Бибісара Асаубаева жанкүйерлеріне алғыс айтты

31 Желтоқсан 2022, 13:10 999

Жауапкершілік өте зор

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева екінші рет әлем чемпионы атанғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Шахматтан әлем чемпионаты туған елім Қазақстанда өтті. Жауапкершілік өте зор. Чемпиондықты қорғап, екінші мәрте әйелдер арасында блицтен әлем чемпионы атану қолымнан келді. Бұл жолы 13 саны жеңіске әкелді. Блицте осынша ұпай жинап, бірінші орын алдым, - деп жазды шахматшы Instagram парақшасында.

Ол жеңіске жету үшін ең бастысы не қажет деген сұраққа жауап берді. 

Ашығын айтқанда, бәрі - дайындықтан бастап, психологиялық дайындық, жақындарың мен жанкүйерлердің қолдауына дейін. Бұл жолы ғарышқа аттанардай дайындалдым. Анам үздік бапкерлермен жаттығу ұйымдастырды. Күнде күш салып дайындалдым... және ауырдым. Рапид болған күндері дене қызуым түспеді. Көңілім қалды. Бірақ анам маған қажет  қолдау сөздерін аямай, «Сара, блицте қолыңнан келеді!» деді. Солай болды да. Қызық заңдылық: анаң не айтса, сол болады. Солай медаль бұйырды! Шахматтан әлем чемпионаты туған елімде, Қазақстанда өткеніне, алтын "үйімде" қалғанына бақыттымын! - деді Бибісара Асаубаева.

Ол жеңісін әкесі мен анасына арнап, өзіне сенім артқан қазақстандықтарға, шахматшыларға, жанкүйерлерге алғыс білдірді.

Еске сала кетсек, Бибісара Асаубаева Алматыда өткен шахматтан әлем чемпионатында блицтен чемпион атанды. Ол былтыр Варшавада да блицтен әлем чемпионы атанып, рапидтен екінші орын алған болатын. Шахматшы 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанып, бір жыл өткен соң ерлер арасында халықаралық мастер атағына қол жеткізді. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтаған болатын.

EL.KZ
Бөлісу: