«Бигари»

27 Тамыз 2014, 03:28

«Бигари»

Қазақтардың Мазандаранға келіп қайта табысқан жылы иранның оңтүстігі мен солтүстігіне дейін 1395 шаршы шақырымды бір-бірімен жалғастыратын темір жол құрылысы да сол аймаққа өкше тіреп қалған кезі болатын.

Реза шаһ 1925 билікке келе салысымен иранның төрт тарапын темір жол, тас жол жəне мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарымен қамтамасыз етуді жоспарлап, 1926 жылы темір жол құрылысын бастап, 1936 жылы жобаны іске асырды. Əйгілі Тегеран университетінің де Реза шаһ заманында іргесі қаланды. Содан иранның солтүстігіндегі Бəндер Түрікмен қаласы мен оңтүстіктегі Парсы шығанағы жағалауындағы Бəндер Шаһпур қаласы аралығы бір-бірімен байланысты. Реза шаһ сондай ірі жобаларды жүзеге асыру үшін «Бигари» режимін енгізді. Сол жобаға қазақтар да кіргізілді. Ауылнай «кəдхода», басқа да мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын қолға алған-ды. Қазақтар ол кезде азаматтық ала қойған жоқ-ты, тек қана бір оқиғаның салдарынан үкіметтің көзіне іліккендігі бар екен. Ол жайт былай болған: Бір күні жұмыс жүріп жатқан темір жол бойынан өтіп бара жатқанда бір рельсті бірнеше жұмысшы бірге көтеретінін көрген қазақтар «бұл не өзі,бір адам көтеретін рельсті бірнеше адам болып көтеріп бара жатырсыздар» дегендері бар. Содан екі жақ сөзден сөз қуып, бəстесуге дейін барған. Қазақтар əңгімені созбай-ақ, əрқайсысы бір рельстің алдына тізе бүгіп, рельсті əуелі кеудеге тартып кейін иыққа қарай көтерген екен. Бұны көрген жамағат аң-таң күйде қалған, өздері куə болған жайтты аңыз қылып айта бастаған. Осылайша үкімет мүшелері қазақтарға көңіл бөле бастап, оларды темір жол мен құрылыс жұмыстарына ақылы түрде де, Бигари түрінде де ала бастады. Назабад ауылының ауылнайы қазақтарды темір жолдың Бигари жұмыс түріне нұсқау берген. Жалпы қазақтар оның нұсқауына көнген болса да Рақбай ата қатыспайтынын айтқан. Атаның уəжі «бізде азаматтық жоқ. Сол үшін бигариға, тіпті, үкімет жұмысына бармаймын»,– деп төтесінен ойын жайып салған екен. Ауылнай: «олай болса, сіз де ауылдың мүмкіндіктерін пайдаланып, ауылда тұруға құқыңыз жоқ»,-деп жауабын бірақ қайырған. Ата да «көшіп үйренгенбіз»,- деп сөзді қысқа қайырып, сол күні ауылдан ұзақтау жерге бірақ көше салған. Жалғыз қазақ шаңырағы Назабад ауылынан ұзақтау жерде күркесін салып,түтінін түтетіп, күн көре бастады. Күндер өткен соң ел хабардар болып, сыйлас дос-жарандар, ағайын-туыстар тұрағына барып, не істесек те бірге болайық деген ойларын айтқандар болған. Бірақ саспайтын, асықпайтын, əріден ойлап сөйлейтін ата айтқандарын тыңдап, олардың ұсынысына не бар, не жоқ демепті. Бұндай қысыл-таяң заманда кімге не айтуға болады деген оймен үнсіз қалған шығар. Кім білсін? Күндер алға жылжи түсті.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: