Бейбіт күннің батыры

2 Мамыр 2017, 10:53 19630

4 адамды өлімнен арашалаған батыр

«Батырлар тек соғыста ғана танылады» деген бекер ұғым. Бейбіт заманда да елге үлгі боларлық ерлігімен танылған небір ержүрек азаматтар жүр ортамызда. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте еш ойланбастан көзсіз батырлыққа барып, жанкешті әрекеттер жасаған батырларымыз аз емес. Есімін мақтанышпен атайтын сондай азаматтардың бірі – Халық Қаһарманы Азамат Жұмаділов.

2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде басылған журналист Айнаш Есалидің «Азамат дейтін сардар бар» атты мақаласында оқиға былайша суреттеледі: «Өмірдің өзі де сол. Қырық мыңға жуық халқы бар Үштөбе дейтін қаланың бір бұрышында, сәрсенбі, 10 қазан­ күні біреулер той-тойлап, қуаныштарын ағайын-тумамен бөлісіп жатқанда, келесі шетінде тілсіз жаудың жалаңдаған қызыл тілі темір жол вокзалының маңындағы макарон цехын жалмап бара жатқан еді. Бұл оқиға түнгі сағат 1 шамасында орын алады.

Осы мезеттерде қала маңында орналасқан 55078 әскери бөлімінің лейтенанты Азамат Жұмаділов анасын тойдан алып келе жатқан болатын. Түтіні будақтай бастаған макарон цехын алыстан байқаған офицер көлігін кілт тоқтатып, өртке қарай ұмтылады. Ана да пенде ғой, әрбір адам өз перзентінің аман болғандығын ойлайды.  Азаматтың шешесі Гүлнәр: «Ойбай, өртене берсін, өлесің, тоқта!» деп баламның беліне жармасып алдым», - дейді.  «Балам:  «Мама, мен бұл үйдің тұсынан күнде өтемін. Ішінде адамдар тұрады. Есіктің алдында балалар ойнап жүретін»,  деп биіктігі екі метрдей болатын темір қақпаны бар күшімен ырғай бастады. Биік қақпадан секіріп өту мүмкін емес еді».

Осындай сәттерде адамда алапат күштің қайдан пайда болатынын жай адамдар түгілі, ғалымдар түбіне жетіп зерттеп көрмеген. Бар күшпен жұлқып ырғағанда қақпаның іштен құлып салын­ған шығыршығы дәнекерленген жерінен сынып түседі. Азамат темір қақпадан кейін цехтың есігін бұзып кіргенде, күтпеген тарсылдан цехтың бір бұрышындағы бөлмеде, жалындап жанып жатқан оттың ортасында  үш бірдей ботасымен алаңсыз ұйықтап жатқан Маржан атып тұрады. Офицер Азамат Жұмаділов ең бірінші үш жастағы Алмасты көрпесіне орай салып, екінші қолымен газ баллонын қапсыра құшақтап сыртқа ұмтылады. Бала мен баллонды анасына бере салып, үйдің ішіне қайта кіріп, не болғанын ұғып үлгере алмай жатқан үйдегі екі ересек баланы, содан кейін анасын сыртқа алып шығады.

– Біз далаға шығып, не болғанын түсіне алмай жатқанда, 3-4 минөттен соң үйдің төбесі гүрс етіп ортасына құлап түсті. Біз қандай ажалдан аман қалғанымызды, қандай күйге душар болғанымызды сол сәтте бір-ақ түсіндік, – деді кейін бізге Маржан Мақұлжанова.

Бұл кезде сол күні екпіндеп соққан жел өртті тіпті өршітіп жібереді. Осы оқиғаны сол түні алыстан бақылағандар айтады: «Өрттің тіпті қатты болғаны соншама, бірнеше үй қатарынан өртеніп жатыр екен деп ойладық». Хабарланғаннан кейін өрт болып жатқан жерге қалалық өрт сөндірушілер де, Жұмаділовтің хабарлауымен 55078 әскери бөлімнің де өрт сөндіргіш мәшинелері келіп жетеді. Қалалық өрт сөндірушілердің 2,5 тонна су сыятын, бір шлангасы бар мәшинесі суы қайта-қайта таусылып, суға шапқылап жүргенде,  әскери бөлімшенің 8,5 тонна суы бар, 4 шлангалы әлеуеттілеу мәшинесімен қатардағы өрт сөндіруші жауынгерлер өртті әп-сәтте сөндіріп бітеді. Төрт бірдей адамның ажалымен қайғылы аяқталуы да мүмкін оқыс оқиға осылайша болған еді. Әйтпесе, көмектің дер кезінде болмағанынан немесе айналадағылардың тәуекелсіздігі мен немқұрайдылығынан ішіндегі адамдарымен жанып кеткен оқиғалардың мысалын қазір алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұл оқиға ке­зіндегі сардар әрекетін, қалай болғанда да, қайсарлыққа жатқызуға болады. Өйткені, макарон цехынан үш метрдей жерде кішігірім жанар-жағармай «заправкасы»  бар екен. Адамдар дер кезінде құтқарылып, өрт ауыздықталмаса, атылған жанар-жағармай көрші үйлерді де қамтып, іс әлдеқайда насырға шабуы әбден мүмкін екен.

Ерлік істедім-ау деп те ойламаған Азамат Жұмаділов ертелете әскери бөлімге, жұмыс орнына оралады. Әскери бөлім басшыларының сұрауы бойынша, киімдерінен түтіннің иісі кетіп үлгермеген офицер болған оқиғаны  мәлімдейді.

Жақсы хабар жерде жатпайды ғой. Өмірдің өзі де сол, үндістердің бумеранг ойыны секілді – жақсылық адамға жақсылық болып оралады. Көп ұзамай 55078 әскери бөлімнің командирлері Қорғаныс министрі Даниал Ахметовке өз қатарларында Азамат Жұмаділов сынды қайсар әскери қызметкердің бар екендігін мәлімдеген. Нәтижесінде қараша айының басында Астана қаласында Қорғаныс министрлігі 23 жастағы лейтенант Азамат Жұмаділовке мерзімінен бұрын аға лейтенант атағын беру туралы шешім қабылдап, марапаттайды. Министр Даниал Ахметов өз қолымен ел қауіпсіздігіне адал қызмет етіп жатқан офицердің қолын алып, бағалы сыйлық ұсынады».

– Өзімді елден ерек ерлік істедім деп ойламаймын. Менің орнымда қызметтестерімнің қай-қайсысы болса да, лаулап жанып жатқан үй ішінде шырқыраған балалар мен ананы құтқарып қалуда жанын аямайтын еді. Оған кәміл сенімдімін. Қорықпадым десем, жалғандау шығар. Бірақ мұндай кезде ондайлардың барлығы екінші кезекке ысырылып қалады екен. Үш баланы бірінен соң бірін алып шығып, анасын құтқаруға ұмтылғанда Маржан апайдың өзі де шығып келе жатқанын көрдім. Содан соң-ақ үйдің төбесі ішіне опырылып түсті. Бұл да бізге Жаратқанның қарайласқаны шығар. Дегенмен де менің осы ісім ерлікке баланып, мемлекеттік награда беріп, кезектен тыс аға лейтенант шенін иығыма таққан  ҚР Қорғаныс министрлігіне алғысым шексіз.  Мен әскери адаммын, сондықтан кез келген сын сағатта сардарлық атағыма көлеңке түсірмеуге тиіспін. Әскери Ант қабылдағанда мұны салтанатты түрде айтқанмын, – дейді кейіпкеріміз.

Әскери бөлімшенің қолбасшысы Серік Есқалиев қарауындағы қызметкердің ерлік ісін атап өту жөнінде шешім қабылдайды және бөлімше атынан Азамат Жұмаділовты марапаттау туралы ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығына рапорт береді. Бүгінгі күні Азамат жоғарғы атаққа ие болғанын – Халық Қаһарманы атанғанын мақтаныш тұтады және Талдықорған қаласындағы 48386 әскери бөлімінде тәрбие және идиеология бөлімінің аға офицері болып абыроймен қызмет етіп келеді.

Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Жаңа жыл қарсаңында ержүрек жігітке су жаңа автокөліктің кілтін тапсырды, сондай-ақ Алматы облысының Құрметті азаматы деген атақ берді.

Халық қаһарманы Азамат Жұмаділов: «Мен Отан алдында ант көтерген әскери адаммын. Қандай болмасын, Отаныма, еліме, елімнің әр азаматына қауіп-қатер төнсе, қасық қаным қалғанша қорғауға міндеттімін. Ел тәуелсіздігін сақтауда тек әскерилер ғана емес, халық болып жұмылу міндет», – деп сөзін түйіндеді.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: