Бейжіңде Наурыз мерекесі тойланды

22 Наурыз 2023, 16:14 1060

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде аталып өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мерекеге Бейжіңдегі қазақ елінің дипломаттары мен олардың отбасы мүшелері, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының және Қазақстан ұлттық компаниялары өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері мен Қытай жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты. 

Салтанатты іс-шара аясында Қытайдағы танымал жазушы, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы депутаты, Абай Құнанбайұлының шығармаларын қытай тіліне аударған қандасымыз Ақбар Мәжит жиналған қауымға ақ батасын берді. 

Елшілік мерекелік концерт ұйымдастырып, онда Бейжіңде жұмыс істейтін дипломаттар мен қазақстандықтардың балаларымен бірге жергілікті қандастар әртүрлі нөмірлермен өнер көрсетті. 

Әртістердің орындауындағы «Наурыз мереке», «Наурыз-Думан» сияқты қазақ әндері, «Балдырған», «Аққулар» сынды билері жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт ойындары көпшіліктің көңілінен шықты. 

Мерекелік жиында көпшілікке арналған ұлттық тағамдардың дастарханы молынан жайылып, Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам – Наурыз көже ұсынылды. 

EL.KZ
Бөлісу: