Беліңіз ауырса, құлағыңызды тартыңыз

27 Шілде 2015, 10:35

Орта жасқа таянған адамдардың көбі ара-арасында ауыр зат көтере қалса болды, «белім ауырады» деп айтатынын жиі естиміз.

Орта жасқа таянған адамдардың көбі ара-арасында ауыр зат көтере қалса болды, «белім ауырады» деп айтатынын жиі естиміз. Иә, біреулер үшін бұл жай сылтау шығар, алайда біреулер үшін бұл ақиқат. Бел аурунының негізгі себебі омыртқа сүйектерінің арасындағы жілік майының тарылуында. Ауру асқынған жағдайда, адам ауыр зат көтермек түгіл, орнынан қозғала алмай қалады. Бұндай жағдайдың алдын-алу үшін күнделікті жаттығулар жасап тұру керектігін бәріміз білеміз, алайда іс-жүзінде оны орындайтындар бірен-саран. Сондай жалқаулау адамдар үшін келесі қызықты әрі жеңіл жаттығу түрін ұсынамыз.

Құлақ қалқанына массаж жасау:

Құлақ қалқанында адам ағзасына емдік әсер етуге болатын көптеген нүктелер бар. Сондықтан, құлағымызды уқалау арқылы ішкі мүшелерімізді қалпына келтіруге болады. Массаждың ұзақтығы 3-5 минут. Күнде кешкі уақытта жасап тұрған абзал. Ыңғайлы орындыққа отырған күйі, бас және сұқ саусақтарымызбен құлақ қалқанының төменгі тұсынан бастап, шеткі жағымен жоғарға қарай, одан соң қайтадан төмен қарай жылжып отырып уқалаймыз. Бұл массажды 5-6 рет жасау керек. Массаж кезінде саусақтарымыз спираль секілді айналмалы қимылдар жасауы керек немесе екі саусағымызбен екі жақтан қысып басу арқылы массаж жасауға болады. Енді дәл осы жаттығуды құлақтың шетіне емес, ортасына қарай жасаймыз. Бұнда да төменнен жоғарға, одан соң қайтадан төменге саусақтарымызды айналмалы қимылдармен жылжытып отырып жасаймыз. Одан соң сұқ және ортаңғы саусағымызбен құлақтың айналасындағы бас терісіне айналмалы қимылдармен массаж жасау керек. Жеті рет алға және жеті рет артқа айналмалы қимылдармен уқалау қажет. Енді алақанымызбен құлақты басымызға қысып, тағы да айналмалы қимылдар жасау арқылы, құлақты 20-30 секундтай уқалаймыз. Егер массаждар дұрыс жасалған болса, құлақ қызарып, жылылық сезілуі керек. Массаждан кейін 10 минуттай тынығуға кеңес береміз.

Білезікке арналған массаж:

Екі алақанымызды 20-30 секундтай бір-біріне ысқылаймыз. 2-3 секундқа қолымызды жұдырық қып түйеміз де босатамыз. Осыны 5-6 рет қайталау керек. Оң қолымыздың бас және сұқ саусақтарымен сол қолымыздың саусақтарын айналмалы қимылдармен уқалап шығамыз. Одан соң оң қолымыздың саусақтарын да сөйтіп уқалаймыз. Әрбір саусақты 5 рет уақалау керек.

Табанға арналған массаж:

Ол үшін сізге беті бүдір-бүдір резеңке кілемше қажет болады. Құмырсқа ізіндей етіп кілемшенің үстінде 30 секундтай жүру қажет. Резеңке кілемшенің үстінде тұрған күйі, бар салмағымызды табанның ұшынан өкшеге қарай және керісінше, өкшеден табанның ұшына түсіреміз. Бұл жаттығу да 30 секунд жасалуы керек. Енді салмақты табанның шеткі тұсынан ішіне қарай түсіру арқылы, табандарымызға массаж жасаймыз. Келесі жаттығуда аяқтарымызды кезек-кезек 20-30 см-ге көтеру арқылы, резеңке кілемшені басуымыз қажет. Жаттығудың соңында тағы да резеңке кілемшенің үстінде 5-10 минуттай ақырын жүріп шығуымыз керек.

Сау омыртқаның кепілі күнделікті жаттығу, болмаса жоғарыда айтылған массаж жасауда екенін ұмытпаңыз.


Дария Жұмалиева

Бөлісу: