Бейбіт күннің батырлары

1 Маусым 2023, 13:08 1613

Тілсіз жау – өрт, жойқын жарылыс талай адамның өмірін жалмады. Жалынның өтінде жүрген өрт сөндірушілердің еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Мемлекет бұған баса назар аудара бастады. Оған себеп болған оқиғаның бірі – Тараз іргесіндегі жарылыс еді. Ол кезде алапат жарылыстан  98 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Бір адам хабар-ошарсыз кетті. Олардың дені – жалынға қарсы ұмтылған өрт сөндірушілер еді.

Бұл мамандықтың қыр-сыры жайында өрт сөндірушіден артық ешкім айтып бере алмас. Соның бірі – Мақсат Бакиргалов. Ол өрт сөндірушілердің қызметінің түрлі баспалдағынан өткен. 1996 жылы 5 сәуірде алғаш рет өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрып, еңбек жолын Алматы қаласындағы Жұлдыз шағын ауданындағы 4-өрт сөндіру бөлімінен бастапты. 2016 жылы подполковник шенінде зейнетке шығып, талай жылғы бейнетінің жемісін көріп отыр. Десе де, бұл екі аралық та қаншама ұйқысыз өткен түндер өткенін, жалын мен улы түтіннің, өлім мен өмірдің арасында зыр жүгіріп, қанша адамның өмірі мен дүние-мүлкін сақтап қалғанын, сан мәрте жанкешті әрекетке барғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Өрт сөндірушілерде ар-намыс кодексі бар

Мақсат Бакиргаловтің бойында офицерлерге тән барлық қасиет бар. Салмақты, сөзге сараң, бірақ істің адамы. 2003 жылы лейтенат шенін алған кезде оған инспекторлық қызметін ұсыныпты. Алайда, одан бірден бас тартады. Қауіптен қорықпай, кәсібіне адалдық танытып, өрт пен жалынның ішінде жүруді құп көреді. Басшылық еңбегі мен ерлігін бағалап, аға лейтенант лауазымын береді. Қарауыл бастығына дейін көтеріледі.

2009 жылы капитан болып, бөлім бастықтың орынбасары ретінде қызмет атқарды. Өрт сөндірушілердің былайғы жұрт біле бермейтін ар-намыс кодексі бар екен. Қызығы мен шыжығы, қауіпті жұмыс болғанымен, «өте абыройлы мамандық» деп кез келген өрт сөндіруші кәсібін мақтаныш көреді. Онысы да бекер емес.

Өрт сөндіруші батыл әрі мейірімді болуы керек. Адалдық та – ең басты талаптардың бірі. Апатты пайдаланып, біреудің мүлкіне қол сұғу өрт сөндірушілердің арына түскен кетпес дақпен тең. Әрине, өрт сөндірушінің негізгі жұмысы – адам өмірін құтқару. Жалынды өшіру – одан кейінгі кезектегі іс, – дейді Мақсат Бакиргалов.

Оның айтуынша, қашан қауіпті жұмысқа бойын үйреткенше, жас өрт сөндірушілерге оңай соқпайды. Тілсіз жау мен қара түтінге қаймықпаса да, жанып жатқан ғимараттардың ішінен өліктер мен ауыр жарақат алған адамдарды көру, олардың жан ұшыра айқалаған дауыстарына көндігу қиынның қиыны.

Өрт кезінде бірден адамдар жанып кетпейді. Түтіннен уланады. Тұншығып, дем жетпей өліп те кетеді. Дер кезінде үлгермесең, мүрделер де жанып кетеді. Өрттің дені түннің бір уағында, түнгі 3-те, таңғы төртте болады. Сондықтан өрт сөндірушілер қашанда тілсіз жаумен алысуға сақадай сай болуы тиіс, – дейді ардагер өрт сөндіруші.

«Үш адамды жалынның арасынан алып шықтық»

Ардагер өрт сөндірушіден өткен күндерден естелік сұрадық. Ол өрт сөндірушінің әрбір күні ерлікпен өтетінін айтты. Десе де, есіне бірінші оралған бір естелігін бөлісуді жөн көрді.

Таңғы төрте атқа қондық. Бір жеке үй өртеніп жатыр екен. Құрал саймандарымызды сайлап, жалынның ішіне үш әріптесімізбен бірге қойып кеттік. Мақсатымыз – отқа оранған үйдің ішіндегі адамдарды құтқару. Ол үйде үш адам бар екен. От пен түтіннің ішінен екі адамды құтқардық. Өкінішке қарай, үшінші адам уланып, тұншығып бақилық болып кетіпті. Мүрдесін алып шығып, туыстарына табыстадық, – деп есіне алады Мақсат Бакиргалов. 

Ол мұндай оқиғалардың көп болғанын айтады. Алып шаһар Алматыда өрт сөндірушілерге тыным болмайды екен. Күн сайын дерлік өртпен арпалысқан. Тіпті, бір күнде бес-алты жерден қоңырау шалынады екен. Үйлерді айтпағанда, ірі базарларда жиі өрт шыққанын алматылықтар жақсы біледі. Кейбір жерлерде су көзі болмайды. Суды тасып әкеп, отты ауыздықтауға тура келеді. 

Жастар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. От жаққанда барынша сақтық жасау керек. Өрт сөндірушілер қысы, жазы, қақаған аяздарда да су кешіп жүреді. Мұның да денсаулыққа әсері бар. Көбінің аяқтары қақсайды, ревматизмге шалдығады. Жұмысы қиын әрі қауіпті болған соң, жастардың көбі өрт сөндіруші болудан жүрексінеді. Өйткені, тәуекелі көп мамандық, – дейді Мақсат Бакиргалов.

Ұмытылмас ерлік

Алматыда Арслан Құрманбеков қайтыс болғанын естігенде жүрегім қатты ауырды. Жұмысқа өзім алған едім. Әскерден жаңа келген беті еді. Көп істес болмадым. Екі айдай ғана әріптес болдық. Сол жылы зейнетке шықтым. Өрімдей жас жігіт қыршын кетті. Өрт сөндірушілер бас қосып, жылу жинап, жаназасына қатыстық, - дейді Мақсат Бакиргалов.

Жақында өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков Іле-Алатау табиғи паркіндегі тау баурайында өртті сөндіру үшін жедел топ құрамында борышын өтеп жүріп, қаза тапты. Қаланы өрттен өз кеудесімен қорғады. Өрт сөндіру кезінде тағы бір өрт сөндіруші зардап шеккен еді.

Жас жігіттің ерлігін мемлекет тарапынан еленбей қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамырда арнайы Жарлық шығарды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №7 өрт сөндіру бөлінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" мемлекеттік наградасымен марапатталды. 20 мамырда Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев оны марқұмның отбасына барып, анасына табыстады.

Министрлік атынан И.Күлшімбаев туыстары мен жақындарына көңіл айтып, батыл әрі ержүрек батырды тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.

Арслан – рухы мықты адам, өз ісінің маманы ретінде біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Сіз нағыз ержүрек адамды, хас батырды өсірдіңіз! Рахмет, Сізге!, – деді генерал-майор марқұмның анасына.

Арслан Жолдасбекұлы 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Әріптестері Арсланның жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болғанын ерекше атап отыр. Ол еңбекқорлығы, әділдігі және мамандыққа деген сүйіспеншілігімен елдің есінде қалды.

Алматы тарихындағы ең ірі өрт

Бұдан отыз төрт жыл бұрын 1989 жылғы 20 мамырда  Алматы қаласында тарихтағы ірі техногендік сипаттағы апат  болды. Қаншама үй өртеніп, көп техника қираған еді. Қаза тапқандардың дені – өрт сөндірушілер еді.

Оқиға былай болған еді. «Алматы-2» темір жол вокзалының кіреберіс жолдарында екі маневрлік тепловоздар соқтығысты. Соның салдарынан газ толтырылған  6 цистернаның біреу зақымданып, отқа оранды. Өрттің жалыны екінші газ тұрғын цистернаны қыздырған. Қатты қызу салдарынан газ ақыры жарылған. Жойқын жарылыстың кесірінен өрт үш жүз метрге дейін көтерілген. Таяу маңның бәрі лезде жалынға оранып шыға келді.

Өрт сөндірушілер қол қусырып отыра алмады. Жанқияр ерлік көрсетті. Қаланы тілсіз жаудан қорғау үшін өмірлерін бәске тігіп, газ толтырылған төрт цистернаны  қауіпсіз жерге апарды. Бұл оқиға орына жақын орналасқан үй-жайларды,  қаншама адамдардың өмірін сақтап қалды. Өрт сөндірушілердің табандылығы, батылдығы мен кәсіпқойлығы өртті ақыры жеңіп шықты.

Бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. Алас ұрған тілсіз жау 9 өрт сөндірушінің өмірін қиды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жойқын өртті сөндіру  кезіндегі  жанқиярлық ерліктері үшін: Ильшат Сафарғалиев, Расул Қасымов, Сейіл Әлімтаев, Ислам Абдранов, Фрид Шәріпов, Құралхан Аққулов, Еркін Ысқақов, Владимир Никуленко және Михаил Маликовке  қайтыс болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз Ордені берілген еді.

Жыл сайын 20 мамырда Алматы-2 темір жол вокзалының темір жолында өртті сөндіру кезінде қаза болған өрт сөндірушілерді еске алу құрметіне арналған шарада  жаңадан жұмысқа қабылданған өрт сөндіруші-құтқарушылар салтанатты түрде  ант қабылдайды. Бұл – Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаментінде қалыптасқан дәстүр.  

Десе  де, кәсібінің қауіптілігіне қарамастан, еліне адал қызмет еткісі келетін жастар аз емес. Биыл Алматы гарнизонының  100-ден аса жас қызметкері ант қабылдады. 

Сәкен Арыс
Бөлісу: