Бекет ата: аққу, арқар, жылан

23 Тамыз 2017, 09:05 34381

Пір Бекеттің адам сенгісіз қасиеттері

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын қолға алуды тапсырған еді. Осы тұрғыда, киелі саналатын еліміздің 100 нақты орны белгіленді. Оның тізімінде Бекет ата кесенесі де бар.

Жалпы, Пір Бекет туралы аңыз-әңгімелер жиі кездеседі. Пір Бекет даналығы, батырлығы, ұстаздығы турасында халық арасында көп айтылса да, аң-құстардың қатарында көрініс табуы өз алдына бөлек әңгіме. Оның қатарында жылан, арқар, сондай-ақ аққу кейпіне енетіндігі жазылады.

Бекет ата және жылан

Қазақта жыланды аруақпен байланыстыратын наным-сенім бұрыннан кездеседі. Адайдың ішіндегі Шоңай руынан шыққан Бекбаулы атты әулиені сынау мақсатында Бекет ата сары үйек жыланға айналып алдына барады. Ал Бекбаулы болса бүлк етпейді. Бұл сынағынан сескенбей өткен әулиенің тағы бір мәрте тура алдынан Бекет екі бас жылан болып көрінеді. Міне, бұл жылан кейпіндегі Пір Бекеттің бізге жеткен аңыздары.

Бозащы түбегіндегі Бекет ата мешітіне барған бір адам киелі орынның қақ ортасынан сары үйек жыланды көзі шалады. Ол жартылай көтеріліп, басын шайқап тұрған екен. Дәл осындай оқиға Ақмешіттегі кесенесін салу барысында да қайталанған. Сарғыш жылан оратылып, сол маңда біраз жүріпті. Бұл жыландар Бекет атаға қатысты қасиетті жерлерде кездесіп отырған.

Бекет ата және арқар

Пір Бекеттің Оғыланды жеріндегі қасиетті мекенінде арқарлар бар екені жиі айтылады. Оларға тиісуге, атуға, ұстауға болмайды дейді жұрт. Егер кімде-кім арқарларға зұлымдық жасаса, өздері мертігіп, қазаға ұшырайды делінеді. Осы орынға зиярат етіп келушілерге арқарларды көрінсе, тілегіміз қабыл болады дегенге сенеді екен.

Бірде осы маңды мекен ететін аңшы  айналадағы аңдардың бәрін бітірген соң, Оңыландыдағы арқарларға көз тігеді. Мылтығымен жайылып жүрген бір арқарды көздеп, енді атпақ болғанда, білте мүлде басылмай қалады, ал екінші рет оғы айдалаға ұшады. Аңшы өзі ісінің қызығына кіріп кетіп, Бекет атаның осылай ескерткеніне мән бермейді. Үшінші атқандағы оғы өзінің оң көзіне тиіп ағып түсіреді. Қатты ызаланған аңшы ата аруағын балағаттап, ауыр сөздер айтады. Ақыры қайтар жолда тегіс жерден сүрініп, аяғын сындырып, мүгедек болып қалыпты.

Бекет ата және аққу

Бекет атаның аққу болып ұшуы жайында бірнеше аңыз-әңгімелер таралған. Оның бірі адай мен табын руының арасында болған оқиға. Табындықтардың ішінде ұша алатын батыры болса керек, олар адайлықтардың алдына келіп біздің батырмен сынға түсетіндерің бар ма деп сұрайды. Мұны естіген Бекет ортаға атып шығып, сынға дайын екенін мәлімдейді. Бірінші табынның жігіті қанатын қағып жіберіп жоғары көтеріліп, сәл биігірек ұшып келіп, жерге қонады. Ал Бекет болса, әлгі жігіт ұшқан биіктіктен де жоғары ұшып, жұртты таңғалдырған екен.

Тағы бір әңгімеде түрікпеннен шыққан ғұламамен теңіз үстінде ұшып бара жатқанда, қатты дауыл тұрып, данышпанның қанаты қайырылып кетіпті. Ары қарай ұшуға дәрмені қалмаған соң, Бекет ата оған «жолыңнан қайт, әйтпесе кәпірлерге жол саласың» деп төмен түсіріпті.

Аққумен байланыстыратын аңыздарда есеп жоқ. Мәселен, ауыл абызы, Барақ батыр және Өмір батырлар Бекет ата қасиеті турасында былай деген сөздері бар. Абыз «қасиетің аспанда жеті аққу боп ұшты, сенің бойыңда тылсымың жеті ұрпағыңа жетеді екен, аруағың да биік тұр» десе, Барақ батыр «артыңнан ұшқан үш аққуды көрдім, зайырлыңың үш атаңа дариды» дейді. Ал Өмір батыр болса, «алдыңнан жалғыз аққудың ұшқанын ғана көрдім, бар қасиетің өзіңмен бірге кететін болады» дейді.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: