Бекжан Көпбосынов – «Үздік педагог»

31 Қазан 2017, 17:10 9746

Жыл мұғалімі - 2013

Жуырда Астана қаласында «Үздік педагог-2017» байқауы жеңімпаздарының есімі белгілі болды. Төсбелгі мен 2 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болған 48 ұстаздың төртеуі Оңтүстік Қазақстан облысынан. Олардың қатарында Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бекжан Көпбосынов та бар. Ол бұған дейін Түркияның Карс қаласында өткен «Түркi халықтары ақындарының фестивалiнде» топ жарған-ды. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлiк мектептерi арасында өткiзiлген республикалық «Жыл мұғалiмi – 2013» байқауында І орын иеленген. Бекжан Көмекбайұлын «Үздік педагог» атағымен құттықтап, сұхбаттасып қайтқан едік.

– Бекжан Көмекбайұлы, мұғалімдікті таңдауыңызға кім әлде не себеп болды?

– Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылындағы Абай атындағы жалпы орта мектепте білім алдым. Үздік оқыдым. Алтын ұямызды аяқтар тұста жазу үйреткен, әріп жаттатқан, бастауыш сыныпта білім нәрімен сусындатқан апайымыз Шәрипа Құраловамен кездесу ұйымдастырдық. Өте білімді, терең ойлы, мейірімді кісі. Сол кезде біз ұстазымызға «Мұғалім болған қиын ба? Неге бұл мамандықты таңдадыңыз?» деп сұрақ қойдық. «Мұғалім болған қиын әрі қызық мамандық. Маған тәлім-тәрбие, білім берген өзімнің ұстазым «Мамандықтардың ішіндегі ең асылы, қастерлісі – мұғалімдік» деген еді. Мен сол кісінің осы сөзін басшылыққа ала отырып, педагогика саласына келген едім» деді. Апайымның осы сөзі маған да қатты әсер етті. Мен де шәкірт тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар беріп, биіктерге жетелегім келді. 2005 жылы мектепті бітірген соң Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжат тапсырдым. Кейін магистратура, сосын PHD доктарантураға түстім. Биыл бұйыртса, докторлық диссертациямды қорғаймын.

– Ең алғашқы еңбек жолыңыз қашан, қайда басталды? Жас ұстазды қандай қиындықтар күтіп тұрды?

– Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған соң Шымкенттегі үздік, үлгілі білім ордаларының бірі Мұхамед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияға жұмысқа орналастым. Алғаш мектепке барғанда сабақ жоспарын жасау қиындық тудырды. Сыныбымда 30 бала бар еді. Әрқайсысы – бір-бір үйдің еркесі. Олар алғашқыда сынайтын, айтқаныңды тыңдағысы келмей, еркелейтін. Сабақ үстінде өзгелерге тиісіп, мазасын алатын, сабақ аяқталмай жатып, қашып кеткісі келетін бұзық балалар болды. Олардың әрқайсысының психологиясын зерттеп, соған қарай қарсы әрекет жасадым. Оларды кітап оқуға үйретіп, көркемсөз оқудан шеберліктерін шыңдадым. Әдеби кештер ұйымдастырдым. Әдеби шығармалардағы түрлі рөлдерді сомдау үшін сахнаға алып шықтым, шығармашылық қабілеттерін аштым. Осылайша оқу жылы аяқталғанша әрбірімен жақсы достасып алдым. Қазір олардың алды студент атанды. Көшеде, қоғамдық орындарда кездесіп қалса, құрақ ұшып амандасып жатады. Жетістіктерімен бөліседі. Жаңалықтарын жеткізеді. Ұстаздың бақыты осында деп ойлаймын.  Ең алғаш қолыма алған жалақым 13 мың теңге болатын. Ата-анамыз кішкентайымыздан «Қанағат қарын тойғызады» деп тәрбиеледі ғой. Аз деп еңсемді түсірмедім. Келер жылы 28 сағат алдым, сынып жетекші болдым, қосымша дәріс бердім, осылай айлығым 60 мың теңгеге көтерілді. 11 жыл бұрын шымкенттіктер үшін бұл әжептеуір ақша еді. Бірте-бірте мұғалімдік салаға да төселіп кеттім. 2013 жылы Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Құжат тапсырып, конкурсқа қатысып, осы мектепке жұмысқа қабылдандым.

– «Үздік педагог» байқауына оралайықшы. Бұл байқауға қанша ұстаз қатысты? Қандай критерийлерге байланысты бағалады?

– Интернеттен оқыған мәліметім бойынша, биыл байқауға 5620 адам қатысқан. Ал 48 ұстаз «Үздік педагог» атанды. Олардың ішінде балабақша қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушылары бар. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінен екі мұғалім, Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәнінің мұғалімі Нұрым Нұрғалиев деген жігіт екеуміз осы атаққа ие болдық. Ал қандай критерийлерге қарап бағалады деген сауалға келсек, педагогтың кәсіби құзыреттілігі біліктілікті арттыру, инновациялық білім беру технологияларын, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, кәсіби конкурстарға қатысуы, зерттеу жұмыстарының нәтижелері бағаланды. Педагогтың өңірлердегі, республикадағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі, авторлық бағдарламалар әзірлеу, инновациялық педагогикалық идеяларды насихаттау, сонымен қатар оқушыларының жетістіктері де сараланды. Біз Түлкібас, Мақтарал, Созақ аудандарының ұстаздарына жаңартылған білім беру жүйесі жайлы жиі семинар-тренингтер өткіземіз. Білгенімізбен бөлісеміз. Осының бәрі ескерілді. «Әлiппе: әрiптер әлемi» атты қазақ әлiпбиiн балаға жеңiл меңгертетiн инновациялық жобам да жоғары бағаға ие болды.

– Қазіргі білім саласындағы өзгерістер туралы не айтасыз? Біз оған дайынбыз ба?

– Мен қазіргі білім жүйесін толық құптаймын. Қолдаймын.  Бірақ бұл жүйені қоғам неліктен түсінбей жатыр дегенге келсек, біздің қоғам оған әлі дайын емес еді. Оған шынында да ресурс, оқулық, база жетіспейді. Мұғалімдеріміз де психологиялық тұрғыдан шыңдалып, біліктілігін көтеру керек. Біз жедел қарқынмен өтіп кетуге тырысып, тамаша бағдарламаны дауға айналдырып алдық. Уақыт керек еді. Сосын жай мектептерде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мұғалімдер жұмыс істеп-ақ жатыр. Бірақ соның бәрі жеткілікті деңгейде, 100 пайыз сол жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ өтіп жатыр дегенге мен сенбеймін. Көбі қағаз жүзінде, есеп беру кезінде ғана жасайды. Ішінара өтеді. Бірақ көпшілігі сол баяғы дәстүрлі сабақ беру әдісіне кетіп қалады. Оларды да түсінуге болады. Өйткені 1-2 ай оқып, курсқа қатысып келгеннен адам көп нәрсе үйрене алмайды. Түсінбейді. Бұрынғы білім бар, қазіргі білім бар, бәрі шатысып кетті.

Тағы бір ескеру керек нәрсе, біздің Назарбаев Зияткерлік мектебінде барлық мүмкіндік бар, оқушылар іріктелген, база жасақталған. Ал барлық мектеп біздікі сияқты емес қой. Жай мектепте мұғалімдерге семинар өткізіп, топтық жұмысты ұйымдастыру туралы айтқанымызда, олар өздерінің шағымдарын жеткізеді. «Менің алдымда 35-40 оқушы отырады. Мен оларды қалай ұйымдастырамын, қалай топқа бөлемін?» деп шырылдайды. Шынында 35 баламен жұмыс жасау, 35 баланы бағалау, өте қиын. Осы жағынан дайын емеспіз. Қоғамда түсініспеушілік туып жатқаны осыдан. Ал негізінде бағдарламада мін жоқ, өте жақсы бағдарлама. Шетелде әбден сүзгіден өткен, білімі ең жоғары елдердің тәжірибелерін әкеп отыр ғой.

– Еңбек жолын бастағаныңызға 12 жыл болыпты. Бұрынғы жүйе мен қазіргі жүйенің айырмашылығы қандай?

– 12 жыл бұрынғы жүйе дәстүрлі сабақ болатын. Дәстүрлі сабақ дегеніміз мұғалім келеді, сабақты түсіндіреді. Оқушыдан тапсырманы сұрайды және журналға екі, үш, төрт, бесін қойып, бағалайды. Тоқсанның соңында бақылау жұмысын, диктант алады. Қазіргі білім жүйесі мүлдем басқаша. Қазір ақпарат ғасыры. Не көп, ақпарат көп. Мұғалімнің білмейтінін оқушылар біледі. Бүгінгі таңда мұғалім білім беруші емес, бағыттаушы болып қалды. Мыңдаған, миллиондаған ақпараттың ішінен қажетті ақпаратты қалай таңдау керек, біз соған бағыт береміз. Одан кейін бұрын білімді тек қана мұғалім мен кітап беретін. Ал қазір мың сан білім түрі бар, ақпарат көзі көп. Оқушы бір-бірінен топтық жұмыс, әңгімелесу арқылы да білім алады. Содан соң бұрынғыдай журналға 2,3,4, 5 қоймаймыз.Сабақтың басында бала алдына «Мен бүгін сабақта мына нәрсені білуім керек. Немесе мына нәрсені жасауым керек» деп мақсат қояды. Бізде бағалаудың екі түрі бар. Қалыптастырушы бағалау және тоқсанның соңында жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалау – сабақтың үстінде жүріп жатқан бағалау. Балаға әр сабақта беріліп отырады. Қазіргі бағалау оқушының білімін емес, дағдысын бағалайды. Егер оқушыда дағды қалыптасса, білімді өзі де ала алады. Мысалы, бір оқушы мәтінді оқып, ішінен қажетті ақпаратты ала алады ал екінші бала қажетті ақпаратты түсінбеуі мүмкін. Оған көмек керек. Басқаша әдіс қолдану керек. Сабақтың соңында екеуі де мақсатқа жету керек. Бірақ екеуі екі түрлі жолмен жетеді. Ал тоқсанның соңындағы жиынтық бағалау ол баланың білімін бағалайды. Тест болады, анализ жасайды, жазады, талдайды, соныңда балл қойған уақытта бағасы шығады. Баланың білімі белгілі болады. Ал оған дейінгі сабақта баланың білімі емес дағдысы бағаланып отырады. Қазіргі жаңа жүйемен бағалауда осындай өзгеріс бар.

Сосын бұрын біз әдебиетті қалай өтетін едік? Мысалы, бүгін Жүсіпбек Аймауытовты өтеміз, ертең Ахмет Байтұрсыновты, одан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров деп кете береді. Бір-бір сабақтан беріледі. Ол сабақта балаға тапсырма беріп әрі бағалап үлгеруің керек. Бала жаттап айтып келсе, айтты. Ертең ұмытып қалады.

Қазір біз бір тоқсанда екі-үш ақын-жазушы туралы ғана өтеміз. Немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» 11-сыныпта бір тоқсан өтеміз. Енді оны оқығанда не істейміз? Бала бас салып оқи бермейді. Талдайды. Бүгін мазмұнымен танысады. Келесі жолы кейіпкерлерінің әрекетіне баға береді. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Одан кейін тілін талдайды. Көркемдегіш құралдарды қалай қолданған?  Одан кейін басқа әлем әдебиетімен салыстырады. Осылайша балада дағды қалыптасады. Дағдының арқасында басқа шығармаларды оқыған уақытта талдап оқитын болады. Құр әншейін оқып, мазмұнын түсіну емес, талдап «Автор не айтқысы келді? Осы шығарма арқылы, осыған ұқсас тағы қандай шығарма бар еді?» деген сұрақтарға жауап іздеп, кейіпкерлердің әрекетіне баға береді. Сосын балада дағды қалыптасады. Өте жақсы бағдарлама. Осындай өзгеріс бар. Содан соң грамматика мәселесі. Бұрын грамматика дегеніміз ереже жаттау еді ғой. Қазір ондай ережені бала қолдана алады ма? Осы жағы басты назарда.

Мысалы етіс деген бар. Етістің түрлері бар. Негізгі етіс, ортақ етік, өзгелік етіс, ырықсыз етіс. Қазір сіздің есіңізде болмауы да мүмкін. Өйткені құр жаттадыңыз, қалды. Ал бала дәл сол етісті айтып тұрғанын білмеуі мүмкін. Бірақ оны өмірде қолдана алады ғой. Мысалы, «айтыс» сөзі. Осының ішіндегі «іс», «ыс» деген жұрнақ. Ортақ етіс. Бірақ сіз осыны айтып тұрғанда мен ортақ етістің жұрнағын айтып тұрмын деп айтпайсыз ғой. Ойланбайсыз да. Бірақ қолдана аласыз. Өмірде қолданып жатырсыз. Біздің мақсатымыз – ең бастысы баланы өмірде қолдана алуға үйрету. Бірақ бала білу керек. Осындай нәрсе бар екенін, ішінара біз  де үйретеміз. Сосын бізде көбіне тоқсанның соңындағы бақылау жұмыстарына диктант емес, талдау жасайды. Екі мәтін беріледі. Сол екі мәтіннің тілін талда дейді. Біліміңді осы жерде көрсетесің. «Мына жерде ырықсыз етіс қолданылған. Мына жерде жай сөйлем, жай сөйлемнің жақсыз түрі қолданылып тұр. Мына жерде құрмалас сөйлем, құрмалас сөйлемнің салалас, салаластың ішіндегі ыңғайлас салалас» деп бала өзінің жан-жақты білімін осы жерде көрсете алады.

– Қатал мұғалімсіз бе?

– Жоқ, мен қатал, бағаға сараң мұғалім емеспін. Бірақ балаларды еркіне де жібермеймін.

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Мұғалімнен таяқ жеп өскен ұрпақтың соңы біз болдық қой деймін. Ағайымыз денешынықтырудан киім ауыстыратын бөлмеге апарып ұрып-ұрып алатын. Біз оны әкем-шешемізге айтып, шағымданып барған жоқпыз. Өйткені өзімізден де кінә бар, бұзықтық жасаймыз, сабақтан қашып кетеміз.

Қазір оқушыға қол көтермек түгілі, артық сөйлеуге болмайды. Шетелде сондай ғой. Бала ұрғаны үшін өзінің ата-анасын да сотқа беруге құқығы бар. Бірақ біздің менталитет басқа. Мұғалімнің мәртебесінің төмендегеніне қоғам да, құқық та, заң да емес, ата-аналар кінәлі. Баласы үйіне шағым айтып келсе, ата-анасы мектепке қазір жетіп барады. Себеп-салдарын зерделемейді, зерттемейді. Оны көрген бала не істемейді? Есіреді, еркелейді. Оқушыға талап жоқ, не істесе де өз еркінде. Ал мұғалімге талап көп. Ұрмасын, соқпасын, бірақ бұзықтық жасады ма жазаласын. Көшеге қараңызшы, көлік жүргізушілері тәртіпке бағынып, реттеліп қалды. Сәл тәртіп бұзса, пәленбай мың айыппұл төлейтінін біледі. Сол сияқты бала тәртіпсіздік жасаса, мұғалімді балағаттаса, ата-анасына айыппұл салукерек шығар. Сол кезде тәртіп болады, жүйе болады, тәртіп болған жерде білім болады. Жекеменшік мектепте жұмыс істеп көрдім. Алдымда айналдырған үш бала отыратын Соның бірінің ата-анасы қит етсе «Мен баламды пәленбай мың ақша төлеп оқытып жатырмын. Сендер неге сөйлейсіңдер?» деп мектепке шауып келетін. Өздері тәрбиелемейді. Сосын амалсыз ол мектепте ұзақ тұрақтамай кетіп қалдым.

Бөлісу: