Бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен салық қалай төленеді?

21 Шілде 2023, 01:32 1209

Салық кодексінің 644-бабымен бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістерінің тізбесі айқындалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістерінің түрлеріне байланысты 5-20 пайыз ставкалары бойынша салықтық шегерiмдер жүргізбестен, төлем көзiнен жеке табыс салығы салынады.

Сонымен бірге келесі кірістер бойынша 10 пайыз ставкасын қолдану арқылы жеке табыс салығы есептеледі:

жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістері;

жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістері;

басшының гонорарлары және (немесе) басқару органы (директорлар кеңесі немесе өзге де орган) мүшелерінің аталған адамдардың осындай міндеттерді іс жүзінде орындаған жеріне қарамастан, өздеріне жүктелген резидентке қатысты басқарушылық міндеттерін орындауымен байланысты алатын өзге де төлемдері;

жұмыс беруші болып табылатын резиденттің немесе бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұруына байланысты оған төленетін үстемақылары;

бейрезидент-жеке тұлғаларға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;

резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері.

Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған тұлғаларға жүктеледі (дара кәсіпкерге, бейрезидент-заңды тұлғаның филиалына, өкілдігіне, бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесіне, резидент-заңды тұлғаға және т.б.).

Сонымен бірге жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны (200.00-нысаны) салық агенті тоқсан сайын, есепті салықтық кезеңдер кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей салық төлеу орны бойынша салық органына тапсырады.

Салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алынған кірістерге салық салу тәртібі

Салық кодексінің 658-бабымен бейрезидент-жеке тұлғаның салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне салық салу тәртібі белгіленген.

Егер Салық кодексімен өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның  салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алынған кірістерінен, салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, жеке табыс салығы 20 пайыз ставкасымен есептеледі.

Сонымен қатар бейрезидент-еңбек мигранттары кірістің салық салынатын сомасынан 10 пайыз ставкамен жеке табыс салығын есептейді.

Егер Салық кодексімен өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.

Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысаны) дербес салық салуға жататын кірістер бойынша бейрезидент-жеке тұлға тұрғылықты жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.

Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.

Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысаны) есепті салықтық кезеңіне есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда бейрезидент-мигрант тұрғылықты жеріндегі салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.

Бұл ретте салықтық кезең ішінде бейрезидент-еңбек мигранты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.

Берік Арманов
Бөлісу: