Бейбіт күннің батыры

26 Сәуір 2017, 11:34 10741

6 күн өліммен арпалысқан батыр

Семейді селт еткізген бұл оқиға 2013 жылдың 5 желтоқсанында сағат 13.45-те болды. Ішкі әскердің Алматы қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 7552 әскери бөлімінен жасақталып, Семейге қарай бағыт алған жоспарлы теміржол қарауылы қалаға он шақырымдай қалғанда оқыс оқиғаға тап болады. Сотталушылардың бірі қарауыл күзетшісіне қарсылық көрсетіп, қарасын батырмақ болды.

– Жандос, сол оқиға қалай орын алып еді, айтып беріңізші?

– Мен іс-сапарға шығардың алдында ешқандай ой болған жоқ. Күнделікті  жұмысым, әскери міндетімді атқару үшін кетіп бара жатқан едім. Міндет – сотталушыларды межелі жерге жеткізіп, командирлерге есеп беріп, үйге қайту. Мен ол кезде Алматы қаласындағы конвойлық полкте бөлімше командирімін. Қасымда жауапты 2 сержант пен бес жауынгер болды.  Айдауылдау жұмысының қауіпсіздігі тікелей бізге жүктелген еді. Қасымдағы жігіттер ең үздік жауынгерлер ретінде таңдалып, осындай сапарға екінші мәрте шыққан сәті. Әскери қызмет жоғары жауапкершілігімен ерекшеленеді. Сотталғандарды күзету әрі айдауылдау қауіпті жұмыс. Себебі, біз қылмыскерлермен тым жақын қашықтықта жұмыс жасауға мәжбүрміз.

Оқиғаның желісі келесідей өрбіген. Вагон ішінде әжетханаға сұранған сотталушының бірі айдауылдау кезінде талмасы ұстап, құлап қалған. Дәл сол сәтте оның бұл қылығы мен ауруы жалған екенін ешкім сезбеген еді.

Оқиғаның қалай өрбігенін Жандос батыр былайша сипаттайды:

– Қылмыскерлерді тасымалдайтын арнайы вагонда бас бостандығынан айрылған 52 «жолаушы» болды. Басым бөлігі қылмыстың аса ауыр түрі бойынша жазасын өтеушілер болатын. Арасында қасақана адам өлтіргендер, нашақорлар мен діни фанаттар да бар.  Қарауыл бастығы сапар барысында қызметтің қауырт болатынын байқап, бізге мұқият әрі сақ болуымызды тапсырды. Семей қаласына жақындаған кезде сотталғандардың әжетханаға сұрануынан басталды. Оған дейін 50 шақты сотталған азаматты әжетханаға айдаулдаумен апарып-әкелген болатынмын. Неге екені белгісіз үшеуі шығуға ниет білдірген жоқ. Алайда, Семей қаласына 10 шақырымдай қалғанда әлгілер мазасыздана бастады. Екеуі орта жастағы сақа жігіт, біреуі ірі денелі еді. Қарауыл бастығына жаңағы үш сотталған әжетханаға сұранғанын жеткіздім. Бастық рұқсатын берді. Біреуін шығардым. Пойыз жүріп келе жатыр. Ол әжетхананың есігіне кірді. Қасында торуылдап тұрған сарбаз бар. Дәретхананың есігі кері ашылғанда аузының бәрін тістелеп, қан-жоса болып, құлап келе жатқан яғни өтірік талған адамның кейпіндегі сотталушыны көремін. Көмектесуді көздеген қасындағы солдат оны екі қолымен ұстап қалды. Ол осы сәтті ұтымды пайдаланып, сарбаздың беліндегі табельдік қаруды алып үлгерді. Ол өтірік құлап бара жатқан секілді кейіп танытып, сарбазға екі рет оқ атып үлгерді. Сарбаз тұрған орынында сұлап түсті. Мен тұра ұмтылып, бетінен сол қолмен ұрдым. Ол маған оқ атты. Мен оны жамбасқа бір рет тартып құлаттым. Ол кері көтеріліп, қайта тұрып келе жатқанда тамақтан ұстаймын да тамбурдың терезесіне қысып ұстап тұрған кезде ол мені тағы бір рет атты. Одан кейін әлсіреп бара жатқанымды білемін.

Міне сол кезде Жандос соңғы күшін сарпып, қаруды тартып алмақшы болады. Қарсыласы тағы да шүріппені басып үлгереді. Баянбаевтың бақытына орай бір оқ ауаға, бір оқ қылмыскердің өзіне тиген. Содан кейін Жандос қылмыскердің аяғынан теуіп, екеуі де жантая құлайды.

– Мен сол сәтте ол менің қаруымды алмасын деп етбетіммен жатып алдым.  Ол тырмысып, менің үстіме шығып келе жатқан сәтте қарауыл келіп басынан ұрып, қолын қайыру әдісімен тойтарыс берді. Мені жеке құрамның жататын жеріне қарай алып кетті, – дейді Жандос әңгімесін әрі қарай сабақтап.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл оқиға қас-қағым сәтте, көзді ашып-жұмғанша орын алғандықтан ойлануға мұрша болмаған.

– Мен жауынгерлік міндетімді атқардым, – дейді ол. – Менің орынымда өзге біреу болса да дәл осылай істер еді деп сенемін. Әскери ант пен жауапкершілік әскери маман үшін аса маңызды нәрсе. Мен бұл әрекетімді ерлікке санамаймын, қызметме деген адалдық пен азаматтық парызым деп білемін. 

  

Жандосқа осы оқиғадан кейін ауыр ота жасалып, ол алты күн өліммен арпалысқанын біз жоғарыда жаздық. Қаһарман есін жиған сәтте, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Мұхометқали Сатов қолбасшылық атынан алғыс білдіріп, жауынгерлік ерлігі үшін Жандосқа «Қайсар» төсбелгісін табыстаған. 

Мұхамедқали САТОВ, ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан әскерлері қолбасшысының орынбасары:

Біздің сарбаздардың ерлігі бүкіл жеке құрамды тәнті етті. Кіші сержант Жандос Баянбаев пен қатардағы Нұрасыл Мүбәраковке жоғары қолбасшылық тарапынан мемлекеттік награда ұсынылды. Қолбасшымыз Руслан Фатихұлының шешімі бойынша Жандос Баянбаевқа Алматы қаласынан пәтер берілді.

2014 жылы 7-мамырда «Отан қорғаушылар күні» құрметіне орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі генерал-полковник Құлмұханбет Қасымовтың бұйрығынай сай Жандос Баянбаевқа алғашқы «лейтенант» офицерлік шені берілді. Көрсеткен ерен ерліктері үшін Қазақстан Республикасының Президенті  Қарулы күштердің Жоғарғы – Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 7552 әскери бөлімі қарауыл бастығының көмекшісі сержант Жандос Баянбаевты 3-дәрежелі «Айбын» орденімен, ал сақшы ефрейтор Нұрасыл Мүбараковты «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Жандосты басшылығы денсаулығына қатты салмақ түсірмейтін қызметке тағайындады. Қазіргі таңда 7552 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі бөлім бастығының көмекшісі ретінде қызмет атқарады. Сапқа тұрған жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеуге көмектеседі. Антқа адалдық, парыз, борыш деген ұғымдардың мәнін түсіндіреді.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: