Бетін тұмшалап жүргендер жазаға тартылады

2 Қараша 2023, 09:31 20091

Өзбекстанда қоғамдық орындарда бетті тұмшалайтын киім кигендерге айыппұл салынады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қоғамдық орындарда жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін дәрежеге дейін бетін жауып жүру 15-тен 30-ға дейінгі негізгі есептік бірлікті (405-тен 810 долларға дейін) айыппұл салуға әкеп соғады, - деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Тиісті түзетулерге ел президенті Шавкат Мирзиеев қол қойды. Бастаманың мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ Өзбекстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүзеге асырып жатқан «Қауіпсіз қала» жүйесінің тиімдірек жұмыс істеуі.

Ережеде жұмысқа немесе қызметке байланысты, сондай-ақ медициналық себептер бойынша бетті жасыратын киімге рұқсат берілетіні жазылған.

Бұған дейін Мирзиёев заңнамаға көп әйел алуды насихаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді қарастыратын түзетулерге қол қойған болатын.

Айта кетейік, екі ай бұрын азаматтың бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орында киіп жүруге қатысты заң жобася қаралған еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: