Білімдіге бес сауал/Тұрсын Жұртбай

7 Сәуір 2017, 14:55 10251

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың жауабы 

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, (демеймін ?  Ж.Ж) тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын бәрібір, бірақ жауап қазақ тілімен жазылсын, яки, қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, парсы, яки, орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысына жазылса  да, қол қойылған болып, адресі көрсетілу тиіс, себебі, құдай жеткерсе, бұл туралы жазылған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын. Ол ойымды дұрыс көрсеңіз жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.

Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы

Адрес:

Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,

Шахкариму Худайбердину

(«Айқап». 1912.  №5,  96-бет)

Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сұрақтың мәні мен маңызы қазіргі заманда да артпаса кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділері  мен ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік.  Бұл бес сұраққа алғашқылардың бірі болып жазушы, ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай жауап береді.

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

– Ең алдымен мынаны айтқым келеді. Бұл өте күрделі, сан тарауды қамтитын және жүздеген  терминдердің басын құрап, соның түпкі үйлесімін табуға жетелейтін ұғым. Егер де жекелеп талдап кетсек, бұл сұраққа жауап беру орайында жазылған зерттеулерді тізбелеп шығудың өзіне біраз уақыт кетер еді. Шәкәрімнің  осы   сұрақтарды қоюдағы мақсаты – сол кездің  таным деңгейіне сәйкес дүниенің басты  мағынасын анықтап, түпкі ақиқатына көз жеткізу. Оған жетелеп отырған себеп,  осы дүниенің жан сыры мен жаратылсы мына да болуы мүмкін деген пайыммен жазылған «Үш анық» шығармасы. Ондағы талдаулардың нақты дәлелдері материализм, яғни, позитивизм, миститизм және һақ жолы танымына негізделген. Мен алдыңғы екі уәжге  тікелей уәж келтірмеймін. Ол ұзақ әңгіме және Шәкәрімнің мәтініндегі емеуірін етіп меңзеген, күтіп отырғын жауабы ол ыңғайда емес. Сондықтан да, мен Шәкәрімнің өзі көңіл уәжі еткен үшінші көзқарас  райында, яғни: «Мен де бір жаратқан иемнің пендесімін», деген тұрғыдан жауап беремін.

Әуелі, сұраққа дұрыс жауап беру үшін, сол сұрақтың  мәтінін анықтап алайықшы.  Шәкәрім атамыз: «Әр сұрағыңа тиянақ келтір», яғни, «Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен», – дейді. Меніңше, осы сөйлемде, түп нұсқаны оқу барысында   кеткен бір мәтіндік (текстологиялық) қате бар  сияқты. Өйткені:  «діннен дәлел келтір деймін» – деп нақты талап қойып алады да, «тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен», яғни,  ойыңды қалай білдірсең де өз еркің»  – дейді. Демек осындағы «деймін» деген сөзде  бір кілтипан бар. Себебі,  тек діннен дәлел келтірсе, ол сұраққа діни ілім тәмсілі бойынша жауап берсе, онда қандай ой еркіндігі болуы мүмкін? «Үш анықта» жоғарыда аталған позитивизм, миститизм және хақ жолы үшеуінің де қисындары (теориясы) мен дәлелдері келтірілген.  Демек, бұл сөйлемді:  «Діннен мысал келтір демеймін, ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен», деп  оқыған дұрыс сияқты.  Бұл сұрақты текстологиялық салыстырудан өткізіп, логикалық талдау жасап, анығын анықтаған соң ғана барып қою керек. Өйткені, бұл мәселемен тереңірек айналысқан екенсіңдер, ендеше сұрақтың өзін нақтылап алмай, түпкі мақсатқа жете алмайсыңдар. Шәкәрім  сауалға: түйсікпен, нақты түсінікпен, мәтіннің мағынасы бойынша жауап беруді талап етіп отыр ма?  Әлде, пікіріңе міндетті түрде  дін  рауияттардан  мысал келтір дей ме? Мәселе осында. Сондықтан да, тәмсіл мәселесіне тереңдемей-ақ, Абайды  оқу арқылы түйсінген жайларға сүйене отырып жауап берейін.

Сонымен, бірінші сұрақ: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?». Мұның жауабын Шәкәрімнің өзі  беріп кеткен: «Дүние екі сыпатта жаратылған. Бірінші сыпат – жалпы жаратылыс, яғни, заттық болмыс – он сегіз мың ғалам. Екінші сыпат – ар-ұждан, яғни, рух.  «Үш анықта»: адамның ілім алудағы түпкі мақсаты – ар ілмін игеру» деп жазған. Сондықтан да мен осы сөзді ұстанамын.  Күн сәулесінің шапағаты  қандай мол болса, ар-ұждан ілімін игерудің де жолы сондай нұрлы болмақ. Бұл  – көзге көрінбейтін шексіз және сезімдермен астасқан  ғайып дүниесі.  

Дәлел ретінде, Алла тағалам адамды жаратқан кез туралы айтылған бір  рауиятты  мысалға келтірейін.

Алла тағалам өзінің ғайып әлеміне барлық періштелерін жиып алады да: «Уа, періштелерім! Мынау дүние де бәрі бар және бәрі де келісіммен жасалған. Себепті-себепсіз нәрсе жоқ және соның барлығы игілік үшін жаратылған. Ал енді осы он сегіз мың ғаламға жалғыз ғана нәрсе  жетпей тұр. Ол – ақыл. Ал ақылдың өзі өз бетімен ойлап, дүниенің сырын білгенімен де, оны амалмен жұмсай алмайды. Сондықтан да, осы бір үйлесімді ақылмен билейтін, игеретін  толық амал иесі керек.   Мен  сондай ақыл мен амал иесін жараттым және оның атын «Адам» деп қойдым. Мен оны  өзім жартқан жаратылыстың құрамындағы барлық заттар қамтылған топырақтан жараттым. Бұл Адамның жаратылысы кемел,  оның бойындағы барлық сезім, қиял, ойлау жүйесі тек ізгілікке бағытталады. Мен оған қазір жан бітірем. 0л мына бақиды   гүлдендіреді.  Мынау он сегіз мың ғаламды бау-бақшаға айналдырады», – дейді де періштелерге топырақтан жасалған осы замандағы кәдімгі адам бейнесін көрсетеді. Бас, ми, шәш, көз, құлақ, мұрын, кеуде, жүрек, аяқ, қол,  қан тамыры, барлығы келсіммен жасалған. «Оған қалай жан бітіресіз?» – дейді сонда періштелер.  «Мұның мұрынынан дем салам, сонда алпыс екі тамырын қан қуалайды», – деп жауап беріпті жаратушы иеміз.  Оған барлық періштелер риза болып: «Расында да, мына Адамға ақыл-ой бітсе, онда бұл сіздің  жаратқан құдіретіңіздің нағыз кепілі болады екен. Бірақ жақсылық пен жамандықты айыра ала ма?» деп сұрақ қояды періштелер. Сонда Алла тағала: «Өзіне біткен ақыл арқылы адам жақсылықтың түпкі себепкері мен себебін білуге тиісті», – дейді. «Түпкі себебі сіз екеніңізді (яғни, Жаратушының өзін)  біле ме бұлар?», – дейді періштелер тағыда. «Ақыл-ойымен шын жаратқанның бар екенін білген күні бұлар шын мүмінін  – таза адам болады», – дейді Алла тағала.

Барлық періштелер келісіп тұрған кезде, іштерінен бір періште жақындап барып, адамның кіндік тұсын шертеді  де Алла тағаладан: «Мынаның іші қуыс па?», – деп сұрайды. Жаратушы иеміз сонда: «Иә, қуыс. Оның себебі, бұл адам өз қабілетімен еңбектеніп ауыз арқылы тамақ жейді. Сол тамақты қорытатын осы қарын. Сол қарын тойған кезде бұған тәубә кіреді. Мөлшермен жейтін болады», дейді. Сонда жаңағы періште қарқылдай күліп: «Әй, Жаратушым-ай! Шындығында да кемелді пенде жаратыпсыз. Бірақ, мына іш қуыс тұрғанда, тапқан-таянғанын осы қарынды толтыруға жұмсайды. Ана көз тұрғанда бұл қарынға тойым болмайды. Көзіне көрінгеннің бәрін алсам екен, өзімдікі болса екен дейді.  Сөйтіп, бұл жаратқан адамыңыз, түптің түбінде өсіп-өніп көбейгенде, дүниені бір-бірінен қызғанады. Олар ақылмен, ынсаппен  өзін-өзі билеуді ұмытады. Ақырында қырғын соғыс болады,  кемел өмірді  қиямет-қайымға, яғни, ақиретке – соңғы өмірге әкеп тірейді», – дейді.

Сонда Жаратушым қатты ренжіп: «Онда сен осылармен бірге өмір сүретін боласың. Көресің, олар сенің азғыруыңа  көнбейді. Көнген күні –  мен ақыр заман орнатамын, яғни, соңғы өмірді жоғалтамын», – дейді. Сонымен Алла тағала адамға үрлеп дем салып жан бітіреді. Жаңағы азғырушы періштені үрленген деммен бірге адамның ақыл-ойының ішіне қосып жібереді. Оның атын «Шайтан» деп қойыпты.  Біздің «Шайтан» деп жүргеніміз сол екен.  Менің ойымша, жаңағы шайтанға, яғни, адамның ішіндегі азғырушы күшке ар-ұждан арқылы тиым салу керек. Сондықтан да, Адамның жаратылғаннан кейінгі басты мақсатының бірі – осы ар-ұждан ілімін игеру деп ойлаймын.

– Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

– Ашығын айтсам, ойымды екіұшты етпей,  бұл   сұрақтың жауабын алдыңғы пікіріме сүйеніп қайтарамын.  Менің өз ұғымымдағы басты керекті мәселе, ол – адамның ар-ұждан ілімін игеруі. Сол ар-ұжданды игеру арқылы, бізді жаратқан  Жаратушының бізден күткен аманатын орындаймыз.  Тәпсірлеп айтсақ, ол ілімді игеру деңгейі төрт сатыдан тұрады. Бірінші саты – мағрифат, ағару ілімі. Біз оқу-ағарту ілімі дейміз. Жалпы адам сауатты болу  үшін өзінің жүрегін таза ұстайтындай білімді игеруі шарт. Жүрегің мен илһамыңды тазартатындай деңгейге көтеріліп, сауатың ашылғанға барып  сен шариғаттың сатысына көтерілесің. Шариғат дегеніміз, біз түсініп жүргендей, біздің «заң» деп ұғынып жүргеніміздей тар ұғымды білдірмейді. Шариғат сатысына көтерілген адам он сегіз мың ғаламның, яғни, бүкіл жаратылыс ілмін игеруі керек. Дүние жоқтан барға айналған ықылымнан бастап,  яғни, Шәкәрімнің айтуынша, алғашқы қозғалыс иесінен бастап, осы күнге дейінгі жаратылыстың   барлық болмысының сырын игеру.  Соның бір саласы Ал фиқ – заң соның бір ғана парасы.  Аспан  мен жер әлемі, жалпы мынау дүние ұлы  үйлесіммен жаратылған. Осы үйлесімдердің сырын білу керек. Мысалы, жер өз шеңберінде өз бетімен өзі айналады, өзінен өзі айнала жүріп жылына бір рет Күнді де айналып шығады. Сонымен қоса Күн жүйесінде айналып жүрген қаншама ғаламшарлар бар.  Рауият бойынша, әлемде он сегіз мың ғалам бар делінеді. Жарықтың жылдамдығындай жылдамдықпен өлшей алатын құралға ие ғалымдардың  жеткен жері – осыдан триллиондағын шақырым қашықтықта екінші ғаламның (галактиканың) болуы мүмкін екенін болжау ғана. Ал Алла тағалам он сегіз мың ғалам бар. Сонда, бұл ғаламның шегі қайда? Сондай-ақ,  жерге ұқсас өмір сүру мүмкіндігі бар өзге бір ғаламшарлардың болуы да ғажап емес екен.  Қазірге дейін сондай мүмкіндікке  жеті дене анықталып отыр.  Құрандағы айтылатын, Абайдың: «Ғылыммен дүниенің сырын білген адам – шын мүһмин, таза мұсылман. Кім дүниенің сырын білсе, сол адам – Жаратқан иенің бар екенін де біледі», деуінің мәні осында.

Осынша шексіз дүниедегі триллиондаған ғалам денелері неге бір-бірімен қақтығысып қалмайды, неге Күн мен жұлдыздардың жарығы өшпейді, неге  Күннің жарығы жерді қуартып жібермей, бір қалыпта ұстайды. Ол келісім мен үйлесім – қандай келісім мен үйлесім. Оларды кім ұстап отыр? Сол ұлы күшті  Шәкәрім «нұр» дейді. Адамның жаны жарыққа айналады оларсы-гүрсіні паналайды – деген рауияттық уәж де бар. Жалпы, Адам жаны асыл нұрға айналуы бек мүмкін.  Әйтпесе, неге біз дүниеден қайтқандарға: «Алла тағалам рақым беріп, алдына жарығын түсіре көрсін!», – дейміз. Нұр  – жақсылықтың нышаны. Нұр – иман. Сондықтан да адамға  тіршіліктегі ең керегі  – иман. Иман дегеніміз, ол – ардың жүректе ұюы. Ал кімнің имансыз болғысы келеді?

Мағрифат пен шариғат ілімінің деңгейі, міне, осындай қасиетті ілім жолын қамтиды. Адамға ең керегі – ілім дейтінім де осыдан. Ал үшінші саты – тарихат. Тарихат – танымның жолы.  Төртінші саты –  ақиқат. Ақиқат – хаһтың жолы. Мен бұл арада оларды талқылап жатпаймын. Олар мүлдем басқа кеңістіктегі ұғымның деңгейін қамтиды.

Адамға өлген, соң мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

– Бар. Әр нәрсенің сұрауы бар.Сұраусыз өмір жоқ. «Судың да сұрауы бар» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Ақирет дегеніміздің өзі – мына өмірдің соңы, келесі өмірдің басы – деген сөз. Яғни, фәни – мына өмір аяқталады, бақи – мәңгілік басталады. Ақирет деген сөз –  ақырғы заман, ең ақырғы күн. Одан кейін барып екінші бір болмысқа өзгереміз. Дүние айналып шегіне жеткен күннің өзінде де, дүние онымен  жоғалып кетпейді. Былайша айтқанда, бар нәрсе – жоққа айналмайды, жоқтан – бар пайда болмайды. Қандайда бір түр мен түске, өзге құбылысқа, басқа болмысқа айналатынмыз анық. Ал ол болмыстың өзінің заңдылықтары болуы керек. Сол болмыстың заңдылғына сай өмір сүру үшін біздің де белгілі мөлшерде жауап беруіміз керек. Не оның талаптарына сай келуіміз керек.

Біз жұтып отырған ауаның, яғни, оттегі мен сутегі құрамының, тәніміздің, ой ойлатып отырған ми түйіршіктерінің мүлдем жоғалып кетуі мүмкін емес. Демек, басқа бір құбылысқа айналады. Ал ол құбылысқа мына фәни дүниенің ақырғы күнін басымыздан өткергеннен кейін ғана ие боламыз. Күннің де, жердің де жасау шегі бар. Оның мөлшері қазір анықталып қойды. Қандай күйде, қалай, қайда өмір сүреміз? Онда өмір сүруіміз үшін сол өмірдің, тіпті, бақидың дейік, талаптарына сай болуымыз керек.  Міне, сол талаптарға жауап беру үшін де түрлі сынақтан өтетініміз белгілі. Ғарышкерлердің өзі де сол ғарышқа барып өмір сүру үшін жер бетінде белгілі бір сынақтардан өтеді, емтихан тапсырады. Онсыз ғарышта өмір сүре алмайды.  Демек, «мейлі не жөнімен болсын, не жөнссіз болсын, бәрібір, адамға өлген соң, рахат-бейнет (сауап-азап) бар» деп есептеймін.

Ең жақсы адам не қылған кісі?

– Шәкәрім қажының бұл сұрақтарының барлығы да, бір ойды екінші бір ойға сатылай отырып жетелеп, адамды ақиқатқа алып келудің тәсілі сияқты. Иманы кәміл адам – ең жақсы адам деп ойлаймын. Өйткені, иман – Абайдың айтуынша жүректе ұйыйды. «Иман – жүректе», – деп отырғаны ет жүрек емес, жаныңның ұясы – иманыңды айтып отыр. Ал, иман ұйыған жүректің айнасы таза болуы керек.  Исыламдағы және Абай өлеңдеріндегі көптеп кездесетін «жүректің айнасы», «жүрек тазалғы» деген сөз – осы ұғымды, яғни, иманның тазалғын білдіреді деп ойлаймын. Бұдан басқа да уәж келтіруге болады. Бірақ қысқартып, бір сөзбен айтқанда, имансыз адамның жақсы адам болуы мүмкін емес. Қандай ақыл-ойға ие болсын, бірақ оның иманы таза болмаса, ол адамның жақсы адам болуы екі талай. Сондықтан да, «ең жақсы кісі» – иманды  кісі деп ойлаймын.

  Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

 – Дүние өзгереді.  Себебі, дүниенің өзі қозғалыстан жаратылған және ол мәңгілік қозғалысқа ие.  Ал қозғалыс тоқтаған күні, біз білетін бұл дүние де тоқтайды. Өйткені, қозғалыссыз еш қандай өмір жоқ. Ендеше, сол дүние қайда бет алып барады? Қандай пейілмен, ниетпен дамып барады?  Қара пиғылмен бе, не ақ неиетпен бе? Адамдар осы екеуінің қайсысына қызмет етеді? Мәселе сонда. Мен техникалық себептерге тоқталмай-ақ қояйын. Дүниенің өзгеруіне тікелей әсер етіп отырған жағдай, ол – ғылым. Ендеше, қияметті де, хиқыметті де әкелетін сол ғылым. Хиқымет дегенімізге, мына дүниедегі   біздің ақыл-оймыздан тыс неше түрлі құбылыстар мен сырлар, неше түрлі қастаншықпағыр немесе игілікті істер жатады. Абайдың айтаныны бар ғой: «Ақылды жұмсап, оны адамның игілігіне жарату үшін ғылымның тілін білу керек» деп. Адамның керегіне жұмсалған ғылым – нағыз ғылым.  Абай талдап тұрып айтқан «бақас ғылым» деген ғылым бар. Дүниенің сырын  оңдыратын, дүниені ақыретке жақындататын осы бақас ғылым. Яғни, ғылыми жаңалықтардың бір-бірімен бәсекелесуі – адамдардың бір-бірімен қарама-қарсы келуіне,  күш қолдануына  әкеп отыр.

Мына заманда сол ғылымның хиқыметімен қоса қияметі де басым түсіп отыр. Қазір, еш бір ұлт не мемлекет өзін-өзі дербес билей алмайды, бір ұлт не бір мемлекет өз игілігімен өзін дербес асыраудан қалды. Абайдың айтқанындай, бәрі де «бақас ғылымның» ырқында кетті. Атом ғылымы  – нағыз «бақас ғылымға» айналды. Аспан асты да, жер беті де,  жүрер жол, көрер қызық та, жұтар ауаң да  сол ғылымның шеңгелінде. Сол ғылымның мүддесіне, талабына сай жұмыс жасап жатыр.  Бәсекеге лайықты білім жүйесі мен бәсекеге лайықты ғылым жасау, бәсекеге лайықты мемлекет құру деген ұранға айналды. Яғни, бұл бағыт – бақас бағыт. Бәсекемен өмір сүру. Ал бәсеке тұрған жерде сіздің адамгершілігіңіз де, ар-ұжданыңыз да  ортақ мақсатқа – сіздің ақ ниетіңізге қызмет етпейді. Бұл – ақ ниетті емес, міндетті түрде бақас пиғылды  оятады. Және: ішсем, көрсем, алсам, жесем, менде ғана болса – дегенге еріксіз алып келеді. Өйткені, ішерге – тамақ, киерге – киім болмаса, сен біреуге тәуелдісің. Сондықтан да, бұл заман жеке өзіңнің ағза мен тәнге, ақылға сай тазалығыңнан көрі, тұтыну мүдесіне қызмет етіп барады. Ал ақылдың тұтыну мүддесіне қызмет етуі деген сөз – бұл бақастық. Ал бақастық тұрған жерде бәсіре  мен бәсеке болады. Ондай жерде адамгершілікпен өмір сүрудің өзі – мұқтаждықпен өмір сүру деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да бұл өте қиын мәселе.

 Жаһандану дегеннің өзі – осыған тікелей мәжбүр етіп отырған заман ағымы. Ниетті пейіл емес, пиғыл жеңіп барады. Пиғыл жеңген заман, ол ниеті дұрыс емес заман деп ойлаймын. Сондықтан да күндердің күнінде исі адамзат өмір сүрудің жаңаша бір үлгісін,   ұлттық өмір сүрудің жаңаша бір нормасы мен формасын тауып, өзара адамгершілік келісіміне пәтуаласуы қажет. Оның дауасы – діни білімде деп ойлаймын. Ал діндер осы бетімен бір-бірімен шайқасқа түсіп кете беретін болса, онда шын заман ақырдың болғаны.  Өйткені, дін – өзінің соңынан өзінен басқа еш қандай ақиқатты қалтырмайды. Бұл өте қатерлі, шамкөс, нәзік және киелі сезім деп ойлаймын.

  Атамыздан қалған аманат сұрақтарға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз!

Бөлісу: