«Беларусьтар ашық және қонақжай халық»

7 Тамыз 2020, 15:10 7780

Елордадағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығы

Қазақстан – татулығы мен бірлігі жарасқан берекелі ел. Мұнда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі ынтымақ пен ауызбіршілікте өмір сүріп келеді. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған еді. Сол сәттен бастап халықтар арасындағы қоғамдық келісім мен толеранттылықты одан сайын нығайтуға барлық этнос өкілдері атсалысып келеді. Солардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығы да бар. Осы орталықтың төрағасы әрі танымал композитор Дмитрий Останькович мәдени орталықтың жұмысы жайлы «El.kz» порталының тілшісіне айтып берді.

Қазақстанда алғашқы «Беларусь» ұлттық-мәдени орталығы 1992 жылы құрылған

Беларусь халқының негізгі отаны – Беларусь Республикасы. Бұдан бөлек олардың бір бөлігі Ресейде, Украинада, Латвияда, Польшада, Канадада және басқа да елдерде өмір сүріп жатыр. Олардың жалпы саны шамамен он миллион адамнан асады. Қазақстанда беларусь халқының көптеген топтары шамамен XIX ғасырдың аяғында пайда бола бастады. Он тоғызыншы ғасырдың жетпісінші жылдары беларусь халқының өкілдері Қазақстанның солтүстік аймақтарына қоныс аудара бастады. арусь халқы көшіп келді. Кейінірек сол өңірге Беларусьтың социал-демократтары да қоныс аударды. Осында көшіп келушілердің келесі толқыны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және 1950 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру уақытында болған еді.

Беларусьтардың Қазақстан территориясында пайда болуының ұзақ тарихы бар. Тың жерлерді игеру кезеңіне дейін қазақ даласы патша немесе Кеңестік режимнің саяси қарсыластары үшін жер аударылғандардың және соғыстан қашқандардың мекені болды. 1831-1832 жылдардағы және 1863-1864 жылдардағы көтерілістерге қатысушылар қырғыз (қазақ) даласына жер аударылғаны тарихтан мәлім. Олар негізінен елдегі қоғамдық-саяси өмірдің дамуы үшін көптеген жұмыс атқарған білімді азаматтар болатын. Мәселен, белгілі этнограф Адольф Янушкевич Қазақстанға таныс. Оның есімімен Нұр Сұлтан қаласындағы көшелердің бірі аталады. Ол 1831 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін «Қырғыз даласына» жер аударылған. Адольф Янушкевич өте көп саяхаттаған. Ол кісі өзі өмір сүрген замандағы қазақтардың өмірі мен мәдениеті туралы өте қызықты мағлұматтар қалдырғаны белгілі.

1939-59 жылдар аралығында жүргізілген халық санағы кезінде этникалық топ 3-4 есеге дейін артқан. 1970-89 жылдары беларусьтар республика халқының 1,5%-ын құраған. Ал 90-жылдары олардың саны Отанына оралуына байланысты айтарлықтай азайды. 2009 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда беларусь этникалық тобының алпыс мыңнан аса өкілі тұрады.

Жалпы елімізде алғашқы «Беларусь» ұлттық-мәдени орталығы 1992 жылы құрылған болатын. Оның негізін қалаушы және алғашқы жетекшісі Павел Атушкевич болды. Арада он жыл өткен соң ұйым Қазақстан Беларуссия қауымдастығы ретінде қайтадан тіркеуден өтті. 90-жылдардың аяғында Павлодар, Өскемен, Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл сынды қалаларда беларусь этно-мәдени орталықтар құрылды. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша тіркеуден өткен мұндай орталықтардың саны біршама артқан. 2014 жылғы ресми ақпараттар бойынша 60295 этникалық беларусь өкілі Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады. Олардың басым бөлігі Қостанай (21 мың адам), Қарағанды (18 мың адам), Ақмола (16 мың адам), Солтүстік Қазақстан (9 мың адам) аймағында өмір сүреді. Ал Нұр-Сұлтанда шамамен 3700-дей беларусь азаматы тұрып жатыр. Сондай-ақ Алматыда – 732, Атырауда – 210, Батыс Қазақстанда – 1,9 мың, Жамбылда – 491, Қызылордада – 95, Маңғыстауда – 248, Түркістанда – 525 (2014) азамат бар.

Елордадағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығы

2013 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығын композитор Дмитрий Останькович басқарады. Ол жиырма жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс береді. Және осы университеттін «Музыкатану және фортепиано» факультетінің деканы.


– Мен шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келдім. Мұнда менің балалық шағым өтті. Бұл – еліміздегі ірі қалалардың бірі. Ал Шымкент – ерекше ұлттық мәдениеттердің мекені болып саналады. Осы қаладағы музыкалық училищені тәмамдадым. Одан кейін Алматыдағы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (бұрынғы Алматы мемлекеттік консерваториясы) аяқтадым. Қазіргі кезде еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын, үш баланың әкесімін. Әйелім де музыкант. Өзім секілді педагогика саласында қызмет етеді, - дейді композитор.

Дмитрий Останькович – Қазақ ұлттық өнер университетінде өтетін дәстүрлі «Самал» жас композитор байқауының ұйымдастырушы.

– Мен он үш-он төрт жыл бойы кафедрада жас композиторлар байқауын өткізіп келемін. Бұл сайысты халықаралық деңгейде де ұйымдастырып жатырмыз. Осы сайысқа әлемдік деңгейдегі ең мықты композиторлар қатысып, бақтарын сынаған болатын. Гран-приді Германиядан келген жас композитор жеңіп алса, бірінші орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті иеленген еді. Мен біздің жас композиторлардың болашағы зор екендігіне кәміл сенімдімін.

Ілгеріде айтқанымыздай, Дмитрий Останькович – кәсіби композитор. Ән жазу – оның негізгі жұмысы. «Бұл іспен мен тұрақты түрде айналысамын. Оны жазуға күнделікті өмірде болып жататын түрлі оқиғалар көп әсерін тигізеді. Сондай-ақ ұлы композиторлардың жақсы музыкасы мен кітаптары, көрнекті суретшілердің суреттері мені жаңа туындыларды жасауға шабыттандырады. Олар кейде позитивті кейде мұңды болуы да мүмкін» дейді ол. Жақында композитор күллі әлемге таралған індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің ерліктеріне ән арнаған болатын.


– Мен жаңалықтардан қазақстандық дәрігерлердің қауіпті пандемияға кезіндегі жұмыстары жайында оқып, олардың батылдығы мен ерлігіне тәнті болдым. Сол уақытта не себепті оларға ән арнамасқа деген ой келді. Осылайша ақ халатты абзал жандарға алғыс ретінде «Посвящение врачам» әнін шығарған болатынмын.

Байқағанымыздай, автор бұл өлеңінде барша әлем күресіп жатқан дертті батыл әрі тәжірибелі мамандардың арқасында женетіндігін сөз етеді. Ал өлеңнің аяғында нұр-сұлтандық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бүкіл сақтық нұсқауларын орындап, ақ халатты абзал жандардың құрметіне орай үйде болғандығын «Біз үйдеміз», «Біз біргеміз» сынды арнайы челлендждерін фотолармен жеткізген.

Дмиртий Останькович – Беларусь Республикасы композиторлар одағының мүшесі.

– Бір күні қолыма Беларусь халқының өлеңдер жазылған кітабы түсті. Мұнда Максим Богдановтың, Якуб Коластың, Максим Танктың және тағы басқа да Беларусь авторларының өлеңдері жазылған. Оларды оқып отырып, ақындардың өлеңдері арнайы әндер үшін жасалған сияқты болып көрінді. Солар бойынша жазған бірнеше ән топтамаларым Беларусь Республикасында жақсы бағаға ие болды. Нәтижесінде маған Беларусь Республикасы Композиторлар одағына кіруге ұсыныс түскен болатын.

Бұл ұлт өзге этнос өкілдері сынды қазақ жеріне түрлі жағдайларға байланысты көшіп келген. Беларусь халқын алдымен Қырғыз даласына жер аударған.

– Менің ата-бабаларым 1930-жылдары бірінші Өзбекстанға кейін Қазақстанға депортацияланды. Өздеріңізде білесіздер, кейін Екінші дүниежүзілік соғысы басталды. Беларусь халқының әр үшінші азаматы осы жылдары көз жұмды. Бұдан кейін тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Осы кезеңде мұнда көптеген беларусь халқы көшіп келген болатын. Мұнда қазақ халқы ата-баларымызды құшақ жая қарсы алып, көмек қолдарын созды. Қазіргі кезде де қай қазақтан көмек сұрасаң да, қолдарынан келгенше жәрдем беруге дайын. Бастысы ешқашан көмек көрсетуден бас тартпайды, - дейді Нұр-Сұлтандағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығының жетекшісі.


Ұлы Отан соғысы кезінде мыңдаған беларусьтар қазақ жерінен пана тапты. Қазақстанда Беларусь мемлекеттік опера және балет театрының шығармашылық ұжымдары қызмет етті. Алматыда Беларусь киносының негізін қалаушылардың бірі әрі режиссер Владимир Корш-Саблин соғыс туралы алғашқы отандық фильмдерін түсірді. Жалпы 1954-1960 жылдары Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Беларусь халқының саны едәуір артқан болатын.

– Елордадағы бұл орталық Беларусь халқының шығу тарихы мен тілін, салт-дәстүрлері мен жоралғыларын, мәдениетін, әдет-ғұрпын көпшілік арасында кеңінен насихаттаумен шұғылданады. Қысқа мерзім ішінде бұл «Радима» этно-мәдени орталығы бірқатар қызықты әрі пайдалы мәдени жобаларды ұйымдастырды. Олардың қатарында көптеген қоғамдық шаралар, патриотизмге арналған түрлі форматтағы сабақтар, дөңгелек үстелдер және т.б. бар. «Радима» беларусь этно-мәдени орталық өз қызметін қазақ және беларусь баспасөздерінде ұдайы жариялап тұрады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығының жетекшісі.

Бастысы олар бүгінде еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. «Мақсатымыз – көпұлтты Қазақстан Республикасында өмір сүретін беларусьтарды рухани бірлік негізінде біріктіру, ана тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу» - дейді Дмитрий Останькович

“Беларусьтар – ашық және қонақжай халық» дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Радима» беларусь этно-мәдени орталығының жетекшісі Дмитрий Останькович. Қонақжайлылық қазақ халқының да ең жақсы дәстүрлерінің бірі саналады. Осы жағынан беларусьтар мен қазақтар бір-бірімен жақын болып келеді.


Дмитрий Останькович еліміздегі барлық беларусь өкілі қазақстандық мерекелерді үлкен қуанышпен атап өтетіндігін айтады. Олардың қатарында «Алғыс айту», «Ұлыстың ұлы Әз-наурыз мейрамы», «Қазақстан халқының бірлігі мерекесі», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күн», «Тәуелсіздік күні» және т.б. бар.

– Біз өз жобаларымызды Қазақстанда тұратын түрлі этностар үшін қызықты етіп жасауға тырысамыз. Мәселен, биыл халықаралық тіл мерекесіне орай «Абай және көптілділік» атты дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Оған елорданың барлық этно-мәдени орталықтарының өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессорлары тіпті шетелдік қонақтар да қатысқан болатын.

«Радима» беларусь этно-мәдени орталығының барлық қызметі еліміздегі халықтар арасындағы сенім мен достықты нығайтуға негізделген.

– Біздің орталықта ұзақ жылғы тарихы бар «Вяселка» атты ансамбліміз жұмыс істейді. «Вяселка» деген сөз беларусь тілінен «Кемпірқосақ» деп аударылады. Бір айта кетерлігі, кезінде бұл орталыққа жетекші болуыма осы ансамбль себепші болған. Өзім беларусь тілінде де өлеңдер жазатыным бар. Содан 2013 жылы осы этно-мәдени орталықтағы топқа өз өлеңдерім жазылған жинағымды көрсетуге алып келген едім. Алайда маған «Кешіріңіз, біз сіздің өлеңдеріңізді қарай алмаймыз. Өйткені қазірөзімізде бір мәселе болып тұр» деп айтып, сөз соңында «Біздің орталыққа жетекші болуға қалай қарайсыз?» деп ұсыныс тастаған еді. Мінеки, сол күннен бастап мен осы этно-мәдени орталықты басқарып келемін. Сондай-ақ түрлі тақырыпта өлеңдер жазамын. Оны топтағы өнерпаздармен орындап жүрміз. Жалпы өз өнеріміз арқылы беларусь халқын жан-жақты қырынан таныстыруға өз үлесімізді қосып келеміз.

Этно-мәдени орталықтың бұл «Вяселка» атты фольклорлық ансамблі көптеген жобаларға, концерттерге, байқауларға, фестивальдерге тұрақты түрде қатысады. Олар көбінесе Отанға деген сүйіспеншілікті және халқымыздың бай құндылықтарын насихаттайтын патриоттық әндерді шырқайды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Тамара Батрак болса, хормейстері – Дмитрий Останькович. Бұл ансамбльдің құрамында 12 өнерпаз бар.

– Негізінен репертуарымызда беларусь, қазақ, орыс халық әндері, өзімнің жеке әндерім және Беларусь Республикасының халық музыкалық ансамблінің «Бяседа» әндері бар. Біз қаламызда ұйымдастырылатын әр түрлі мерекелерінде сахналарда жиі-жиі өнер көрсетуді дәстүрге айналдырғанбыз. Сондай-ақ көптеген байқаулар мен фестивальдерге қатысып тұрамыз.

Беларусь халық музыкасы салт-дәстүрлі әндердің фольклорымен ерекшеленеді. Әсіресе халықтық билер ұлттық музыкалық мәдениеттің қалыптасуының маңызды саласына айналған.   

– Халқымыздың менталитеті мен ұлттық мінезінің дәстүрлі белгілері – еңбекқорлық, толеранттылық, төзімділік. Бұлар – кез-келген беларусь халқын сипаттайтын қасиеттер. Жеке тұлғаны дамыту тұрғысынан толеранттылық ерекше маңызды орынды алады. Жалпы отансүйгіштік, адалдық, әдептілік, мейірімділік, қонақжайлылық, парасаттылық, жауапкершілік, сабырлылық сияқты қасиеттер барлық беларусьтарға тән деп есептеймін.

Республиканың түкпір-түкпірінде ашылған кез келген этно-мәдени бірлестіктің ұстанатын бағыттары бар. «Радима» беларусь этно-мәдени орталығы жұмысының негізгі бағыты – Қазақстанда беларусь мәдениетін кеңінен насихаттау. Жалпы географиясы жағынан біздің ел Еуразияның дәл орталығында орналасқан. Сондықтан әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы көпір іспетті екендігін байқауға болады.


– Біздің орталық белорусь, қазақ және Қазақстанда мекендейтін өзге де ұлт өкілдерінің мәдени және рухани жетістіктерін сақтауға әрі олардың ары қарай дамуына бағытталған мәдени-ағартушылық, әлеуметтік және ғылыми бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.

Беларусьтардың әдет-ғұрыптары қарапайым халықтың күнделікті өмірінің барлық саласында көрініс табады. Оларда «Дожинки» ең танымал мерекелердің бірі болып саналады. Осы мейрам егін жинау соңында ұйымдастырылады. Бұл жыл сайынғы   кезекті ауылшаруашылық жұмыстарының аяқталғанын білдіреді. Беларусьтардың ең сүйікті мерекелерінің біріне «Гуканне вясны» (көктемді шақыру) мейрамы жатады. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын бұл мейрам қыстың соңында өткізіледі және көптен күткен жылудың жақында келуін білдіреді. Бір айта кетерлігі, мейрамның атауы шырқалатын дәстүрлі әндерден алған. Әрбір өлеңнің шумағы «гууууу» айқайымен ілесіп отырады.

Олардың салт-дәстүрлері ықылым заманнан бастап бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Мәселен, бүгінгі жастар «Коляда» деп аталатын өте ескі рождестволық мерекелердің бірін жыл сайын асыға күтеді. Үстіне түрлі костюмдер киген жастар жиналған көрермендердің көңіл-күйін көтеру үшін түрлі әндер шырқайды. Ал өнерлеріне тәнті болғандар түрлі сыйлармен оларды марапаттап жатады. Байқағанымыздай, бұл ұлттың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінен адамдардың өмір сүру салтын ғана емес, сонымен бірге жан-дүниесін де көруге болады. 

(Суреттер Дмитрий Останькович жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: