Белгілі сарапшы Президенттің іс-сапарларындағы маңызды шешімдер туралы айтты

16 Қараша, 12:07 39

Қазақстан Президенті он күннің ішінде екі мемлекеттік сапар, бір саммитке барды. Арасында Астанада бірнеше бизнес кездесу өткізіп үлгерді. Экономика сарапшысы Айбар Олжаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың шет мемлекеттерге сапарына шолу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

29 қазаннан басталған 10 күндік марафон Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар дивиденд алып келетін болады. Бір аптаның ішінде екі бірдей мемлекеттік сапарға барудың протокол тарихында сирек кездесетін құбылыс екенін ескеріп, Моңғолиядан басталып, Ресей министрін қабылдауға дейін созылған шаруаны саралауды жөн көрдім. Қазақстан басшысы мұның бәрін бекер істеп жүрген жоқ. Әр қадамның артында өзінің себебі, есебі мен мүддесі жатыр.

Ұлан-Батыр, 29 қазан. Өткен айдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Моңғолияға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен барды. 16 жыл бойы Моңғолия Қазақстан президентін қарсы алмаған болатын. Бірінші президент Назарбаев Моңғолияға 1993, 1999, 2008 жылдары үш рет барып келгені есте, - деп жазды сарапшы.

Оның айтуынша, биылғы сапарда Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қойылды. Ол өз кезегінде бизнес-картаға жол ашып отыр. Келіссөздер өте табысты өтіп, тараптар экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келісті. Былтыр арадағы сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға көрсеткен. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар.

"Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық", - деген еді, сапарды түйіндеген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашпақ. Бұл қазақтың ветеринарлық вирусология саласындағы үлкен жеңіс. Сонымен бірге Моңғолияның қазба байлықтарына есік ашылды. Біздің көздеп отырғанымыз боксит еді. Енді отандық инвесторларға Моңғолияда жұмыс істеу жеңілдемек, - деп жазды Айбар Олжаев.

4 қарашада Францияға мемлекеттік сапары басталды.

Франция біздің Еуропадағы ірі досымыз әрі қазақ экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Француз инвестициясының жалпы көлемі келер жылдың басында 20 миллиард долларға жуықтауы тиіс. Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард долларға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткішке тоғыз айда қол жеткіздік. Сапар барысында Президент Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Бүгіндері Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Арасында Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыттар бар. Париж сапары өте тиімді өтті. Біздің делегация жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 24 ведомствоаралық келісім мен коммерциялық шартқа қол қойдырып алды. Және ең бастысы, энергетикадағы болашақ перспективалар нақтыланды. Мемлекет басшысының EDF пен Orano концерндерінің топ-менеджментімен кездесуі көп нәрседен хабар береді, - деп жазды ол.

Президент 6 қарашада Бішкекке барып, Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты.

Болашақта Түркі одағына айналуы тиіс бұл ұйымның біз үшін стратегиялық маңызы зор. Бір жыл бойы еліміз ТМҰ төрағалығын атқарды. Біз онда «TURKTIME!» эгидасын жариялап, түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. "Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді", – деді Президент Тоқаев.

Саммитте Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптаалды. Ортақ түркі кабельдік телевизиясы пайда болады. «Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы» келісімге қол қойылды. Кездесулер легі Астанада да жалғасын тапты. Бұл қазақ халқына не береді? Студенттерге лекция оқығанда, кез-келген табыстың артында коммуникация тұрғанын үнемі еске салып отырамын. Барлық жобалар "кездесу, уағдаласу және сенім орнату" формуласы бойынша жүреді. Өте қарапайым айтсақ, бұл "танысу - табысу -жабысу" циклі. Қазақстан үшін өзінің бар потенциалын пайдалану маңызды. Ол үшін инвестиция, өндіріс, өнімді сататын нарық, арзан шикізат базасы қажет. Яғни, сөйлесу, кездесу, уәделесусіз іс бітпейді. Елің табысты болсың десең, дамылсыз шапқылауға тура келетінін осы он күн анық байқатты, - дейді экономика сарапшысы.

EL.KZ
Бөлісу: