Бейжің қаласындағы Ичжуан жартылай марафонында алғаш рет 21 адам тәрізді робот 21 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Бұл – роботтардың адамдармен бірге жарысқа қатысқан тұңғыш оқиға ретінде тарихта қалмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Жарысқа DroidVP және Noetix Robotics сынды Қытайдың алдыңғы қатарлы компаниялары шығарған әртүрлі көлемдегі роботтар қатысты. Кейбірі бар болғаны 120 сантиметр болса, енді біреулерінің бойы 1,8 метрге дейін жеткен. Бір компания өзінің роботын адам бейнесіне барынша ұқсатып жасап, оған көз қысу мен жымию қабілетін де қоса енгізгенін айтты. Кейбір қатысушы компаниялар жарыс алдында роботтарын бірнеше апта бойы сынақтан өткізген.
Ұйымдастырушылар бұл шараны кәдімгі жарыс көліктері бәйгесіне ұқсатты, өйткені роботтарды басқару үшін арнайы инженерлік және навигациялық топтар жұмыс істеді.
Роботтар өте жақсы жүгіріп жатыр, қозғалысы да тұрақты. Мен мұны роботтар мен жасанды интеллекттің дамуын өз көзіммен көріп тұрғандай сезінемін, — деді көрермендердің бірі, жасанды интеллект саласының маманы Хэ Сышу.
Роботтардың қасында оларды сүйемелдейтін жаттықтырушылар жүріп отырды. Кейде роботтарға физикалық қолдау қажет болды – жаттықтырушылар оларды қолдап, теңгерімін сақтауға көмектесті.
Кейбір роботтар арнайы спорттық аяқ киім киіп шықты. Бірі — бокс қолғабын киіп, екіншісі маңдайына қытай тілінде «Жеңіске жетемін» деген жазуы бар қызыл байлауыш таққан.
Жарыс жеңімпазы – Tiangong Ultra атты робот болды. Оны Бейжіңдегі адам тәрізді роботтар инновациялық орталығы жасап шығарған. Ол қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтті. Адамдар арасындағы жарыста бірінші орын алған спортшы бұл қашықтықты 1 сағат 2 минутта еңсерген.
Аталған орталықтың 43 пайызы мемлекеттік екі кәсіпорынға тиесілі. Қалған үлесті Xiaomi компаниясының робототехника бөлімшесі мен Қытайдың жетекші адам тәрізді робот өндірушісі UBTech иеленген.
Робот орталығының бас техникалық директоры Танг Цзяннің айтуынша, Tiangong Ultra-ның табысты өнер көрсетуіне ұзын аяқтары мен адам жүгіру тәсілін дәлме-дәл еліктейтін алгоритм айтарлықтай ықпал еткен.
Мақтанып айтқым келмейді, бірақ меніңше, Батыста біздің роботтың спорттағы жетістігіне тең келетін бірде-бір компания жоқ. Робот жарыс кезінде бар болғаны үш рет қана аккумуляторын ауыстырды, — деді ол.
БАРЛЫҚ РОБОТТАР ЖАРЫСТЫ АЯҚТАЙ АЛМАҒАН
Tiangong Ultra сынды бірнеше робот мәреге сәтті жетсе, кейбірі бастапқыда-ақ қиналып қалды. Мәселен, бір робот жарыс басталысымен-ақ құлап, бірнеше минут жерде жатқаннан кейін ғана қайта тұрып жүгіре бастады. Тағы бірі бірнеше метрден соң темір қоршауға соғылып, нәтижесінде оның операторы да құлап түсті.
Қытайда соңғы бір жылда адам тәрізді роботтар марафон шараларында көрініс беріп жүр. Алайда бұл жолы алғаш рет олар адам спортшылармен бір жолда жүгірді.
Қытай үкіметі робототехника сияқты жоғары технологияларға инвестиция сала отырып, экономиканың жаңа қозғаушы күшін қалыптастыруды көздейді. Дегенмен кей сарапшылар роботтардың марафонға қатысуы олардың өндірістік әлеуетін нақты көрсете алмайтынын айтады.
Орегон штаты университетінің профессоры, жасанды интеллект және робототехника саласының маманы Алан Ферннің айтуынша, мұндай жарыстар ерекше «AI жетістіктерін» талап етпейді. Себебі адам тәрізді роботтардың жүгіруін қамтамасыз ететін бағдарламалар бес жылдан астам уақыт бұрын-ақ әзірленген.
Қытай компаниялары негізінен жүру, жүгіру, би билеу сынды қимыл-әрекеттерді көрсетуге мән беріп отыр. Бұл қызықты болғанымен, олардың нақты өндірістік жұмысқа жарамдылығын немесе ақыл-парасат деңгейін көрсете қоймайды, — деді ол.
Ал орталықтың бас инженері Танг Цзян болашақта олардың басты мақсаты — адам тәрізді роботтарды зауыттарға, кәсіпорындарға және кейін тұрмыстық ортаға бейімдеу екенін айтты.
Фото: Xinhua.news