Берік Уәли Абай облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстармен танысты

10 Сәуір, 06:32 331

Абай облысында қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан отырыста өрттің қауіпті кезеңіне дайындық, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы, «Семей орманы» табиғи резерватының басшылары мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы өкілдері баяндама жасады.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, соңғы жылдары облыста орман өрті азайған. Аймақта өрт қаупін азайту мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес Семей қаласы әуежайы базасындағы «Қазавиақұтқару» және Қорғаныс министрлігіне қарасты үш тікұшақ кезекшілікке қойылған.

Облыстағы елді мекендерге жақын жерде 70 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Онда 146 адам еңбек етеді, 75 техника бар. Дегенмен түйткілді мәселелер де жоқ емес. «Семей орманы» табиғи резерватындағы өрт ошақтарын ерте анықтайтын жүйе жаңғыртуды қажет етеді. Бұдан бөлек ескі өрт сөндіру техникаларын есептен шығарып, жаңасын алу қажеттігі туындап отыр. Жиында облыстағы өрт сөндіру бекеттерін жабық ғимараттармен жабдықтау мәселесі де көтерілді.

Отырыста Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Евгений Сургутанов өңірдегі орман шаруашылықтарына жүргізілген тексеріс нәтижесі туралы ақпарат берді.

«Семей орманы» табиғи резерватында 30 орман өртін сөндіру станциясы бар. Көпшілігі талапқа сай келмейді. Жаңарту қажеттігі туындап отыр. Ауа райы жағдайына бақылау жүргізетін метеобекет санын көбейту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өртті ерте анықтауға арналған бақылау мұнараларының кейбірі жөндеуді қажет етеді.

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дәулет Байболатовтың айтуынша, қазіргі таңда 177 тұрақты қызметкер мен 425 маусымдық жұмысшыдан тұратын құрам жасақталған. Дегенмен кадр тапшылығы сақталып отыр. Кейбір станцияларда толық құрам жасақталмаған. Жиында орманшылардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін мекемеге жаңа радио станциялар сатып алу туралы ұсыныс айтылды.

Облыс әкімі өңірдегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды мәселе екенін атап өтті. Аймақ басшысы осы салаға жауапты орынбасары, тиісті басқармалар мен қала және аудан әкімдеріне өрт сөндіру техникасын жөндеу және ғимараттармен жабдықтау мәселесін жергілікті кәсіпкерлермен меморандум түзу арқылы шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: