Берке хан туралы аңыз

19 Тамыз 2014, 04:24

Берке хан дүниеге келген кезде өз шешесінің де, басқа әйелдердің де сүтін ембей қойыпты. Содан Жошы өзінің бақсы-балгерлеріне көрсеткен екен.

Берке хан дүниеге келген кезде өз шешесінің де, басқа әйелдердің де сүтін ембей қойыпты. Содан Жошы өзінің бақсы-балгерлеріне көрсеткен екен. Сөйтсе, олар: «Бала мұсылман боп туған. Мұсылмандар мұсылман емес әйелдердің сүтін ембейді», - депті. Сөйтіп, Жошы мұсылман әйелді іздеп тауып алып келіпті. Сонда барып, бала оның сүтін еме бастапты.

...Әкесі өлгеннен кейін Берке кәпірлердің арасында жүруге дәті жетпей, Сығанақ шаһарына келеді. Шайхы әл-ғалам Сайф әд-Дин Байазирдің ғибратты қасиеттерін көп естіп, бірнеше жыл бойы әулиелердің діни кемелдігінің ақырғы сатысын меңгеруге жанын салады.

Бір күні хазірет шайхы Берке ханға: «Уа, ұлым менің! Әкеңнің ордасына оралып, билікті қолыңа ал! Құдай тағаланың бұйрығы солай!» - дейді.

Хажы Тархан (Астрахан) уәлаятында Хажы Нияз деген байлығымен аты шыққан адам болған. Сол кісі Берке хан туралы былайша баяндайды:

«Хазірет хан сегіз серігімен Қаракөлден шығып, Дәшті уәлаятына бет алады. Әлгі сегіз адамның әрқайсысы – мың түтіннің қожасы. Қаракөлден шыққан хан Үргенішке келіп, Үргеніштен Сарайшыққа – Алтын Орданың астанасына жол тартады.

Сарайшыққа жеткенше оның қасына бес жүз жамиғат жиналады. Еділдің жағасына дейінгі аралықта төңірегіне 1500 кісі топтасады. Олар Еділ өзенінің жағалауына келіп жеткен кезде Құлазым (Каспий) теңізін өрлей қалың қолмен Құлағу хан келе жатыр деген хабар алады. Берке ханның әскері үрейленіп, бәрі келіп ханға: «Құлағу – ұлы падиша. Оның қосыны көп. Біз азбыз. Оған қарсы шығып, ұрыс қылуымыз жарамайды», - дейді.

Сол кезде Берке ханның қалқаны қапсыз болған екен дейді. Онда бір қой асығы болыпты. Хан оларға былай деп тіл қатыпты: «Мен жорыққа өз ықтиярыммен шыққан жоқпын. Сендер маған иланбай тұрсыңдар. Олай болса, сіздерге бір шарт қоямын. Егер мына асықты қалқанның не дулығаның шошағына тігінен қойсаң, тұрмайды. Сондықтан келісіп алайық. Қазір мен оны қалқанның яки дулығаның шошағына иіріп тастаймын. Сол кезде ол оңқасынан тұра қалса, біліп қойыңдар, онда жауымды жеңемін. Құдайым жеңісті маған берер. Егер асық оңқа түспесе, не айтсаңдар да көнемін».

Сонда әлгі кісілер: «Егер асық оңқа тұрса, кеудемізде жанымыз барында жаһатыңызда боламыз», - деп келіскен болыпты.

Осыдан соң хан асықты шошаққа ұрыпты, асық шошақтың үстіне оңқасынан тұра қалыпты. Мұны бәрі көріп, күмән-күдіктен арылып, жүректері орнына түсіпті. Сөйтіп, Еділ дарияны кешіп өтіп, Құлағу ханның әскеріне қарсы жүріпті.

Берке ханның қарауылдары үлкен төбеге шығады. Сол уақытта Ширван тарапынан будақ-будақ шаң көтеріледі. Олар ханға жау әскерінің шеті мен шегі жоқ деген хабар береді. Бектер тағы үрейленеді. Сонда хан: «Мен мына төбеге шығайын, сендер осы арада қалып, қарап тұрыңдар. Құдай тағаланың құдіретін көресіңдер. Егер жау мені алар болса, тап осы арадан қашып жүре беріңдер», - депті.

Ел мұны қабыл көреді. Хан төбенің басына шығады. Кішкенеден соң төменнен жау әскері көрінеді. Олар лек-легімен тақала береді. Жер қайысқан қалың қолдың шетін болжап білу мүмкін емес. Осы кезде хан қамшысын үш мәрте сілтеп жіберіп, атын тебініп қалып, төмендегі жау жаққы ұмтылады. Алайда ол төбеден төмен түспей жатып, Құдай тағаланың құдіретімен жау әскерінің сапы бұзылып, қаша жөнеледі. Мұны көрген Берке ханның әскері соңдарынан салады. Неше күн бойы жауды қуалап, өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін тұтқынға алып, кейін қайтады.

Кейін бектер тұтқынға түскендерден: «Сіздер төбе басындағы жалғыз кісіден неге сонша қаштыңдар?» - деп сұрапты. Сонда олар:

-  Төбенің басында тұрған кісінің екі жақ қапталында қалың қол тұрды. Біз қанша қарасақ та, ұшы-қиырына жетпедік. Алсытан шеп құрғанымыз содан еді. Төбедегі әлгі кісі бізге қарай ат салғанда, екі қосын әскер де бізде қарай лап қойды, - деп жауап беріпті.

Ежелгі Қазақстан әфсаналары / Жанайдаров, Орынбай;

Алматы : Аруна, 2008

 

Бөлісу: