Бибігүл Жексенбай: Жаңа инвестициялық кезең – экономика драйвері

29 Қаңтар, 10:50 320

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Осы ретте сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Президент белгілеген басым бағыттардың ішінде инвестициялар тартуға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілеген міндеттері еліміздің жаңа экономикалық және инвестициялық имиджін қалыптастырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Инвестициялардың Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі драйвері ретінде жаңа кәсіпорындар, озық технологиялар және жұмыс орындарын құруда маңыздылғы аса зор. Бүгінгі таңда инвестицияларды тиімді салу үшін Қазақстанның әлеуеті зор. Оған соңғы жылдары еліміздегі жүзеге асып жатқан саяси – экономикалық реформалар кең мүмкіндіктер беріп отыр. Еліміздің жағрапиялық жағдайы да инвестициялық жобалардың стратегиялық маңыздылығын арттыра түседі. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестицияларды тартуға баса назар аударуы да әлемдік көштен қалмай, ширақ қиылдайтын кезең келгендігін тағы бір айқындап отыр, – дейді депутат.

Сондай-ақ депутат ұлттық инвестициялық стратегия шеңберінде инвестициялар тарту жөніндегі қызмет Қазақстан экономикасының басым секторларына бағытталғанын, оларға тамақ өнеркәсібі, пайдалы қазбаларды терең өңдеу, металлургия, химия және мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, туризм тағы басқа салалар кіретінін айтады.

Айта кету керек, экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі әлемнің кез келген елінде өзекті. Дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де шетелдік инвестициялар үшін жарысқа түсті. Елдер инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым бәсекелі жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдап, салық саясатын тиімд жүргізіп, көптеген жеңілдіктер, инфрақұрылымдық шешімдер ұсынады. Өз кезегінде инвесторлар капиталдың сақталуына, заңның үстемдігіне, ашық және жайлы бизнес-ортаға кепілдік беретін елдерге артықшылық береді. Табысты іске асырылған бірқатар реформалардың, инвестициялар тарту және инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізудің арқасында Қазақстан осындай елдер санатына енеді, – деді.

Сенатор инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін инвестиция штабы құрылғанын, соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды деп отыр.

Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту екенін Мемлекет басшысы шегелеп айтты. Жасыратыны жоқ, елімізде инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт алады. Мол қаржысы бар мықты инвесторлар үшін уақыт жоғалту ақша жоғалтумен бірдей. Сондықтан ел Президенті тағы да Үкіметке басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керектігін тапсырды, – деді.

Депутат: «Елдің экономикасын дамытудың бірден бір жолы инвестиция саласындағы жұмысты күшейту қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүр. Жыл он екі ай әлемнің алпауыт елдері, дамыған мемлекеттеріне сапары барысында келіссөздердің дерлігі осы экономикалық байланыстың күре тамыры болар сапалы инвесторлардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне жол ашу. Жахандық деңгейде жаңа технологиялық революция тұсында инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұр. Көштен қалмау үшін, Үкімет, облыс , аудан әкімдерінің белсенділігі мен жауапкершілігі жоғары болу қажет-ақ», деді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: