Бибіжамал

16 Қыркүйек 2014, 12:56

Ұмытпайтыным – 1937 жыл, қазан айы еді. Нығметті ұстауға НКВД-нің бірнеше адамы келді. Іске тікелей Л.И. Мирзоян араласты.

       ...Е-е, өтті де кетті ғой. Жас ұлғайды. Қазір көп нәрсені ұмытып та қалдым.  Ұмытпайтыным – 1937 жыл, қазан айы еді. Нығметті ұстауға НКВД-нің  бірнеше адамы келді. Іске тікелей Л.И. Мирзоян араласты. «Нығметті жау десеңдер, бәріміз жау болғанымыз» деп, Нығметті НКВД-нің қолына бермей қарсыласқанынан не пайда, соңынан Мирзоянның өзін де ұстап әкетті ғой. 1939 жылы Қазақстаннан 19 адамды «халық жауы» деп атып жіберді. Соның ішінде менің күйеуім Нығымет  Сырғабеков та бар еді. Дәл атылған күні мені де қамауға алды.

Түрмеге, қазіргі МХҚ мекемесіне бірнеше рет кездесуге бардым. Ойласам төбе шашым тік тұрады. Құдай-ай, оңбай жүдеген. Саусақтары күп болып ісіп кетіпті. Не болған деп сұраймын күбірлеп. Ол күлген болып «үсіп кетті» дейді. Айтайын десе, екі жақтан НКВД адамдары тыңдап тұр. Саусағының көбесіне ине шаншыпты, -деп Бибіжамал апай жанарына келген жасты іркіп қалды, - Ілияс Қабыловты да көрдім. Байғұс төрт табандап еңбектеп бара жатыр екен. Өзі де аяғын сылтып басып жүруші еді. Мүлдем жүруден қалған. Сол еңбектеген күйі:

-  Бибіжамал, көрдің ғой, міне, көрдің ғой,-дегенде, оны аяғаннан жылап жібердім. Шындықты айтқанда, осы күні жақтырмайтындар бар. Мен көргенімді айтып отырмын. Естігенімді айтпайын. Көргеніңізді айт десең міне, айтайын.

Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза емшектегі баласымен, шешесімен «Алжирде» бірге болды. Қиындыққа шыдамай өле салу оп-оңай болатын. Жынданып кеткендер қаншама. Сондай, сондай оқиғалар болған, балам.

Нығмет көп ел аралайтын. Ел басқарған адам әркімнің үйінен дәм тататыны белгілі. «Халық жауына» тамақ берген, «танысы» деп талай бейкүнә кісілер түрмеге қамалды. Мінеки, 1937-38 жылғы «шындықтың» түрі мен сиқы осылай болатын.Тек шындықты жаз. Ал қорқатын болсаң жазба, балам, осыған келісіп алайық.

-  Апай, қорқып қалған халықпыз. Дегенмен қайта құрудың өзі шындықты айтыңдар деп талап етіп отыр, әрине, шындықты жазғанға не жетсін. Жазамыз.

-  Содан түрмеге қамады, 58-статьяның 17-тармағымен «халық жауының әйелісің, қылмысқа қатысың бар» деп 8 жылға соттады да жіберді. Бәрінен бұрын үш баламның тағдыры алаңдатты мені. Күні ертең өзімізді де ұстайтынын сезіп екі баламды, қызым Розаны Қызылжардағы туыстарыма беріп жібердім. Ал үш жасар Екпінді сіңілім Ғаникамал Айтқожина алып кетті. Менің ұтқаным – балаларды қорғап қалғаным. Енді мінеки, үшеуі де ер жетті. Ата-ана болып, ел қатарына қосылғанда «мама, ақылың бар екен, бізді құтқарып, өзің айдауға кеткенің ерлік қой» деп естеріне алып қояды. Құдай-ай, қандай ауыр жылдар еді!

Өткен өмір елесі көз алдына келген Бибіжамал апай қиналып қалмасы бар ма!? Қыздары, ұлдары, немерелері естері шығып маған бір, өткенді еске алып жүрегі ауырған анасына бір қарайды. Бибіжамал апай тынышталғанда оның туған сіңілісі Ғаникамал апай сөзге араласып еді. (Ол кісінің күйеуі Сабыр да 1937-жылдың құрбаны).

-  Мен «Алжир» тұтқыны болғаным жоқ. Амалдап құтылып кеттім.

Әңгімемді сол бір қатерлі жылдан бастайын. Ұйықтай алмадым. Оның үстіне «Жолбарыс» та ұлып қоймады. «Тәйт, әрі жамандық шақырғаны несі?» деймін айғайлап. Мартыновтың өтірік күліп, жымиып тұрғаны ойыма орала берді. Екі-үш күн бойы әлсін-әлсін қарасын көрсетіп, қаракөлеңкеде аудандық кеңсе мен біздің үйдің арасында жүріп алды. Аудандағы НКВД-нің бастығы Мартынов тіпті үйіне келіп, Сабырмен қатар отырып шәй ішіп кетіп жүретін. Сол бәледен, кезінде-ақ қауіптене бастап едім. Байқасам мұндай қауіп Сабырда да бар екен-ау. Бір күні оңашада Сабыр маған: «Ғаникамал, орталықтан суық хабар естідім. Көп адамды қамауға алыпты. Бір бәле басталды. Мен де сау қалмаспын. Балалардың тағдырын ойлап отырмын. Егерде анау-мынау болып кетсе әйтеуір балаларды алып жедел елге қайт» деді. Сонымен «Жолбарыс» ұлығанын тіпті үдете түсті. Құдай-ау, ит екеш ит те сезгіш. Есікті біреу тарсылдатып ұрды кеп. Сабыр орнынан тұрып  жатып: «Жаналғыштар» келді, Ғайныш есікті аш, үйге кіргіз» деді түсі сұрланып. Мен барып есікті аштым. Үйге дастарқанымыздан талай дәм татып жүрген сол баяғы НКВД бастығы Мартынов кіріп келді де:

-  Суық қару болса, тапсырыңыз! Сіз тұтқындалдыңыз,-деді күйеуіме. Тек қана тапаншасын алды да басқа ешнәрсені қарамады. Бала-шағамды бауырыма басып өксіп келіп жыладым. Жолбарыс та үй иесінің біржолата кеткенін біліп ұлысын келіп. Ертесі күні Сабырдың жұмыс орнына барсам, уақытша оның орнына қалған азамат:

-  Сіз де билетіңізді беріңіз!-деп талап етіп тұрып алды. Олармен сөйлесіп, дәлел іздеп ақталам деп ойлама. Партбилетімді алып қалды. Қызметімнен шығарды. Келесі күні Жамбыл облыстық НКВД-сына бардым. Сабырмен кездесуге рұқсат алдым. Қанша жауыз десем де Мартынов күйеуіммен кездесуге мүмкіндік жасады. Сол жерде Сабыр Мартыновтың көзінше:

- Ғайныш, балаларды сақта, елге қайт. Бұл жерде бір күн де тұрма. Сені де ұстайды. Мартынов саған поезға баруыңа көмектеседі, елге қайт,елге қайт,-деп қайталай берді. Әй, заман-ай, күйеуімді тұтқындаса да сол Мартынов әйелінің інісін машинасымен жіберіп, мені поезға салып жіберді. Кішкене Емілім итімді ала кетем деп жылайды. Сонымен Жамбылдың түрмесіндегі Сабырымды бір құдайға тапсырып, үш баламды алып елге қайттым ғой. Әлгі Жолбарыс поезбен жарысып көп жерге дейін өкпесі өшкенше жүгірді. «Қош, қош, Сабыр!» деп кете бардым.

 Қызылжардағы туыстар бізді қарсы алудан қорықты. Не үй жоқ, не күй жоқ, туыс-туғанды сағалаймын келіп. Олар мені аяса да бәрі үрке қарайды. Не қызмет бермейді. Қолда барды күн-көріс үшін сатып күн көрдік. Өзім қашып-пысып Қызылжарда жүрсем, Алматыдағы әпкем Бибіжамалдан хат келіпті. «Халық жауы» деп күйеуі ұсталған соң, Бибіжамалға Алматы қаласынан кетуге мүмкіндік жоқ. Жуық арада өзімді ұстайтын көрінеді. «Балаларды алып кет» деп жылап-сықтап Алматыдан хат жазыпты. Үш баламды туыстарға аманаттадым да әпкемнің балаларын сақтап қалу үшін Алматыға асықтым. Құдай-ау, Алматыға келсем ел-жұрт сондай бұғып қалған. Бәрі көңілсіз. Бүкіл қаланы қорқыныш үйіріп алған. Сонымен түнделетіп, поезбен Бибіжамалдың үш баласын Қызылжарға алып кеттім. Бибіжамалды сол күні-ақ тұтқындап әкетті. Құдайым-ау, не деген қорқынышты уақыт еді. Үш баланың ересегі Роза ғана жыламайды. Қалған екеуі «папа-мама» деп келіп шырылдасын. Сай-сүйегің сырқырайды. Қызылжарға келген соң Москваға Ворошиловтың атына хат жаздым. 6 баланы асырап отырғанымды, аштан қалғанымызды, мамандығым бойынша жұмыс таба алмай отырғанымды жазған едім, көп ұзамай мені Қызылжар саңырау-мылқаулар мектебіне күтуші ретінде уақытша жұмысқа алды. Күні кешегі комсомол қызметкері менің күтушілікке қолымның жетуінің өзі жеңіс болатын. Жылай-жылай оң жақ көзім қайғыдан ағара бастады. Бәрі уақытша, біресе ана жұмыс, біресе мына жұмыс, тұрақты жұмыс бермеді. Бірақ әпкем Бибіжамалдың қызы Роза мен баласы Нариманды әйтеуір жұмысқа орналастырдым. Олар Қызылжардағы ет комбинатында істеді. Жағдайыма түсінген сол уақыттағы жаны ашыған басшылар ақыры мені ет комбинатына күзетші қылып алды. Сөйтіп, 6 балаға соғыс біткенше пана да болдым, ана да болдым. Бибіжамалға 8 жыл беріп, соттап жіберген. Карлагта «Алжирдің» азабын көріп қайтты.

Көз алдымызда жүздеген азамат ұсталып кетті. Мінеки, жеке адамға табынудың кесірі. Күні кешегі біздің еңбегіміз қайда? Мүмкін біз тым сенгіш, аңғал болған шығармыз. Партия, өкіметтің тапсырмасын орындамауды қылмыс санағанмыз да рас. Заман солай болды ғой. Бірақ біз ешуақытта халқымызға қарсы ештеңе істегеніміз жоқ. Қазақ халқының бақытты, білімді, өзгелермен терезесі тең ел болуын көкседік. Қолымыздан келгенше Отанымызға, елімізге қызмет істедік емес пе? Енді мен кіммін деймін іштей егіліп. Бәрібір жастық жалынмен біз істеген жұмыстар тарихта жазылып қалды. Оны бүгінгі жас ұмытпауы керек.

Ал жастардың сенімін толық, қалпына келтіргіміз келсе, біз олармен сөйлесе білейік. Олар бізді тыңдай білсін. Біз де солай болғанбыз. Жасы үлкенді тыңдай білдік.

-  Ғаникамал апай, рас айтасыз, жасы үлкенді тыңдайық. Сіз Қазақстанда колхоздастыру кезеңінде комсомол қатарына өтіпсіз. Ашаршылық кезең есіңізде ме?!

-  Рас айтасың, әңгіменің басын 1937-жылғы зобалаңнан бастадым ғой.

Ендігі 1932-жылғы ашаршылық туралы айтпасам болмас.

Комсомол қатарына өткен соң мен тікелей Қызылжарда пионер ұйымына басшылық жасадым. Ол кезде комсомол комитетінің ролі зор еді. Қазақстандағы Голощекиннің солақай саясаты қайғыға батырды. Бір топ комсомол қызметкерлерін шақырып алып, республикадағы ашаршылыққа байланысты жан-жаққа көмекке жіберді. Мені Қарқаралыға бөлді. Шындығында бізді ұйымдастырып алып барғанмен қолдан келер дәрмен не...

Өзіміз қорықтық. Жұртын тастап кеткен ауылдарға тап болдық. Қарқаралыда өлген кісілерді жеген адамдарды көрдім. Әсіресе бір әйелдің көзі қанталап кеткен. Жас баланың етін жеп отырғанын көріп шошып кеттім. Мен оған қарай алмадым. Күп болып ісіп кеткен сол әйелдің сөйлеуге шамасы жоқ еді. Мінеки, Голощекиннің саясаты! Қазір кейбіреулерге осы әңгімені айтсам, өтірік дейтін шығар. Кезінде айта алмадым. Әлгі әйелді көріп қолым дірілдеп қалды. Осы оқиғаны көргендердің төбе шаша тік тұрды. Сонда барып халық тағдырына байланысты Голощекинге қарсы тұрған азаматтардың наразылығының бекер еместігін түсіндім. Мен осы «командировкадан» аурушаң болып оралдым. Халық қойдай қырылып жатты, шындығымды айтайын, менің сөзіме бүгінгі ұрпақ сене қояр ма екен?. Қарқаралы маңындағы ашаршылықты сөзбен жеткізу қиын. Үйіліп қалған күл-қоқыстардың арасынан сүйек-саяқ жиып жүргендерді көрдім. Бірен-саран тірі қалғандардың көпшілігі әйелдер еді. Себебі отбасын сақтаймын деген ер-азамат жан-жаққа кететін көрінеді. Көпшілігі содан қайтып оралмайды екен. Аш құрсағына түскен ас оларды баудай түсіреді. Бұл қайғылы оқиғаға тосқауыл болатын ұйымдастыру жұмысы Л.И. Мирзоян келгенше нақты бір жолға қойылмады. 1933-жылы жолдасым Сабыр қазіргі Талдықорған облысы, Қаратал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Ашаршылық Жетісудың аймағында жайлаған екен. Ел-жұрт мұның алдында дүрлігіп шекарадан асып кетіпті. Мен мұнда аудандық әйелдер Советін басқардым. Аудандық комсомол комитетінде істедім. Осовиахим ұйымдастырылды. Парашюттен секіру спорты барынша дамыды. Альпинизм республикада мақтауға тұрарлық болатын. Ол кезде комсомол жетекшісі болған екенсің, онда спортпен шұғылдануың керек. Тіпті өлкелік комсомол комитетінің хатшысы Қайсар Таштитовтың өзі спортпен, альпинизмен айналысатын. Альпинистер – Зимин, Сәрсен Бейсенбаев, Н. Тіленшиев сияқты жастардың есімін ол кезде бәрі білетін. Комсомол шыңының атауы сол кездегі комсомол бастамасына байланысты қойылған. Алайда сол бір азаматтар 1937-жылдың зобалаңына ұшырап кеткені қабырғаны қайыстырады-ау.

Жетім қалған балаларды сақтап қалу үшін қолымыздан келгенін істедік. Қызылжардағы жетімханада тәрбиеші болғанымды айта кетейін. Ой, байғұс балалар-ай, жер-жерден жиналған тұл жетімдер көздері жаудырап отырушы еді. Балам, мына кемпір алжыған екен деме, мен шындықты айтып отырмын. Кезінде осындай қиыншылық болып еді десе айтқызбайтын. Көрген қиыншылықты айтпай қалуға болмайды.

Кейіннен күйеуім Сабыр Айтқожин ақталды. Әпкем Бибіжамал Сырғабекова «Алжирде» 8 жыл отырып шықты. Мен балаларға бас-көз болдым. 

Бибіжамалдың қызы Роза: «Ғаникамал тәтеміз болмаса күніміз не болар еді?!» деп осы уақытқа дейін қоймайды! Өз қызым Сәуле Айтқожина Шымкентте, ұлым – әлгі поезбен «Жолбарысты алып кетейік» дейтін – Еміл болса балалы-шағалы, ғылым кандидаты, Қазақстан Ғылым академиясының ядро институтында лаборатория меңгерушісі. Емілді кезінде «халық жауының» баласы деп Қазақстанда оқуға алмады. МГУ-ді, содан соң оның аспирантурасын бітірді. Қызым Алма болса Талғар қаласында Сейфуллин атындағы орта мектепте мұғалім. Күйеу балам Самат Бектемісов Талғарда дәрігер. Оның да әкесі 1937-жылдың зобалаңының құрбаны.

Әлсін-әлсін әңгіме 1937-жылдың шырғалаңына тіреледі. Ашаршылық туралы көзбен көргенін айтқан Ғаникамал апай бір сәт көз жасына ерік берді.

Бибіжамал апаймен келесі күні тағы кездескен едік.

-  Тағы бір есімде қалғанын айтайын. Кесте тігіп, ши өретін бірнеше әйел бірігіп, бір күні Сталиннің суретін кестелеп жасап Мәскеуге салып жіберсек, мына бәледен құтылып, от басы, ошақ қасына оралып, бала-шағамызға жіберетін шығар деп ниетпен қолымыздан келген іскерлігімізді аямадық. Сөйтіп Сталиннің кестеленген суреті дайын болды. Мәскеуге хатпен жібердік. Қайдан, жауап тұрмақ өзіміз уақытымызды асырып елге тірі келгенімізге қуандық. «Күн көсем» дегеніміз өлгенде ғана есімізді жидық.

Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам ұлы Аянды өліп қалған күйінде үш күн құшақтап отырды. Сәкеннен бір, ұлынан екі айырылғаннан аһ ұрғаны есімде. Ой, атама, айта берсем әңгімем көп. Шаршап қалдым. Айтпақшы Нығмет 1957-жылы толығымен ақталып, партиялылығы орнына келтірілді. Ең құрымаса Алматыда бір көшенің атын беруге болар еді-ау...

- Апай, айтыңызшы сіздермен бірге «Алжирде» қанша адам отырды? Есіңізде бар ма? – деп сұраймын да қалта блокнотымдағы фамилияларды Бибіжамал апай есіне алған есімдермен салыстырамын.

- Тәтімова Шәкітай бар ма? Осында, Алматыда Наура деген қызы бар.

Шын аты Нұра. Сәкен Сейфуллин қойған. Назарова Сақыпжамалды жаздың ба? Тағы кім бар еді?! Ұмытылып барады, талайы қайтыс болып кеткен. «Алжирді» қазір Малиновка деп жүр. Басында әйелдердің саны жеті мыңнан асып жығылатын. Кейіннен қаптап кетті ғой. Аклаг, Карлаг, тағы бірдеңке деп аталушы еді. Аклагі – Ақмола лагері, Карлаг – Қарағанды лагері дегені. Ал сондай «лагтар» көп болатын. Есептей бер, қаншама әйел отырғанын. Сиыр да, қой да бақтық. Жылқы да бақтық, кірпіш те құйдық. Қамыс та ордық. Ши тоқыдық. Үй де салдық. Істемеген ісіміз жоқ. Бастықтарымыз да әртүрлі. Жынды сүрейлері де болды, адамгершілігі бар, болып жатқан заңсыздықтарға наразылар да болды. Сол кезде әйелдер лагері болған деп бұрын айта алмаушы едік. Бәлкім он мың шығар, тіпті одан да көп пе, әйтеуір тек қана әйелдер еді. Санын бізге айтады дейсің бе, бастықтар жасыратын. Қаншама өліктерді алып кетті, оны да білмейміз...

Иә, білмейміз! Тергеу тәсілдері орта ғасырдағы инквизицияның азабымен пара-пар болды. Көптеген азаматтар басқа түскен қорлық пен азаптан тезірек құтылу үшін НКВД қызметкерлерінің айтқандарының бәрін бұлжытпай, жазып беруге мәжбүр болғанын қайтерсің. Көбінесе қазақ интеллигенциясына «Жапон империализмінің протекторатының тікелей басшылығымен Қазақстанда Кеңес үкіметін құлату әрекетін жасаған» деп айып тағылған. «Национал-фашист», «халық жауы», «жапонның шпионы» деп жала жабылған. Сол кезеңдердің сот жұмысының кей қыр-сыры белгілі бола бастады. Бұл айла-шарғы көп жыл жасырылып келді. Тергеуге түскендердің көпшілігі азаптаудан қорқып немесе тергеушілердің алдауына көніп «ең қиын қылмысқа» барғанын оп-оңай мойындай салады. Сонымен бірге өзіне жақын жолдастарын да әшкерелеп, көрсетіп беретін болған. Ол кезде сот пен адвокатқа қарағанда прокурордың беделі едәуір жоғары.

Қазақстанда репрессияға ұшырағандардың саны Л.И. Мирзоянның Москваға шақырылып алып тікелей Ежовтың бұйрығымен ұсталғанынан кейін тіпті көбейе түсті. Л.И.Мирзоян республика партия, әдебиет, мәдениет қайраткерлерін тұтқынға алу мәселесіне жол бермей қарсыласқан еді. Ал Л.И. Мирзоянның әйелі Ю.Тевосян заңсыздықтың әсерінен Алматы түрмесінде жынданып кетіп өлді. Кагановичтің өзі НКВД қызметкерлерінің 1937-38-жылғы еңбектеріне баса назар аударып, алғашқы  социалистік елді ең әділетсіз адам басқарып отырғандығы белгілі болса да оған қарсылық білдіретін ешкімде әл-дәрмен жоқ болатын. Отызыншы жылдардағы бүкіл заң системасы жазалау машинасының бөлшектеріндей өз іс-қимылын бұлжытпай орындап, бұл қиянат 1951-жылдан бастап, қайтадан өршіді. Жалпы соттың да, тергеушінің де басты мақсаты «айыпталушыға» қалай да болса қылмысын мойындату керек болды. Ал мойындата алмаса жұмысынан алынады. Екінің бірі. Амал қанша жан сақтау үшін де жазалау шаралары жүзеге асырылатын...

Бұлтартпас дәлелдерді айтып кезінде белгілі орындарда қызмет істеген, қазір құрметті демалыстағы бір азаматпен сөйлесуіме тура келді. 1937-жылғы оқиғаларды еске түсірдім. Бүкіл баспасөздегі көтеріліп жатқан мақалаларды алдына куәлікке тарттым. Репрессияға ұшырап атқалғандардың сала құлаш тізімін жатқа айттым. Олардың отбасына келген зобалаңды түсіндірдім.

-  Жоқ, - деді ол ашулы кейіппен, - «халық жауы» болғаны рас, біз оны аямай, жазалағанбыз, сен «антисоветщиксің», -деп менен бойын аулақ салып ел арасына сіңіп кетті. Анау өңіндегі ызғарды 1937-1951-жылғы жазаға ұшырағандар да көрген шығар деген ой келді маған. Ал бір қызығы оның қасындағы (ол да сол лауазымдағы адам) қарт адам бір қателікті қолмен істегенін үнсіз мойындағандай үн-түнсіз жауап бермей құтылып кетті.

       

"АЛЖИР" естеліктер жинағы/Құрастырушы: Болат Жүнісбеков

Құрастыруға қатысқандар: Әбдірахманова Лауренсия, Жақсыбаева Рахима,

Ергельдинова Жанар, Айағанова Эльмира, Төлепбергнова Гүлнұр.

Бөлісу: