30 Маусым 2014, 08:16
Жаңа түскен келінді шымылдық ішінде басына орамал тағып отырғызып, жақын қыз-келіншектерден өзге ешкімді кіргізбейді. Ертеңіне шымылдық ішінде отырған жас келіннің басын, бетін көрсетпей, орамал жауып, екі жағынан екі абысыны сүйеп алып шығады. Келіннің бетін ашуға арнайы келген ақын келінге ата-енесін, үй-ішін, толықтай жырға қосып таныстырып шығады. Олардың беделін маржан жырмен айта отырып, олардың әрқайсысына жекелей сәлем салғызған. Қандай болмасын, беташардағы өлең шумақтары халықтың өнегесінен, әдеп-ғұрпынан көрініс беретіні де шындық.
Бүгінгі күні де беташар жыры әр жерде әртүрлі айтылады. Бір қызығы, сіз бен біз көп жағдайда беташардың той үстінде орындалатынының куәсі болып жүрміз. Өткенге көз жүгіртер болсақ, келіннің бетін өз туған ата-анасының көзінше ашатынын қай жерден көреміз? Ол аздай, бүгінгінің беташарында келіннің бетін орамалмен емес, тормен ғана бедерленген, қай жағынан қарасаңыз да, барлығы анық көрінетін фатамен жамылып шығатын кездер де аз емес. «Беташар» деген сөздің мән-мағынасына барлап көріңізші?! Жас келіннің бетіне ақ орамал жабылғандықтан, ақын домбырасымен ашқанда ғана жиналған туыс-туған келіннің жүзін көру керек. Сол себептен бұл дәстүр «беташар» аталады. Онда бүгінгінің беташарына қандай атау берсек жарасады?.. Жалпы, мұндай салт-жоралғы бізде болған ба? Жоғарыда айтқанымыздай, беташар дәстүрі әр жерде әрқалай орындалатынын ескерсек, қайсысы біздің ұлттық санамызға сәйкес, мәдениетіміздің айнасы бола алады? Барлығымыз да қыз ұзатып, келін түсіріп, ұлан-асыр той өткізіп жатырмыз. Тек оның қандай деңгейде өту керектігін ойлап, бас қатырып жүріп, қалай өту керектігін естен шығарып жатамыз. Мұныңыз бұрыс десек, «ол оңтүстікте солай өтеді» деп реніш білдіретін кездер де жоқ емес. Дәстүрімізді сақтап, көзінің қарашығындай көріп отырған оңтүстік халқына кейде көзқарасымыз да өзгеше өрбиді. Олардың әдет-ғұрпы деп бөлетін салт-дәстүр біздікі емес пе? Әлде атам қазақ дәстүріміз жер-жерде әртүрлі болсын деген бе екен? Жер-жерге бөлінетіндей салт-дәстүріміз, мәдениетіміз тіл білімінде қарастырылатын «диалект» болғаны ма? Олай болса, әрбір жердің жергілікті тұрғындары әр халық болып кеткені ме? Біз ешқашанда бөлінбеген, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын батыр халықтың ұрпағы емес пе едік?! Әдет-ғұрыптарымызды берік ұстанып, дәстүріміздің сабақтастығын үзбей келе жатқан, қызына қырық үйден тыю айтып, келіннің жүріс-тұрысына ерекше мән беретін қазақ деген халықпыз ғой! Қаймағы бұзылмаған халқымыздың дәстүрін бүгін қалпын бұзып алсақ, ертеңгі күніміздің елесі бұлыңғыр болмақ. Әрбір отбасы өз үйінен салт-дәстүрімізді ұстанар болса ғана, қазақ деген халықтың ұрпағы екенімізді мақтанышпен айта аламыз.
«Беташар» деген қасиетті ұғымның қадіріне жете білейік! Келіннің әр қадамынан ұрпағымыздың болашағы айқындалмақ!