Білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арнайы бағдарлама әзірленеді

21 Маусым 2022, 16:57 2662

Бағдарлама аясында жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу қарастырылған.

Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама басталды, – деп хабарлайды El.kzсайты бұл туралы  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Қажетті құжаттар тізімі жергілікті атқарушы органдардың және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжаттар 2022 жылғы 26 ​​маусымға дейін қабылданады.

Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдер тапшылығы немесе білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары жайында. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

– Халықаралық PISA 2018 зерттеуінің және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері басқа облыстардың оқушыларымен салыстырғанда осы өңірлер оқушыларының білімінде алшақтық барын көрсетіп отыр. Осы өңірлердің білім сапасын арттыру және педагог тапшылығы мәселесін шешу үшін үздік мұғалімдерді тарту мақсатында арнайы бағдарлама әзірленді. Педагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-магистр» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтерге конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуына болады, – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті аймақтардың облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылады. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер компьютерлік тестілеуді сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек.

Емтихандар үміткердің таңдауы бойынша өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі. Ал әңгімелесуді министрлік жанындағы Конкурс комиссиясы өткізеді. Комиссия құрамына «НЗМ» ДББҰ, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері кіреді.

Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге 4 апталық біліктілікті арттыру курстары мен курстан кейінгі қолдау шаралары ұйымдастырылады. Оның құрамына онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, Зияткерлік мектептердің зертханаларында жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған тағылымдамалар кіреді.

Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығын өтеу қарастырылған.

Бөлісу: