Бектенов бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өтпесінің санын көбейтуді тапсырды

30 Шілде, 11:00 416

Үкімет отырысы барысында премьер-министр еліміздің жолдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы жаяу жүргіншілер өтпесіндегі апат көрсеткіштеріне, соның ішінде елді мекендерде қауіпсіз өтпелердің, жарықтандырудың және жаяужолдың болмауына назар аудартты. Осыған байланысты өңір әкімдері бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өтпесінің санын көбейтіп, қоршаулар мен жарықтандыруды орнатуы қажет.

Әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысты күшейтуды тапсырамын. Барлық жол-көлік апатының, адам өлімі мен жарақат алу жағдайларының жартысы аталған өңірлерге тиесілі. Өкінішке орай, бізде көлік жүргізу мәдениетінің, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ереже сақтау тәртібінің деңгейі өте төмен. Әлеуметтік желілерде жастардың жоғары жылдамдықпен көлік жүргізіп, жол ережелерін елемейтін роликтер жиі кездеседі. Әрине, бұған қатысты жұртшылықтың наразылығы орынды. Полиция бақылауды күшейтсін деген талап қояды. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдаттық. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай бұзушыларға қатаң шаралар қолдану керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанда жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ережелерін бұзудың жолы кесіліп, 12 мыңнан астам «мас» жүргізуші ұсталды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және апаттар мен өлім-жітімді азайту үшін жүйелі шаралар әзірленетін болады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: