27 Тамыз 2014, 12:45
Бекет Атаның Хиуада оқыған кезіне, оның ұстазы болған Пақыржан қажының өмір сүрген заманына, тарихи дəуірдің ахуалына қарап Бекет Мырзағұлұлының туған жылын 1750, ал, қайтыс болған кезін 1813 жылы деп бекіткен зерттеушілер.
Бекет 1750 жылы қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келді. Ал, 1813 жылы Маңғыстау облысы, Оғыланды мекенінде дүние салып, сонда жерленді. Жастық шағында елін жауларының шабуылдарынан қорғауға қолына қару алып, қанды майдандарда батырлық көрсетіп шайқасты. Соғыс майданында көрсеткен ерліктері үшін ел ішінде «Ер Бекет» атанды. Ақыл тоқтатқан шағында ұрыс-керістің кесірінен ел мен елдер арасына достық орната алмайтынын сезіп, білім алуды ұйғарды. Білім арқылы ғана елді бейбіт жолмен көршілес елдермен достық бағытқа жетелей алармын деген үмітпен Хиуа қаласындағы медресеге оқуын тереңдетуге аттанды. Сонда Пақыржан құзырында дəріс алып, діни білімін жетілдірді. Терең білімі, еліне деген махаббаты, тақуалық пен еңбекқорлығы, тапқырлық пен ізденім-паздығы оны ел арасында данагөй тұлға ретінде танытты. Хиуадан дүниеуи жəне діни білімін жетілдіргеннен кейін елге оралып халқының сауатын ашуға көп еңбек сіңірді.
Бекет Маңғыстау өлкесінің қатал табиғатына, ыстық аптабына қарап, оқу орындарын жер астында, тау үңгірлерінде салғанды жөн деп санады. Ағартушылық мақсатында медреселердің жобасын жасап, өз мектептерін ашты. Сөйтіп, ел аузында «сəулетші» деген атауға ие болды. Бекет ата салдырған мешіт-медреселер Атырау облысының Құлсарыға жақын маңындағы Ақмешіт ауылында, Маңғыстау облысындағы Үстірттің батыс жағындағы Оғыланды тауында, сондай-ақ, Бейнеу ауданының ескі орнында, Бозащыдағы Мəстек құдығына таяу маңдағы Тобықты мекенінде жəне Үстірттің шығысындағы Арал теңізінің батыс жағындағы Баялы деген жерде анықталды. Олар қазіргі кезде халық пен үкіметтің колдап, қорғауының арқасында жөндеуден өтіп, ел игілігіне қызмет етіп келеді. Ежелгі түрік тайпалары «Тəңір Құты» мен «Батыр» атауларына үлкен мəн берген. Тəңір Құты əрбір көсемнің рухани ішкі қуаты болса, батырлық- халықтың дүниеуи тіршілігінің қайнар көздерін қорғау қуаты болған. Екі ұғым да жоғары киеге ие екендігін көрсетеді. Сол үшін елдің рухани жəне дүниеуи тұғырын бірдей биік ұстап тұра алатын лайық тұлғаға халық тарапынан əлгіндей атақ беріліп тұрған. Батыр мен палуан атақтары жай қара күш иесіне емес, халқына қорған бола алатын адамға берілген. Сондықтан, елді бақытты етіп, лайықты басқаруға қауқары болмаған талай көсемдер көп айла-шарғы жасап, халықты елең еткізетін атауларды өздеріне тағып, соған лайық болмаса да иемденіп жүргенімен, халық жадында ұзақ өмір сүре алмайтыны шындық. Осы тұрғыдан қарағанда Бекет Ата ақылмен, батыр, абыз ағартушы, сəулетші ең соңында Ата мен Пір деген атауларға лайық тұлға ретінде халқының санасынан, жүрегінен орын алып, елдің тарихи жадында мəңгілік қалды. Бұл Бекет Атаның бітім-болмысы дүниеуи таза тіршіліктен рухани мөлдір əлемге ұмтылысы табысты болғанын көрсетті. Ғалым Алтай Тайжанұлы айтқандай: « Бізге жеткен аңыздарға қарағанда, Бекет атаның пірленуі де өте нанымды, танымдық тұрғыдан дəйекті» екендігі рас. Міне, Бекеттің ақылман, ағартушы, сəулетші болғаны озық маман екендігін білдірсе, ата, абыз, пір мəртебесі адамзаттың рухани əлемінде аса білімді де пəк, тақуа, мөлдір де таза жандарға берілетін атауларға лайықты білім алып, сопылық сатыларынан таза еңбек арқылы өткенін көрсетеді. Қожа Ахмет Яссауи рухани кеңістікте тақуалықтың биігіне шығып, ел арасында үлгілі ұстазға айналып, Ислам дүниесіне таны- мал тұлға болды. Сол себептен, оған парсының əйгілі сопы ақыны шейх Фəрид-ед-дин Аттар Нишабури «Мантық-əт-Тейір» (Құстардың тілі) атты кітабында «Түркістан пірі» деген атақ беріп, өлең арнаған. Ахмет Яссауидің мектебін жалғастырушы Бекет Атаның да ел ішінде «пір»атануы оның тақуалықта биік мəртебеге қол жеткізгенін көрсетеді. Бұл – адамзаттың рухани биік тұғырының белгісі. Демек бұндай атақ тікелей дін жолын ұстаған нағыз иманды жанға лайық болғаны үшін беріледі.