Біліктілікті арттыру курстары қалай дайындалады?

7 Қазан 2023, 10:08 8435

Астаналық 4779 педагог біліктілікті арттыру курсын оқыған. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру Астана қаласы филиалының директоры Азамат Бекіш айтты. Ол сондай-ақ курс бағдарламасы қалай дайындалатыны, педагогтер үшін қандай пайдасы бар екенін мәлімдеді.

- Азамат Әбілқайырұлы, біліктілікті арттыру курстарының педагогтарға әсері қандай? Курстан өткен ұстаздар не үйреніп шығады?

- Біздің педагогтар курс барысында өз білімдерін жаңартып қана қоймай, сонымен қатар, негізгі кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады. Курстан кейін ұстаздар жаңа педагогикалық идеяларды қолдана отырып, жүйелі жұмыс жүргізуді үйренеді. Қазіргі білім беру стандарты мұғалімнің жеке және іскерлік қасиеттеріне назар аударады. Сондықтан курс барысында қарастырылатын өзекті мәселе – ол мұғалім қандай құзыреттерге ие болуы керек және бұл құзіреттерді қалай қалыптастырамыз деген сұрақтарға бірге жауап іздейміз. Сондай-ақ курс кезінде бақылау-бағалау дағдылары дамиды. Яғни, біздің курсқа келіп мұғалім өзінің іс-әрекеттерін талдайды. Әрбір ұстаз ең алдымен оқыту мен тәрбиелеудің қойылған міндеттерін іске асыру барысында өзінің қол жеткен жетістіктері мен сәтсіздіктерін қарастырады. Әртүрлі ситуациялық жағдайларда дұрыс шешім қабылдады ма, өзіне баға береді. Сабақ өту барысында болған қиындықтар мен сәтсіздіктер талданады.

- Курстың мақсаты қандай?

- Негізгі мақсат – педагогтердің негізгі кәсіби құзыретін дамыту, ынталандыру, мотивациялау және әдістемелік қолдау көрсету. Сондай-ақ, мұғалімдердің кез-келген тақырып аясында қызығушылығын арттырып, қай бағытта қолдау алғысы келетінін анықтап, нақты қажеттіліктерді білу.

- Курстың бағдарламасын кімдер дайындайды?

- Филиалдар білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, келісуге және бекітуге қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес әзірлейді. Әрбір филиалда сараптамалық кеңес бағдарламаға ішкі сараптама жүргізеді. Содан кейін республикалық оқу-әдістемелік кеңес тексереді. Академиялық кеңестің білім беру бағдарламалары жөніндегі комитетінің сараптамасына жіберіледі. Ең алдымен, мақсатты аудитория арасында мониторинг жүргізіледі. Мазмұндық модульдің тақырыптық құрылымы анықталады, библиография зерттеледі. Курстың тақырыбы мен мазмұнының өзектілігі анықталады. Курстың мақсаты мен міндеттері нақтыланады. Курстан кейінгі сүйемелдеуді бағалау және жүргізу жоспары құрылады. Бағдарламаларды әзірлеу білім берудің заманауи тенденциялары мен педагогикалық қызметке қойылатын талаптарды ескеріп жасалады.

- Курста қандай тақырыптар қамтылған?

- Біріншіден, курстар мектеп бағдарламасының күрделі тақырыптарын оқытуда әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған. Яғни, тыңдаушылар әр пәннің ерекшелігінде проблемалық аймақтарды бірлесіп қарастырады. Барлық білім беру бағдарламалары оқуға арналған негізгі модульдерді қамтиды. Командалық жұмыс істеуді, теорияны, нақты тәжірибені, рефлексияны қамтиды. Осылайша, барлық курстар мұғалімнің пәндік білімін дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар, критикалық ойлау қабілетін дамыту үшін құрылған.

- Қазір заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманы. Онлайн білім алудың дамып жатқан уақытында өмір сүріп отырмыз. Курсты онлайн платформада жасау жоспарда бар ма?

- Өрлеу институты алғашқылардың бірі болып тыңдаушыларды онлайн және қашықтықтан оқытуға көшу практикасын жүзеге асырды. Мұнда барлық курстар жүктелген. Әрбір тыңдаушының онлайн оқыту мүмкіндігі бар. Бюджеттік курстар онлайн форматта өтеді. Олар жоғары сапалы қарым-қатынас пен тиімділік беретіндіктен, мұндай курстардың эмоционалды позитивті фоны туралы айту мүмкін емес. Қазіргі уақытта орталықта біздің тыңдаушыларды курстан кейінгі сүйемелдеу үшін автоматтандырылған виртуалды платформа жұмыс істейді. Мұнда курстан кейінгі сүйемелдеу аясында тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдерді біріктіретін виртуалды форум құрылды. Форумда әрбір педагог қызықтыратын мәселе бойынша кеңес ала алады. Тәуліктің кез-келген уақытында ақпарат пен материалдармен алмасу үшін әдістемелік кеңістік ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Қоғамдастық педагогтарға жедел әдістемелік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Форум қатысушылары курстың барлық мәселелері бойынша профессор-оқытушылар құрамынан білікті кеңес алады. Практикалық тәжірибе алмасатын және бірлесіп пайдалану үшін зерттеу материалдарын құратын мүдделер жөніндегі шағын топтарда тұрады. Қоғамдастық нәтижелі педагогтарға көшбасшылық алаңын құрады. Сондай-ақ жаңадан бастаған педагогтарға практикалық қолдау көрсетеді.

- Осы курсты өткізу кезінде қандай да бір проблемалар бар ма?

- Мұғалімдерді оқытуда сараланған тәсілді сәтті ұйымдастыру мәселесі бар. Өйткені курсқа әртүрлі деңгейдегі және әртүрлі сұранысы бар тыңдаушылар келеді. Осыған байланысты, қазіргі таңда мониторинг жүргізіліп, зерттеу жұмысы атқарылып жатыр. Біз курс қатысушыларымен диалогқа келіп отырамыз. Біз үшін интерактивтілік өте маңызды. Курстан өткеннен кейін педагогтер өздеріне ұнаған және ыңғайсыз болған тұстарын жазып, пікір қалдырады. Біз осы пікірлер бойынша курс бағдарламасын жетілдіріп отырамыз.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: