Бектенов дихандарды қаржыландыруды 1 желтоқсаннан бастауды тапсырды

19 Қараша, 11:00 1188

Олжас Бектенов 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізу үшін биылғы 1 желтоқсаннан бастап дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 15 қарашада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы барысында айтылған президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.  

Премьер-министр агроөнеркәсіптік кешенді нығайту және ауыл шаруашылығы саласын экономикалық өсудің көшбасшысына айналдыру жөніндегі президент алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірқатар тапсырма берді.

Агроөнеркәсіп секторының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі – қолжетімді несиелеу. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды. Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек.

Сонымен қатар премьер-министр биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінетін жеңілдікті қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғанын атап өтті.

Несиелеу тетігі есебінен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші техника паркін жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл ретте, техниканы жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтып қана қоймай, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау деңгейін арттыру қажет. Бұл – Өнеркәсіп, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен «Бәйтерек» холдингінің міндеті, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: