"БИПЭК АВТО" компаниялар тобы басшыларының бірі ұсталды

5 Желтоқсан 2022, 13:21 1075

Астана полиция департаменті іздеу салған Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы ұсталды

Чехия астанасы Прагада Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық Орталық бюросының сұрауы бойынша аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Шығыс Қазақстан облыстық Экономикалық қылмыстар департаменті іздеу салған "АЗИЯ АВТО – БИПЭК АВТО" компаниялар тобы басшыларының бірі ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінен хабарлады, деп жазады El.kz ақпараттық агенттігі.

Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, өткен аптада шетелде жасырынып жүрген бірнеше күдікті ұсталған.

Атап айтқанда, Астана полиция департаменті іздеу салған Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы ұсталды. Ол Испанияда трансұлттық қылмыстық ұйымның құрамында "Questra holdings", "Questra World", "Atlantic Global Asset" ЖШС қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасаған.

Германияның Унтершлайсхайм қаласында Telegram қосымшасы арқылы психотроптық заттарды өткізгені үшін іздеуде жүрген 22 жастағы қазақстандық ұсталды.

Владивосток қаласында Шымкентте жасаған ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттері үшін іздеуде жүрген 36 жастағы қазақстандық ұсталды. Алаяқ автокөлік сатып алушыларға өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, олардың көліктері іздеуде жүргенін айтып алдаған. Мәселені шешу үшін адамдардан ақша алып, кейіннен жасырынып отырған.

"Қазіргі уақытта барлық фигуранттар қамауда, оларды Қазақстанға жеткізу туралы мәселе шешілуде", - делінген ақпаратта.

Жалпы, жыл басынан бері 18 500 интернет-алаяқтық тіркелген. Олар 15 млрд теңгеге залал келтірген, 600 интернет-алаяқ ұсталып, 20 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

EL.KZ
Бөлісу: