26 Қараша 2015, 11:42
Билік легитимациясы — азаматтарға тікелей ықпал ету актісі емес, ол — осы билікті мойындайтын қоғамдық келісім деңгейінде заңды әлеуметтік-саяси ортаны қалыптастыру процесі. Легитимацияның актілері биліктің, оның шешімдері мен іс-әрекетінің маңыздылығы туралы қоғамдық пікірді қалыптастыратын идеологиялық, саяси, құқықгық іс-әрекет болып табылады.
Легитимация — биліктің тұрақты, үздіксіз іс-әрекеті, оның өзіне деген қамқорлығы. Аталмыш ұғым тек биліктік құрылымдарға, билік субъектісіне ғана емес, сондай-ақ олардың акцияларына, шешімдеріне, қағидаларына да таралады. Билік легитимациясы биліктік ықпал ету кеңістігіне, оның шегіне, шекарасына байланысты. Осы ассоциативті кеңістіктің ішінде билік қажетті деп танылып, ал оның шешімдері орындалуға міндетті деп саналады.
Билік өзінің ықпал ету кеңістігін игеру үшін биліктік ықпал ету күшіне ие болуы керек. Бұл күш билік құрушы субъектінің билік ресурстарын: адамдарды басқару өнері ретіндегі саясатты; саясаттың нақтылық дәрежесін; күш пен құралдардың қажетті арсеналдарын пайдалана білу кабілеттілігін; әдістердің ыңғайлығы мен тиімділігін және т.б. қаншалықты игергендігіне тәуелді.
Биліктік ыкпал ету кеңістігі бір мезгілде ассоциацияның соңғы ажырамас құрылымдық элементі, оның атомы болып табылатын құрылымданған және ассоциативті кеңістік болып табылады.
Демократиялық қоғамда — бұл азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие жеке тұлға. Сондықтан да демократиялық қоғамда билік легитимациясы оның құқығын қорғайтын заң шеңберінде жүруі қажет.
Оппозиция билік кабылдаған зандардың легитимділігін, билік өкілеттігінің кеңеюіне қол жеткізетін биліктік құрылымдардағы өзгерістерді, олардың Конституцияға сәйкестігін, олардың қажеттілігі мен дер уақыттық шара екендігін жоққа шығарады, билік пен оны қолдаушылар ұсынған аргументтердің дұрыстығын сынға алады.
Легитимация да, делегитимация да — билік пен оппозиция арасындағы бәсекелестікте пайдаланылатын күрестің әлеуметтік формасы. Бірақ мұндай күрестің кандайы болмасын Конституция шеңберінде жүзеге асуы керек.
Билікке келгеннен кейін билік құрушы субъект өз әрекетін легитимдендіру үшін әртүрлі формалар мен тәсілдерді іздестіреді.
Ол референдумдар өткізіп, өзінің іс-әрекетінде олардың шешіміне сүйенеді, Конституцияға өзгерістер енгізеді, өз өкілеттігінің кеңеюіне қол жеткізуге тырысады, билік құрылымдарын жетілдіреді, заңдар шығарады, өзінің әлеуметтік базасын кеңейту және оппозицияны оқшауландыру, оның әлеуметтік ықпалын әлсірету мақсатында әрқилы әлеуметтік шаралар өткізеді.
Дәурен Өмірәлі