөз бар. Сондықтан отбасында әкенің де, ананың да рөлі өте маңызды. Әсіресе  қыз бала әкесіне, ұл бала анасына жақын деп жатады. Сондықтан әр балаға ана да, әке де керек деп есептеймін.

Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің орны туралы айта кетсеңіз.

– Әкелердің аналарға қарағанда балалармен тіл табысуы, қарым-қатынасы көбінесе бала шамалы есейгенде болады.Сондықтан көптеген зерттеушілердің айтуына қарағанда, бала әкесін де, анасын да туғаннан бастап сезеді екен. Әкелер кішкентай кезінен бастап баланы кеудесіне алып, көтеріп ойнайтын болса, бала сезеді. Бұл туралы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз да айтып кеткен. Ғалымның «Баланы құрсақта жүргенде тәрбиелей бастау керек» деген нақылы бар. Сондықтан балаға ата-ана жауапты. Бірінші әке жауапты. Ең бірінші шаңыраққа жауап беретін ер адам. Сондықтан ол өзінің баласына, әйеліне, отбасына деген жауапкершілігін өз мойнына алып, батылдық жасауы керек.  Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Отбасына жауап бере алған адам ғана болашақта еліне де, халқына да жауапты бола алады.

– Елімізде декреттегі әкелер саны көбейген. Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Қоғамда декретке тек әйелдер ғана шығады деп есептейді. Бірақ олай емес. Декретке шығу деген балаға жауапты болу, балаға көңіл бөлу деген сөз. Егер сәбилі болған келіншегіңіз ауырып жататын болса, мүмкіндігі болмайтын болса, өмірде әр түрлі жағдай орын алады. Сондай кезде барлығын туған-туысқанның мойнына іліп қоя бермей, ер адам көмектесуі керек. Өкінішке орай біздің қоғамда мұны батыстан келген нәрсе деп есептейді. Бұл Азияда да бар нәрсе. Жапонияда да, Кореяда да жалпы әлемде бар. Декрет әйеліне мүмкіндігінше көмектессін деп беріледі. Сондықтан бұл мәселені дұрыс түсініп, дұрыс қарау керек. Декрет баланы тудырып, тамақ беру емес. Ол балаға көмектесу, оны аяғынан тұрғызуға жәрдемдесу. Қазақстанда заң бар. Әр ер азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып жатады. Менің байқағаным көбінесе әскери саладағы ер азаматтар,  тәртіп сақшылары көп қолданып жатыр. Себебі олардың басқаша демалысқа шығатын мүмкіндіктері болмай жатады. Бұл заңды қолданып, балалардың қасында отырамыз деген негізі дұрыс.

– Соңғы жылдарда отбасы құндылықтарын дәріптеуде, бала тәрбиелеуде әке ұғымы әлсіреп кетті. Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Статистикалық мәлімет бойынша 6,6% әке баласына күніне 15 минут  уақытын бөледі екен. Сондықтан әр түрлі зерттеулерге қарайтын болсақ, шынымен де әкелердің балаларымен қарым-қатынасы,  аналардың балалармен қарым-қатынасындай емес. Мұның себебі әр түрлі болуы мүмкін. Ер адамдардың  баланы тәрбиелеу, мүмкіндік беру, балаға сабақты оқыту әйелдің мойнында деген ұғым қалыптасып қалған. Ерлер тек қана жұмыс істейді, ақша табады сырттың адамы деп жатады. Бұл ауылды жерде тұрған кезде, ерте кездерде аң аулаған кезде, әйел адам киіз үйде отырған кезде дұрыс еді. Бірақ қазір заман өзгерді. Сондықтан екі жақтап, бірдей баланы тәрбиелеп, балаға көңіл бөлу керек деп есептеймін.

– Елімізде ажырасу мәселесі де белең алып келеді. Жауапсыз әкелерге қатысты не айтасыз?

– Ажырасу мәселесіне келер болсақ өкінішке орай жауапсыз әкелер бар. Жауапсыз әкелермен қазір жұмыс жасау керек. Бұл жерде әрине заңды қолдану керек. Жауапсыз әкелер болмау үшін оларды балалары кішкентай кезінен тәрбиесіне көңіл бөлуі қажет. Бүгінде балаларды көбіне әйелдер тәрбиелеп жатыр. Сонда жауапсыз әкелер қайдан шығатындығы туралы сұрақ туындайды. Өкінішке орай сол жауапсыз әкелерді әйелдер тәрбиелеп жатыр. Сондықтан жауапты әке шығу үшін әкелер де  бала тәрбиесіне атсалысуы міндетті деп білемін.

– Балаға жақсы әке болу үшін не істеу керек? Әкелерге берер кеңесіңіз.

– Жақсы әке болу үшін жақсы адам бола білуі керек. Егер сіз жақсы ер азамат болатын болсаңыз, жүріс-тұрысыңыз дұрыс болатын болса, бала сізге қарап өседі, сізге қарап бой түзейді. Сондықтан біз жақсы әке бола білу үшін, жақсы азамат бола білуіміз керек. Өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Өзіміздің ісімізге, сөзімізге және жүріс-тұрысымызға үлкен мән берілуі керек. Сонда ғана балаларымыз әкемдей болсам екен дейді. Қанша жерден жақсы бол деп, өзіміз соны жасамайтын болсақ,  балалар оны ешқашан істемейді. Бұл өте маңызды. Әкелерге айтарым күніне кем дегенде жарты сағат балаларыңызбен сөйлесіп, әңгімелесіп жағдайын біліп, көңіл бөліңіз. Сонда ғана өскенде бала сізге үлкен проблемалар алып келмейді. Өкінішке орай, әкелер балаларымен істі болғанда, қателескенде, темекі тарта бастағанда, арақ-шараппен жақын болғанда, төбелескенде ояна бастайды. Бұл дұрыс емес, өте кеш. Сондықтан айтар кеңесім, ертерек балаларға көңіл бөліп, тәрбиеге мән берсеңіздер.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: