Биология пәні қай мамандықтардың «кілті»?

29 Маусым 2015, 10:15

Биология – қазіргі кезде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқаратын ғылымдардың бірі.

Биология – қазіргі кезде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқаратын ғылымдардың бірі. Биология саласы арқылы адамдардың жаратылысы, оның ішкі және сыртқы құрылысы, флора мен фауна әлемі туралы ақпарат алып, медицина саласын терең түсіне аламыз. Адам, жануар, өсімдіктер әлемі атты өмірдің негізгі құраушыларын қамтитын бұл салаға қатысты мамандықтардың да көптеп кездесетіні сондықтан болар. Биология - күрделі сала болғанына қарамастан мектеп бағдарламасына кіріп, ҰБТ кезіндегі таңдаулы пәндердің қатарына енген. 

Ұлттық Біріңғай тестілеу кезеңінде биологияны белгілеген түлектерді таңдау пәні арқылы қандай мамандықтарға баруға мүмкіндіктері бар екені жайлы сұрақ мазалайтыны сөзсіз. Басқа пәнді таңдаған оқушыларға қарағанда биологияны таңдаған түлектің түрлі мамандыққа түсу мүмкіндігі жоғары болады.

Мәселен, таңдау пәні биология болған оқушы  жаратылыстану ғылымына бет бұрғысы келсе, биология, экология, ал техникалық ғылымдар және технология саласы бойынша биотехнология мамандықтарын меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығына байланысты агрономия, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, аңшылықтану және аң шаруашылығы, балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау, топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, өсімдік қорғау және карантин, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) саласы бойынша мейірбикелік ісі, қоғамдық денсаулық сақтау, дәрігерлік емдеу істеріне маманданып шықса, ветеринария саласы бойынша ветеринарлық медицина, ветеринарлық санитария, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) бойынша жалпы медицина, стоматология мамандықтарын меңгеріп шыға алады.

Төменде берілген  салалардың бірін меңгеру үшін биологияның маңызы өте зор.

1.     Вирусология – вирустар туралы ғылым;

2.     Бактериология – бактериялар туралы ғылым;

3.     Микология – саңырауқұлақтар туралы ғылым;

4.     Ботаника – өсімдіктер туралы ғылым;

5.     Зоология  - жануарлар туралы ғылым;

6.     Ихтиология – балықтар туралы ғылым;

7.     Орнитология – құстар туралы ғылым;

8.     Энтомология – жәндіктер туралы ғылым;

9.     Биохимия және молекулярлы биология – жасуша қызметі туралы ғылым;

10.   Генетика – тұқымқуалаушылық туралы ғылым;

11.   Экология – қоршаған орта туралы ғылым;

12.   Цитология – жасушаның құрылымы туралы ғылым;

13.   Анатомия – ағзаның құрылымы туралы ғылым;

14.   Физиология- ағзаның қызметі туралы ғылым.

Түлектер биология пәнін таңдау арқылы еліміздің жетекші С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық,  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Қазақ Ұлттық аграрлық және қазақ қыздар педагогикалық университеттерімен қатар өзге де жоғарғы оқу орындарынан білім ала алады.

 

 Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым 

Бөлісу: