«Бір-ақ күннің ішінде төсекке таңылып қалған кезім де болды»

30 Қыркүйек 2020, 20:22 6157

Танымал этно-дизайнермен сұқбат

Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдегі көптеген қандастарымыз тарихи Отанына орала бастады. Олардың қатарында бүгінде өзінің кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азаматтарымыз да бар. Солардың бірі этно-дизайнер Қазипа Қалиқызымен әңгімелескен болатынбыз.

 

Қазипа Мұхаметқали көрші Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында туып-өскен. Кейін еліміз егемендікке қол жеткізген тұста қандасымыз Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлайды.

– Бүкіл тарыдай шашылып жүрген шетелдегі кез-келген қазақтың жүрегіндегі ең асыл арманы – атамекенінде өзінің туған халқымен бірге өмір сүру. Сол себепті мен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң елге оралуға шешім қабылдадым. Сөйтіп, әке-шешемнің рұқсатымен әрі сол жақтағы істеп жүрген мемлекеттік мекемелердің біріндегі жұмысымды тастап, 1997 жылы атамекенге біржола көшіп келдім, - дейді Қазипа Қалиқызы.

Ол кезде оң мен солын таныған, арманы асқақ, мақсаты айқын қандасымыздың жасы небәрі жиырма алтыда болған.

– Әлбетте, алғаш келгенде мені теміржол вокзалынан қарсы алатын ешкім болмады. Бір өзім чемоданмен пойыздан түскенде, бірден алдымнан таксистер шықты. «Ой, қош келдіңіздер!», «Қайда бара жатсыздар?», «Қайда апарайық?» деп қазақша сөйлеп тұрған сол кісілерге қарап, қуанып қалған болатынмын. Олардың нағыз қазақи жүрекпен маған бір жылы пейілін танытып тұрғанына тап мені бүкіл Қазақстан халқы қарсы алып тұрған сияқты болып сезілді. Қазақстанға оралған кезді есіме алсам, осы такси жүргізушілері бірден көз алдыма елестейді. Сол арқылы мен барша Қазақ елінің маған деген ыстық ықыласын байқадым. Бәлкім, содан болар, ен бұл жаққа еш бөтенсімей, бірден бауып басып, сіңісіп кеттім.

Қазипа Қалиқызы Қазақстанның азаматтығын елге келгеннен кейін тура үш жылдан соң алғанын айтады. Мұнда ол оқып жүріп, өзінің алғашқы шағын тігін ательесін ашады.

– Көрші Қытай Халық Республикасынан елге келер уақытта әке-шешеміздің қалтамызға салып берген қаржысы да таусыла бастады. Сондықтан шағын бір бөлмелі пәтерді жалға алып, бір тігін машинасымен жеке ательемді аштым. Мен бала кезімнен әртіс болып, сахналарға шығып, ән айттым, би биледім. 7-8 сыныпқа келген кезде қыз баланың айналасындағы нәрселерге өзінің көзқарасы пайда болады. Сол кездері шешемнің дайындап берген киімдерін ұнатпай, оларды шешемнің көмегімен ары қарай өзім сәндеп киінетін болдым. Қытайдың Шанхай қаласындағы университеттердің бірінде киімді кесіп-пішу технологиясы бойынша сырттай білім алған болатынмын. 

Тігіншілікпен айналыса жүріп Қазипа Қалиқызы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түседі.

– Таңнан түске дейін оқимын. Оқудан соң ательеге келіп жұмыс істеймін. Бес тігін машинасы, жанымда бес қыз болды. Солардың жұмыстарын дайындап беріп отырдым. Оларды киімді кезең-кезеңімен тігуге үйреттім. Сол себепті олардың біреуі жағасын тіксе, енді біреуі қалтасын тікті. Бірақ та тапсырыс кейде болмай қалатын сәттер де болады. Сол кезде кәсібіміз тұралап қалмау үшін мен базарға барып, саудагерлермен келістім. Әлі есімде, базарды аралап жүргенде, спорттық аяқ киімдер сататын бір әйелді жолықтырдым. Оның сатылымға шығарған тауарлары аз екенін байқап, қанша табыс табатынын білдім. Содан кейін оған: «Сіз пальто сатсаңызшы» дедім. Сөйтіп, біз бір жылға жуық уақыт базардағы шамамен 14 бутикті киіммен қамтамасыз ететін болдық. Ал киімдерді маусымына қарай ауыстырып отырдық.

Осылайша кәсібін дөңгелетіп жүргенде Қазипа Қалиқызы осы саланың оқуын оқу керектігін түсінеді.

– Осы іспен айналысқандықтан, осы мамандықтың арнайы оқуын оқуым керек болды. Әлбетте, мен теориялық жағынан оқып келгенмен әр өңірдің терминдері бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан мен бір жылдан соң Алматыдағы «Сымбат» сән академиясына «Модельер дизайнер» мамандығына оқуға түстім. Мұнда оқып жүріп, көптеген халықаралық конкурстарға қатыстым. Солардың ішінде «Самая элегантная модель» деген жүлдені жеңіп алдым. Осылайша менің есімім жан-жаққа таныла бастады. Жұлдызым жанды деуге болады. Ал 2001 жылы Азия дауысында менің жеке топтамам көрмеге қойылды. Көптеген мақтау-марапаттарға ие болдым. Осылайша, менің сән саласындағы атақ-абыройым артты десем болады. Сол уақытта Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Иманбаева және т.б. әншілердің тапсырыстары бойынша түрлі концерттік киімдер тігуді қолға алдым. Яғни менің киімдерімді сол кісілер сахналарға киіп шығып өнер көрсетті. Сөйтіп, газет-журналдарда, теледидарларда осы сән, өнер саласындағы алғашқы шетелден келген қазақтардың өкілі ретінде танымалдылығым артты деуге болады. Сондай-ақ, тігін өндірісіміз үлкейді. Ілгеріде айтып өткенімдей, 14-ке жуық бутикті үздіксіз тауарлармен қамтамасыз етіп тұрдық. Сол үшін тоқтаусыз жұмыс жүріп отыруы қажет. Одан басқа тапсырыстар түседі. Тапсырыс болған кезде оны орындап, кейін болмай қалған уақытта тігінші қызметкерлерді таратып жіберуге тағы болмайды. Себебі, өзім өте ұлтжанды адаммын. Қазақстанға келгенде не аламын емес, не беремін деген мақсатпен келдім. Себебі ол жақта соңғы оқуымды оқып жүрген кезде мен Қытайдың ішкі экономикасының қалай дамығанын, реформалардың қалай қалыптасқанын, жалпы экономика қандай даму процесстерінен өткенін, солардың барлығын зерттеген болатынбыз. Менің дипломдық зерттеу тақырыбым Кеңес Одағы оның ішінде Қазақстан болған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жердегі реформа Қытай Халық Республикасының реформасынан мүлдем басқаша болған. Кейін мен осы жайында зерттеп, біраз тәжірибе жинадым. Ақыр соңында мынандай байламға келдім: Қазақстанға мен керекпін. Яғни мен осы жақта алған тәжірибеммен бөліскім келді. Әрине, өзімнің бала кездегі хоббиім - өнер арқылы бір пайдамды тигіземін деген ой болды. Алайда мұнда келгеннен кейін өмір басқаша өрбіді. Бір сөзбен айтқанда, біз жаңадан өмірге келген бала тәрізді болдық. Араласатын ортамыз басқаша. Қоғам басқаша. Жалпы өмір басқа. Сол үшін мен Қазақстанда алғашқы еңбек жолымды осы тігіншіліктен бастадым. Жалпы кез-келген адам бір мақсатпен келеді ғой. Сол сияқты мен осында келгеннен кейін осы тігін өндірісімен айналысып, жағдайымды қалыпқа келтірген соң Қазақстанның тігін өндірісін дамытуға өз ықпалымды тигізсем екен деп мақсат еттім.

Осы орайда айта кетейік, Қазипа Қалиқызы бұл тігін өндірісін қолөнермен байланыстыра білді.

– Қазақ халқында керемет сөз бар. «Әке көрген оқ жоңар, шеше көрген тон пішер» деген. Біз бала кезімізден шешемізден көргенімізді жасадық. Жалпы шетелдегі қазақтардың басты ерекшеліктерінің бірі – осы қазақтың құндылықтарына яғни ою-өрнектеріне аса мән береді. Сондықтан да біз үйде анамыздан, жазғы демалыстарда ауылға барған уақытта туысқандардан тіккен ою-өрнектерін көріп өстік. Шамамен 6-7 жас кезімнен бастап қолыма қарындаш алып, түрлі оюларды сызады екенмін. Сол жақта студент кезімде өзімнің шағын «Әз-Сән» ұлттық үлгідегі шеберханамды аштым. Әлбетте, бұл менің қосымша жұмысым болды.

Содан қандасымыз шеберқол қыз-келіншектерді жинап, өзінің ісін бастап кетеді. Ал 1994 жылы үйдің ішкі бұйымдары бойынша арнайы бір үлкен топтама жасайды.

– Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы көйлектер, тойға жасаулар, түрлі шараларға киетін камзол, шапандар тігіп, 1996 жылы үлкен көрмеге қатыстым. Әлбетте, Қазақстанға келгенде мен сол топтамамды өзіммен бірге алып келдім. Бірақ мұнда табан тірегенде өмір біз ойлағандай емес,ілгеріде айтқанымдай басқаша болды. Сол себепті сол заттарым сол күйі чемоданымның ішінде ашылмай тұрды. Мен қандай жұмыс істесем де, қайда барсам да, менің чемоданымның ішінде қағазым мен карындашым бірге жүрді. Қолым қалт еткен бойда түрлі оюларды сызып жүремін. 

Бір айта кетерлігі, ісмер ою-өрнекті тек сызумен айналыспаған.

– Сондай-ақ барған жерімде көбінесе үйдің ішкі интерьеріне назар салып мұқият қарап жүрдім. Біздің қазақтың ұлттық нақышындағы сапалы үй бұйымдарын, үй текстильдерін жасау менің бала кезден бергі арманым болған. Мінеки, ол тігін өндірісімен өте байланысты болып келеді. Сондықтан мен тігін өндірісін істеп жүріп, қосымша ұлттық үлгідегі ою-өрнекпен безендірілген үй бұйымдарын жасадым. Ал 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде алғашқы рет Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты жеке шығармашылық көрмем болып өтті. Мұнда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай заманауи үлгідегі 25 түрлі тұскиіз картинасы қойылды. Сондай-ақ, 25 метрлік кестелі жол кілемшесі көрермендер назарына ұсынылды. Келесі жылы яғни 2017 жылы бас қаладағы Тәуелсіздік сарайында «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында менің тағы да «Ұлы дала мұрасы» атты көрмемнің екінші бөлімі қойылды. Онда ұлттық үлгідегі жоғары сапалы үй заттарының, перделердің түр-түрі, жастық, көрпешелер және т.б. бұйымдар да қойылды. Соның нәтижесінде мен Мәскеуде, Түркияда, Беларуссияда, Еуропа елдерінде ұлттық бұйымдарды барынша насихаттап жүрдім.

Қазипа Мұхаметқали қазақтың ықылым заманнан бері келе жатқан бай мұрасын әлемнің көптеген халықтарының алдында насихаттауға өз үлесін қосуда.

– Өнер жолы даңғыл болмайды ғой. Әлбетте, оның кедір-бұдыр соқпақтары да болады екен. Өмір жолы да солай екен. Мен тігін өндірісі бизнесім дамып, жоғары деңгейге көтеріліп, киім дизайнері ретінде, кәсіпкер ретінде абыройым артқан уақытта күтпеген жерден бір жол апатына ұшырадым. Сөйтіп,аяғымнан ауыр жарақат алып, бір-ақ күннің ішінде төсекке таңылып қалған кезім болды. Сол жатқаннан мен төрт жылдай жатып, аяғыма төрт рет ота жасалды. Барлық кәсібім тоқтады. Тіпті құлдырады деуге болады. Маған күтім жасауға Қытайдан әке-шешем келді. Әкем мені төрт жыл бойы арқалап жүрді. Шешем болса, жанымда аяғымды сипалап отыратын. Біртіндеп аяғымды басып, бәрі орнына келген кезде әкем дүниеден өтті. Одан кейін шешем дүниеден өтті. Өмір теңіздегі толқын сияқты екен. Кейде жоғарыға көтерілесің, кейде тұншығып, төменге түседі екенсің. Менің де еңсем басылып, төсекке таңылып, терезеге қарап, таңның атқаны мен күннің батқанын сағатпен санап жатқан кездерім болды. Әрине,бірінші Алланың, екінші әке-шешемнің көмегі деп білемін. Енді әке-шеше баласы үшін қашан да өзің құрбан етуден тайынбайды ғой. Оған қоса, енді ел-жұртымның ізгі ниеті, ақ тілегінің арқасында төрт үлкен отадан соң екі аяғымды тең басып жүре алатын жағдайға жеттім.

Бірақ өмірінің бұл кезеңінде де Қазипа Қалиқызы уақытын бос өткізбегенін айтады.

– Аяқталмай қалған оқуларымды жалғастырдым. Расын айтсам, төртінші отадан соң мен аздап есте сақтау қабілетімді жоғалтып шықтым десем де болады. Тіпті бөлмеге әкем кіргенде шешемнен «Бұл кісі кім?» деп сұрайтын сәттер де болды. Бірақ әке-шешем маған ештеңе байқатқан жоқ. Мені тек қана түрлі кітаптар оқумен есте сақтау қабілетімді жетілдіргісі келді. Яғни рухани жағынан дем бергісі келді. Сол уақытта біз «Абай жолы», «Ботагөз» романы сынды сол кісілерге ұнайтын кітаптарды бірнеше мәрте қайталап оқыған болатынбыз. Кейін оқығанымды сол кісілерге әңгімелеп беру арқылы менің есте сақтау қабілетім ақырындап орнына келе бастады. Жалпы мен өзім өте оқуқұмар адаммын. Орыс тілін үйде отырып жалғастырдым. Өзге де оқуларымды жалғастырдым. Ең үлкен қол жеткізген нәтижем бұл ілгеріде айтып кеткен «Сымбат» сән академиясында және Қытайда оқыған киімді кесіп-пішу технологиясын өзара бір-бірімен салыстырып, нәтижесінде "Киімді үш өлшеммен кесіп-пішудің оңай әдісі" деген теориялық шағын кітап жазып шыққан болатынмын.

Жалпы қандасымыз соңғы жиырма жылдан бері осы қолөнер саласымен айналысып келе жатыр. Мұндай өнер сырттай қарағанда оңай болып көрінгенімен, өте күрделі. «Оның ою-өрнегі, оның геометриялық байланысы, оның матамен байланысы, өрнектің тігілу өнері, оның жіппен, матаның түстердің өзара үйлесімділігі өте күрделі процесс. Яғни күрделі технология деп айтсақ та болады», - дейді этно-дизайнер.

– Біздің қазақ халқы өзі төрт түлік малмен бірге жасыл жайлауда табиғат аясында өмір сүргендіктен, біздің ою-өрнектеріміз көбінесе аң-құстардың бейнесімен сәйкес келеді.  Ал енді біздің пайдаланатын түстеріміз яғни жастықтардың бетіне тігілетін ою-өрнектеріміз әртүрлі жіптермен тігіледі. Себебі, біз жасыл табиғат аясында өмір сүргендіктен сондай түстер біздің өмірімізбен тікелей байланысты болып келеді.

Жалпы қазақтың кез-келген ою-өрнегінің жұртқа жеткізетін мән-мағынасы бар.

– Мәселен, үй интерьеріне жататын жастықты айтатын болсақ, қазақта «Төрт түлігін сай қылсын», «Төрт құбылан түгел қылсын» деген ұғым бар. Жалпы осы жастықтың ою-өрнегін ойластырған кезде осы оймен жастықтың сыртын безендіру кезінде шеті қоршалады. Ал жастықтың ішінде кәдімгі орта болады. Ол берекелі отбасы деген мағынаны білдіреді. Байқасаңыздар, қазақ халқы ою-өрнекті жайдан-жай қолдана салмаған. Сондықтан әрбір ою-өрнектің мәні мен мағынасы, сонымен бірге композицияның өзінің айтар ойы бар, - деп сөзін түйіндеді этно-дизайнер Қазипа Қалиқызы.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: