Бейжіңде еліміздің туын Томирис патшайым мен қазақ батыры алып шықты

4 Ақпан 2022, 19:53 3072

ХХIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан командасының туын конькиші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ұстап шықты. 

Олар Бейжің Олимпиадасының түндігі түрілген сәтте тарихи образбен көрінді. Сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының кейпінде елімізді таныстырды. 

Команданың туын алып шыққан спортшылар киген киімде қазақтың ұлттық ою-өрнегі «қошқар мүйіз» бейнеленген. Өрнекті дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп дайындапты. 

Ал дизайнер-модельер Виолетта Иванова Бейжің Олимпиадасында ту ұстаушылардың формасын дайындағаны белгілі болды. Оған дейін аталған дизайнер Жапониядағы жазғы ойындарда да ту ұстаушылардың киімін тіккен еді.  

Ту ұстаушылардың костюмі өз елінің дәстүрі мен мәдениетін паш етуі тиіс. Сондықтан біздің мақсатымыз да осы болды.  Қазақ халқының еркін рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай тарихынан артық ештеңе бейнелей алмайтыны анық. Қазақтың батырлары мен Томирис патшайымы туралы аңыздарды біз де, барша әлем де біледі. Костюмді дайындау кезінде осы бір қызықты оқиғаларды басты назарға алдым, - дейді дизайнер. 

Форма үш ай бойы дайындалған. Оған 20-дан астам шебер жұмылдырылып, 2 конструктор, 4 тігінші, суретші мен 8 кестеші атсалысқан. Киімдегі кестелер алтын, күміс жіптер және моншақтармен көмкеріліп, қолдан тігіліпті. 

baq.kz


Бөлісу: