Белгілі этнограф «немере» мен «жиен» атауларына қатысты дауға нүкте қойды

26 Қаңтар, 12:00 11448

Танымал әнші Жанар Айжанова Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында қызы Айжұлдыз Адайбекованың баласын «немерем» деп атап, желіде үлкен резонанс тудырды. Одан кейін әншіден сұхбат алған журналист Дәурен Сейтжанұлы да қыздан туған баланы жиен емес, немере деп атай беруге болады деген видеосын әлеуметтік желіге жүктеді. Қазақы таным-түсінікте қалыптасып қалған туыстық атауларды шатастыру кейбірлеурге ұнамағаны анық. Бұл ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі этнограф-ғалым Болат Бопайұлының пікірін білген еді. 

Этнограф-ғалым, фольклоршы, қазақ дүниетанымына байланысты көптеген кітаптың авторы Болат Бопайұлына арнайы хабарласып, «жиен»  мен «немеренің» ара-жігін ажыратып беруін сұрадық.

Қазақ халқының туыстық, қандастық  қатынасында  қыздан туған ұл мен қыз «жиен» деп аталады. Жиен атанған ұл мен қыздың шешесінің әке-шешесі, аға-бауыры,әпеке-сіңлісі қызынан туған ұл мен қызды «жиен» деп атайды, «жиен» деп шақырады, «жиен» деп таниды. Жеті ата салтын берік ұстанған қазақ халқы жиендік тұқым жалғасуында жеті ұрпаққа дейін әдемі атаумен атай білген, - дейді Болат Бопайұлы.

Мәселен:

1.Қыздан туған ұл мен қыз-Жиен,

2.Жиеннің баласы – Жиеншар.

3.Жиеншардың баласы– Дегеншар.

4.Дегеншардың баласы – Көгеншар,

5.Көгеншардың баласы – Көбеңшар,

6.Көбеңшардың баласы – Тебеншар,

7.Тебеншардың баласы – Өлеңшар деп атаса, 

Сегізінші ұрпағын «қаймана» дейді екен.

Біз бұдан қазақ халқының туыстық тұтастығының тұғыры берік қаланып, берекесі мен сыйластығының және қан тазалығының өте тамаша дәстүрмен жалғасқандығын түсінген үстіне түсінеміз. Әр адамның орны мен туыстық байланысының еш бұзылмай өте жақсы сақталғандығын аңғарамыз. Атам қазақта «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды, жиен не ел болмайды жайлы болса, желке неге ас болмайды майлы болса» деген тәмсіл бар, - деп талдап берді.

Этнограф жиендерге қатысты дәстүрлерді де атап берді.

Ондан сырт «Жиенқұрық» деген тамаша дәстүр бар. Жиен алғаш нағашы жұртына қыдырып келшенде нағашы жұрты жиенге қырық серкеш енші береді. Мал атайды соны «Жиенқұрық» деп атаған. Ал жиен шешесінің барлық туыстарын «нағашы» деп атайды, «нағашы» деп шақырады, «нағашы» деп таниды. Бір ауыз сөзбен тоқ етерін айтқанда ұлдан тұған немере, қыздан туған жиен деп аталады. Оған бола дауласудың да жауласудың да, таласып тартысудың да еш реті жоқ, - деп толықтырды ғалым.

Болат Бопайұлы қазақ халқы ертеде ұл мен қыздан туған ұрпақты ажырату үшін осындай атау бергенін түсіндірді.

Бұл жерде біз бір ұғымды әрі анық әрі қанық біліп алғанымыз жөн болар. Жиен де немере де ұрпақ. Тек қана ұлдан туған мен қыздан туған ұрпақты ажырата білу үшін қолданған жиен, немере атау. Онымен немерені биік , жиенді төмен қойып отырған жоқ. Ұлдан тараған ұрпақ пен қыздан тараған ұрпақтың ара жігін адастырмай біліп , туыстық сыйластықты берік сақтап, қазақ тілінің мағынасын дұрыс қолданып жүру бәрінен маңызды, - дейді этнограф.

Ал журналист Дәурен Сейітжанұлы былай дейді: 

Жақында Жанар Айжановадан сұхбат алған едім. Әңгіме арасында Жанар апа өзінің қызы Айжұлдыздың баласын «немерем» деп айтып қалды. «Немере жаннан тәтті». Соны тыңдаған көптеген адамдар қыздан туған бала немере болмайды, жиен деп айтады деп ұрсып сөйлеп жатыр. Негізі Жанар апа дұрыс айтады. Қазақ өз перзентінен, мейлі ұл не қыз болсын, туған нәрестені немере деп атаған. Бертінде ғана осы атау бұрмаланған. Білмей жүргендерге айтарым, немере жиен деген сөз жоқ. Бұлай деу өте-мөте қате. Сенбесеңіздер, көне мұраларымызды қарап шығып, үлкен кісілерден сұраңыздар, - дейді журналист Дәурен Сейітжанұлы. 

Ол жиен деп айтып, ұл мен қыздың балаларын алалауға болмайтынын атап өтті.

Демек, қыздан туған бала сол қыздың әке-шешесі үшін немере болса, қалған туыстары үшін жиен болып есептеледі. Мысалы, менің қызымның балалары маған немере, басқа әулетім мен туыстарыма жиен болады. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, немере-жиен деп қосақтап айту моральдық-этикалық жағынан да дұрыс емес. Яғни, ұлың мен қызыңды, олардың балаларын алалау боп есептеледі. Жиен деу бауырға тарту емес, керісінше, алыстату сияқты көрінеді. Сондықтан Жанар апаның айтқаны дұрыс. Ол кісі қанша дегенмен қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі, ол сөзден жаңылған жоқ, - деп түйіндеді журналист.

Айта кетейік, соңғы кезде туыстық атауларды шатастыратын немесе мүлдем хабарсыз адамдардың қатары көбейген. Сондай-ақ әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада жасы үлкен қариядан бастап жастарға дейін жеті ата ұғымын білмейтінін жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: