Берік Уәли Үржар әуежайының жұмысымен танысты

Бүгiн, 04:30 207

Үржар ауданына жұмыс сапарымен барған Абай облысының әкімі Берік Уәли әуежайдың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1978 жылы қолданысқа берілген Үржар ауылындағы әуежайды үш кезең бойынша қайта жаңғырту жоспарланған. 2020 жылы басталған бірінші кезеңде қону жолағы 1500 метрден 2100 метрге дейін ұзартылған. Екінші кезеңде жарық-сигналдық жабдық және бейнебақылау жүйелері орнатылды.

Осындай жұмыстардан кейін әуежайдың сыйымдылығы 100-150 жолаушыға дейін артып, заманауи әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік алды. Қазір терминал сағатына 80-100 адамға дейін қызмет көрсетеді.

Жобаның үшінші кезеңін іске асыру үшін құны 6,9 миллиард теңгеге жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, Көлік министрлігіне бюджеттік өтінім жіберілген. Үшінші кезеңде қызмет көрсету мүмкіндігі сағатына 100-150 жолаушыны қабылдайтын ғимарат салу қарастырылған. Жоба аясында апаттық құтқару станциясы, өртке қарсы су қорын сақтау резервуары, автобустар мен жүк көліктеріне арналған автотұрақ құрылысын салу көзделген.

Облыс әкімі Үржар ауылындағы әуежайды жаңғырту жобасын жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Жазда Алакөлге ұшақпен келетін туристерді ең әуелі қабылдайтын – осы әуежай. Алайда қазіргі жағдайы сын көтермейді. Сондықтан нысанды заман талабына сай жабдықтап, күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет. Тиісті министрлікпен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, - деді облыс әкімі.

Әуежайда аймақ басшысына ауданда жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалар да таныстырылды. Олардың қатарында Үржар ауылында 400 орындық Мәдениет сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 240 орындық балабақша құрылысы сияқты жобалар бар. Бұл ғимараттар тұрғызу үшін жаңа жылу қазандығын салу қажеттігі туындап отыр.

Облыс әкімі бұл жобалардың аудан орталығы тұрғындары үшін аса қажет екенін айтып, жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Асқар Таудай
Бөлісу: