Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың екіжақты мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің биыл шілдеде Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қос мемлекет басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарының іске асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар алдағы іс-шаралар кестесі бойынша пікір алмасты.
Қазақстан СІМ таратқан мәліметке сәйкес, Елші мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту тұрғысынан екіжақты ынтымақтастықтың жоғары динамикасын, ҚР-ҚХР ынтымақтастық жөніндегі комитет қызметінің осы үдерістегі маңызды рөлін атап өтті.
Лю Бинь екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен қазақ-қытай қатынастары жаңа «алтын 30 жылдықта» табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді.
Қос мемлекет басшыларының уағдаластықтарын тиімді іске асыру және практикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін Қазақстанмен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.