Білім беру тақырыбындағы 5 фильм

23 Қыркүйек 2015, 11:10

Еl.kz редакциясы білім, тәрбие және мектеп тақырыбындағы фильмдер тізімін ұсынады

Білім және тәрбие тақырыбы бүгінгі қазақ қоғамы үшін өте өзекті екені мәлім. Аталмыш екі ұғымды ешқашан бөліп қарастыруға болмайды, өткені тәрбиесіз білім қоршаған ортаға, қоғамға теріс әсер етуі мүмкін. Бұл заңдылықты ұстанудың қаншалықты маңызды екенін бірқатар фильмнен байқауға болады. Еl.kz редакциясы аталмыш тақырыпты қозғайтын 15 фильмді ұсынады.

1. Император клубы (Императорский клуб/ The Emperor's Club).

Фильмде Уильям Хандерт есімді ұстаздың өмірлік жолы баяндалады. Ол өзінің кәсіби өмірінде Седжвик Бел есімді жас баланың әдепсіз қылықтарына куә болады. Кейіннен ол тәртіпсіз баладан үлгілі оқушылардың біріне айналады, тіпті Мистер Юлий Цезарь байқауына да қатысады. Алайда, байқау барысында Седжвик алаяқтық жасап, дайын жауапты алдын ала біліп алады. Мұны байқаған Уильям шпаргалкада жоқ сұрақты қойып, оған Седжвик жауап бере алмайды.

Араға 25 жыл салып, Седжвик кезінде кеткен ақысын қайтарғысы келіп, Уильям ағайына тағы да сол ойынды ойнауға ұсыныс тастайды. Бұл жолы да теріс амалға жүгінген Седжвикті Уильям байқап қояды да, тосын сұрақты тағы да қояды. Содан соң әлгі ұстаз Седжвикпен әңгімелесіп, оның әділеттілік, моралдық принцип, намыс деген қасиеттерден жұрдай екенін аңғарады. 

2. Жердегі жұлдыздар (Звездочки на земле / Taare Zameen Par)

8 жастағы Ишан Авасти туғанынан өзге балалардан ерекшеленеді. Басқалар үшін оңай тиген нәрсе, ол үшін өте қиын еді. Айнала бұл баланы түсінуден қалады, тіпті ата-анасы да өз баласынан күдер үзе бастайды. Ишан мектептегі емтиханнан 3-рет құлағанда, жаза ретінде оның әкесі баланы мектеп-интернатына өткізеді. Жалғыздық балаға үлкен шок әкеледі. Ол әке-шешесінен айырылғанына бір жағынан өзін кінәләйді, екінші жағынан жалғыз қалдырған ата-анасын кешіре де алмайды.

Күндердің бір күнінде Ишанның өмірінде сурет салу пәнінің уақытша мұғалімі Рам Никум пайда болады. Ол Ишанды түсінетін жалғыз адам болып шығады. Жағдайдың түпкі себебін сезінген Рам қоршаған ортаның балаға деген көзқарасы мен қарым-қатынасын өзгертуге бел буады.

Фильмнің негізгі идеясы әр баланың өзінше ерекше екендігін жеткізуде. Жұрттың бәрі ой-өрісі төмен, үмітсіз деп тапқан бала, ақыр соңында сурет салудың хас шебері болып шығады. 

3. Өлі ақындар қоғамы (Общество мертвых поэтов / Dead Poets Society)

Жеті бала: Нил Пэрри, Тодд Эндерсон, Нокс Оверстрит, Чарли Далтон, Ричард Камерон, Стивен Микс, Джерард Питс – АҚШ-тағы ең беделді академияның оқушылары.   Алайда аты аталған оқушылар өздері білім алатын академияға «Hellton» (сөзбе-сөз аударғанда «тозақ мектеп») деп ат қойып, ондағы білім беру әдісіне көңілдері толмайтын.

Бір күні оларға Джон Китинг есімді жаңа мұғалім келеді. Оның әдістері дәстүрлі ұстаздардікінен мүлдем бөлек. 

4. Хористы (Хористы / фр. Les Choristes)


 
Қиын балаларға арналған мектеп-интернат, қатал тәртіп, бұзық балалар және осы балалардың бұзықтығына әсер ете қойған мұғалім. Мұндай сюжеті бар фильмдер аз емес, бірақ өзге кинолардың бұл туындының айырмашылығы сол, мұнда режиссер өз идеясын көрермендерге әдемі жеткізген. 
Фильмнің басты идеясы – жай ғана адамшылдық пен махаббаттың үлкен белестерге жетелейтіндігін, ең бұзық дегендерді дұрыс жолға қоя алатынын көрсету. 

5. Ақылды Уилл Хантинг (Умница Уилл Хантинг / Good Will Hunting)

Уилл Хантинг – математиканың жаңа облыстарында керемет жаңалықтар ашуға мүмкіндік беретін бірегей интеллектісі бар талантты бала. Оның есте сақтау қабілеті өте жоғары. Алайда мұндай дарынға Уилл немқұрайлықпен қарап, Массачусетс Технологиялық институтында қарапайым жұмысшы болып істейді.

 Бір күні институт профессор Джеральд Ламбо студенттерге өте қиын математикалық тапсырма береді. Ешкім шеше алмайды әрине ол тапсырманы. Ертесіне, аудиторияға ерте келген профессор тақта маңындағы жұмысшы Уиллді көріп, аудиториядан қуады. Содан соң тақтаға жақындап қарағанда кабинетті тазалаушы жас жігіт әлгі қиын есептің жауабын дәл тапқан болып шығады. Сөйтіп профессор қалай да болса жұмысшыны тауып аламын деп жүргенде, Уилл төбелесіп, түрмеге түсіп қалады. Тіпті қылмыстық іс-қозғалып қамалайын деп жатады. Осы кезде профессор барын салып, Уиллді өз жауапкершілігіне алады. Алайда мұнымен бәрі біте қоймайды. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: