Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы бойынша жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының халықты жылумен қамтамасыз ету және LRT жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Тұран» газ жылу стансасында Премьер-министрге нысан құрылысының екінші кезегі аяқталғаны туралы баяндалды. Бүгінде дайындық 98%-ды құрап отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ГЖС жалпы қуаты сағатына 350-ден 600 Гкал-ға дейін жеткізілді – бүгінде бұл еліміздегі ең ірі газ жылу стансасы. «Тұран» ГЖС басқа 4 жылу көзі: ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасымен елорданы жылумен қамтамасыз етеді. Нысандардың жалпы қолжетімді қуаты сағатына 4 104 Гкал-ды құрайды, қаланың ең жоғары жылу тұтыну қажеттілігі 3 578 Гкал/сағ, бұл ағымдағы жылыту кезеңінде жылу қуатын шамамен 500 Гкал/сағ артығымен өндіруді қамтамасыз етті.
Олжас Бектенов халықтың белсенді өсуі және қалалық инфрақұрылымның кеңеюі жағдайында қазіргі заманғы жылумен жабдықтау көздерінің құрылысы ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.
Қазіргі уақытта нысанда рельстер төселуде – ұзындығы 2 шақырым болатын учаскеде, сондай-ақ оптикалық талшықта жұмыс аяқталды. Биыл жұмысқа 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды, жаз мезгілінде нысанға 5 мыңға жуық маман тартылатын болады.
«CTS» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев 25 қазанда LRT-ны тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасы озық GoA4 стандартына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді.
Сонымен қатар Премьер-министрге LRT бойындағы аумақты абаттандыру жобасы таныстырылды. Әуежайдан Рысқұлов көшесіне дейін ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылып, автоматты суару жүйесін орнату жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылы бойымен Сығанақ көшесіне дейінгі аумақ балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары қоғамдық кеңістіктерге бөлінген. Әрі қарай жолаушылар ағыны белсенді 2-теміржол вокзалына дейін кең автотұрақтар, велосипедке арналған жолдар жасалып, көгалдандыру қарастырылған.
Депо алаңында LRT-ға арналған жылжымалы құрамды өндіруші CRRC Tangshan Co.,Ltd. зауытымен бейнебайланыс арқылы тікелей қосылым болды. Премьер-министрге LRT бойымен жолаушыларды тасымалдайтын локомотивтердің ерекшеліктері баяндалды. Барлығы 650 орынға есептелген 19 төрт секциялы құрам жұмыс істейтін болады.
Tangshan CRRC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжоу Цзюньянь қазіргі уақытта өндірісте сағатына 350 км/сағ дейін жоғары жылдамдықты пойыздар өндірісіндегі технологиялар мен стандарттарды қолдана отырып, алғашқы екі құрамды құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жасау процесінде заманауи материалдар, мысалы, корпус бөлшектеріне арналған алюминий қорытпасы, серпімді дөңгелектер, жайлы жүру үшін көп қабатты терезелер, аса берік органосиликаттан жасалған былғары орындықтар сияқты заманауи материалдар қолданылады.
Құрастыру тікелей құрылыс алаңында жүргізіледі. Әр құрам 36 жоғары сапалы монитормен, 11 камерамен және пойыздарды автоматты басқару жүйелерімен жабдықталады.