Бегайым Қырғызбаева: «Алматыдағы футбол командасын қайта құрып жатырмыз»

25 Қаңтар 2018, 11:36 9346

Қазақстан әйелдер футбол құрамасының капитаны

Бегайым Қырғызбаева – Қазақстан әйелдер футбол құрамасының капитаны. Ол 2003 жылдан бері еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғап келеді. Соңғы маусымдары «БИІК-Қазығұрт» командасымен бірге, Еуропада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген шабуылшымен сөйлесудің сәті түскен еді.

– Бегайым, жаңа маусымға дайындығыңыз қалай?

– Жаман емес, қазір Алматы қаласына оралдым. Басқа шаруалармен айналысып жатырмын.

– Басқа болғанда, футболдан тыс шаруалар ма?

– Жоқ, Алматы қаласындағы жабылып қалған футбол команданы қайта жасақтап жатырмыз. Білетін шығарсыздар, «оңтүстік астаналық» клубта біраз проблемалар туындап, өткен жылғы ел біріншілігіне тіптен бара алмай қалды. Енді, тарихы тереңде жатқан Алматыдағы қыздар командасын «тірілтіп», келесі маусымға шығару үшін барымызды салып жатырмыз.

– Сонда «БИІК-Қазығұртпен» жасаған келісім-шарт аяқталды ма?

– Екі жылға, бес жылға деген келісім-шарт жоқ. Әр жылдың басында клубтар жаңа келісім-шарт ұсынады. Мені осы Алматыдан келіп түскен ұсыныс көбірек қызықтырды.

– Өмірдерегіңізге қысқаша шолу жасайықшы...

– 1987 жылы 15 маусым күні Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты, Қарасай батыр ауылында дүниеге келгенмін. 4 сынып оқып жүргенімде отбасымызбен Алматы қаласына көшіп келдік. Мұнда жергілікті №104 мектепті аяқтап, Спорт және туризм академиясының туризм менеджері мамандығына оқуға қабылдандым. Осы академияда спорт және дене шынықтыру факультетін де бітірдім, оған қоса магистрлік білімім бар. Ал футболға 15 жасымда келдім. Доп теппес бұрын бір жылдай баскетболмен шұғылдандым. Алғашқы бапкерім Борис Александрович Емелин мені бірден құрамаға алды. Бар болғаны 21 жасымда Қазақстан құрама командасының капитаны болдым. 2004-2009 жылдары «Алма-КТЖ» футбол клубында, «МЖСШМ-Барыс» деп аты қайта жаңарған осы командада 2009-2011 жылдары ойнадым. Содан кейінгі үш жылым «БИІК-Қазығұртта» өтті. Арадағы бір-екі жылдық үзілістен кейін, шымкенттік клубпен қайта келісімшартқа қол қойдым. «БИІК-Қазығұрттың» құрамында жүріп, Еуропадағы чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетіп, біраз жерге дейін бардық. Үздік сегіз клубтың қатарынан табылдық. Осы қос қаланың командаларында ойнап, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондығына қол жеткіздім.

– Арадағы үзіліс деп қалдыңыз, ол жасыл алаңнан тыс өтті ме?

– Мен футбол ойнауды бір сәтте қойған емеспін. 2015 жылы үйде туындаған жағдайға байланысты Алматыға оралдым. Осылай жергілікті «Мамандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебі– Қайратпен» келісім-шартқа отырдым.

– Өзіңізді әлі қанша жыл жасыл алаңнан көреміз?

– Денсаулығым жарап жатса, кем дегенде 2-3 жыл ойнайтын шығармын.

– Қазақстан құрамасының ойындарына оралсақ... Соңғы ойындардағы сәтсіздікті немен байланыстырасыз?

– Біз бұған дейін әлем чемпионатына тікелей шығатын топқа түсіп көрмегенбіз. Іріктеу ойындарынан әрі аса алмайтын едік. Бұл жолы Тбилиси қаласында өткен електі турнирде өз тобымызда Грузия, Латвия, Эстония секілді елдердің аяқдопшыларын артқа тастап, келесі кезеңге өттік. Содан кейін осындай топтардан үздік шыққан елдердің футболшыларына қарсы тұруымызға тура келді. Әлсіз командалар бірінші кезеңнен-ақ, жарысты аяқтаған. Сондықтан, нағыз «сен тұр, мен атайын» деген құрамалармен тіке тірестік. Екінші айналымдағы құрамалардың рейтингтегі көрсеткіші бізден әлдеқайда жоғары. Ірі есеппен Англияға ғана ұтылғанымыз болмаса (5-0), Босния мен Герцеговина мен Уэльстің қыздарына қарсы өткізген ойында  2-0, 1-0 есептері тіркеліп жатты. 2015 жылы осы Уэльске қарсы өткізген қос ойында қақпамызға жауапсыз 8 доп жіберген едік. Ал бұл жолы 1-0 есебімен ғана жеңіліп отырмыз. Көбінесе сәттілік жолдас болмай жатты, қазір айтып отырған Уэльспен ойында төреші қарсыластың қақпасына 11 метрлік айыпдобын белгілемей қойды. Олардың футболшысы қақпа алдында қолымен ойнап қалған еді. Егер пенальти болғанда, таблода басқа есеп тұрар еді. Соңғы минуттарда салқынқандылық таныта алмай, өз қақпамызға гол жіберіп алдық. Жанымызды салып ойнағанмен, ойынды басқаша аяқтау қолымыздан келмеді. Десек те, екі жылдың ішінде құраманың ойыны ілгері жылжығаны байқалады. Сондай-ақ, 1996-1997 жылы туған жас футболшы қаздарымыз құрама жейдесін киіп жатыр. Бұрын мұндай жас буын болмаған еді. Алла қаласа, осы қыздарымыз ел құрамасын өрге сүйрейді деп ойлаймын.

– Яғни, Қазақстанның қыздар футболының болашағына нық сенесіз ғой?

– Біздің елдегі футболдың инфрақұрылымын дұрыс жолға қою керек. Қыздарды ерте жастан қабылдайтын академиялар ашып, мықты жаттықтырушылар әкелсе құба-құп. Мысалы, өзіміз ойсырай ұтылған Англияның қыздары 7-8 жасынан арнайы академияда доп теуіп, тәлім алғандар. Мен 15 жасымда футболға келіп жатсам, олар осы жаста кәсіпқой футболшы атанып отыр. Мемлекет жағынан қолдау көрсетіліп, қаржыландырып жатса, футболымыз өрге шабар еді. Байқағаным, осы спорт түріне деген жас қыздардың қызығушылығы зор екен. Мәселен, чемпионатта 5 команда болғанымен, Қызылорда, Орал, Семей, Өскемен сияқты қалаларда қыздар командасы құрылған және бұл күндері де жұмыс жасап жатыр. Олар тек қаржы тапшылығынан жарнаға төлей алмай, ел біріншілігіне қатыса алмай жүр. Бірақ, тегін болатын кішігірім турнирлерге қатысып, өз дәрежелерін көрсетіп бағуда. Сол командаларда жақсы ойнап жүрген қыздар бар болғанымен, біріншілікке шықпағандықтан, оларды ешкім байқамай жатады. Сол үшін олар 15-16 жасына келгенде футболды тастап кетуге мәжбүр. Көбірек командалар болса, Қазақстанның ішкі біріншілігінің  де деңгейі әжептеуір өсетін еді.

Биыл құрамаға Қожахметова Құндыз есімді жас аяқдопшы келіп қосылды. Ол Қызылорда футбол үйірмесінің түлегі екен. Ел біріншілігінде бұл өңірден қатысатын команда болмағандықтан, одан «қалай футболмен кәсіби айналыстың» деп сұрасақ, кәдімгі жаттықтыратын кәсіби бапкер тәлім беретін команда бар болып шықты. Құндыздың ойынын Ақтөбенің жаттықтырушысы байқап қалып, өздеріне шақырған. Осылайша ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған футболшы, Қазақстанның бас құрамасынан бір-ақ шықты. Сол секілді Оралдың атынан шығатын біріншілікте команда жоқ, бірақ осы қаланың 1996 жылы туған түлегі Власова деген футболшы құрамаға алынып отыр. Ол «БИІК-Қазығұртқа» келіп, өзін барынша көрсете алды. Соның арқасында жас теңбілдопшыны ел танып, тіпті Еуропа алаңдарында өнер көрсетуге мүмкіндігі туып отыр.

– Өзіңіз айтып отырған ел біріншілігінің деңгейін қалай бағалайсыз?

– Бірнеше жылдан бері Қазақстан біріншілігін ұтып келе жатқан команда, ол – «БИІК-Қазығұрт», бұл клубтың жетістігін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Шымкенттік клубқа қарсы тұратын бірден-бір команда – көкшетаулық «Оқжетпес» клубы. Олар да легионер алып, құрамын күшейтіп жатыр. Ал шымкенттік клубтың сапында ел құрамасының ойыншылары ойнайды, легионерлері де АҚШ-тан, Нигериядан келген өте шебер, білікті аяқдопшылар. Ал көкшетаулықтар әзірге Әзербайжан, Армениядан жаңа ойыншылар алдырып жатыр. Олардың деңгейлері американдық қыздарға қарағанда біршама төмендеу. Алла жазса, біздің құрғалы жатқан командамыз осы чемпионаттың екі алыбымен теке-тіресе алатын қауқарлы клуб болады деп ойлаймын. Әрине, әңгіменің барлығы қаржыландыруға келіп тіреледі. «БИІК-Қазығұртты» қаржыландыру әлдеқайда жоғары, сондықтан олар мықты футболшыларды ұстап тұр.

– Қаржыландыру жергілікті бюджеттен бөлінеді ғой...

– Иә, бізді де жергілікті әкімшілік қаржыландырады.

– Алматы клубын қайта жандандырамыз деп жатырсыз, команданы аяқтан тұрғызу оңай шаруа емес, бүтін бір команда, білікті ойыншылар керек...

– Иә, тізімде тұрған аяқдопшылар баршылық. Біршамасымен келісіп, сөйлесіп, күте тұруларын өтіндік. Өзіме де көкшетаулық клубтан ұсыныстар келіп жатыр. Бір істі бастаған соң, соңына жетпей кете салатын адам емеспін. Осы айдың аяғында немесе ақпан айының басында бір жағына шығамыз.

– Өзіңіз талай жеңісіне сеп болған «БИІК-Қазығұртқа» тоқталсақ, команданың соңғы жетістіктерін немен байланыстырасыз?

– Команданы тұрақты қаржыландырып отыр, мол тәжірибесі бар жаттықтырушылар, ойыншылар тер төгеді. Осының арқасында жылдан-жылға жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Сол үшін де Еуропада біздің мүмкіндігіміз шынымен 1/8 финалға дейін жететінін білеміз. Ал егер 1/8-ден өтсек, нағыз сенсация болар еді. Рейтингтің басында тұрған он алты команданың ішінде, тек алтауы өте қауқарлы Франция, Англия секілді мемлекеттердің клубтары. Ал қалғанына біздің шамамыз анық жетеді. Ондай сәтте жеребе сол алтылыққа түсірмегенін тілеп отырасың. 2016 жылы да, 2017 жылы да жеребе біздің жағымызда болды. Былтыр Италияның «Веронасын» артта қалдырдық. Олар әлгінде айтқан алтылықтың қатарында емес. Биылғы жылы «Глазгоны» айналып өттік.

– Осы жерден сізді бөлсем, шотландиялық «Глазгомен» өткен ойын көптің есінде қалды. Ол жолы да сәттілік сіздер жақта болғандай... Ойынға кеңінен тоқталсақ.

– Ойын өте тартысты болды. Өз жерімізде 3-0 есебімен айқын басымыдылықпен жеңген едік. Ал олар өз алаңдарында шегінерге жол жоқ екенін түсініп, жанкүйерлері алдында барын салды. Ойын жүйкені тоздыратындай болып өткеніне келісемін. Кездесу алдында визамызбен қиындықтар туындап, команда екі бөлініп ұшуға тура келді. Біз 6 ойыншымен, тек ойынға бір күн қалғанда Глазгоға жеттік. Олардың жерінде ойдағыдай жаттығу жұмыстарын жүргізе алмадық. Жергілікті қаланың ауа-райына, стадионына үйренісу деген болады. Сол үшін де аздап бізден қателіктер болған шығар. Ойынның аяқталуына 2-3 минут қалғанда біздің қақпаға 11 метрлік айыпдобын белгілеген еді. Қарсыластың ойыншысы бағананы көздеп, біздің келесі кезеңге өтуімізге жол ашып берді. Нағыз сәттілік осы шығар!

– Өзіңіздің спорттық мансабыңызда қандай кездесулер есте қалды?

– Ондай ойындар өте көп. Түркия, Македония, Болгария құрама командаларына қарсы өткізген ойындарда гол салып, ел құрамасын жеңіске жетеледім. Гол салып, жеңіске жеткендегі қуанышты ештеңемен теңестіруге болмайды. Біреу сізге мың доллар берсе де олай қуанбайсыз.

– Негізгі алаңдағы міндетіңіз шабуылшы екенін білеміз, бірақ кей ойындары орталық жартылай қорғаушы қызметін атқарып жүрсіз. Өзіңізге қай шепте өнер көрсеткен ұнайды?

– Маған шабуылдаған жақынырақ. Бірақ, бапкерлерім қиын қарсыластарға қарсы ойындарда алаңның ортасына қойып жүр. Жаттықтырушылар қай шептен көргісі келеді сол жерде ойнай беремін. Футболда ойын орта алаңмен жүреді ғой. Егер команданың орта шебі мықты болса, жеңіске жету көрсеткіші жоғары болады.

– Футболдан бөлек, жеке өміріңізге келейікші...

– Құпия қалдырсақ болмай ма?

– Тек бұл жолы емес...

– Жеке өмір дейтіндей әзірге тұрмыс құрмадым. Футболшы болғандықтан сапарлар өте көп болады. Үйде отыру мүмкін емес. Жігіттерге бұл ұнамайтынын жақсы білесіз. Алдағы уақыттары көре жатармыз. Тұрмыс құрған соң, үйде отырып, бала табу керек емес пе? Ал мен жақын уақыттары футболды қоюды ойлап жүрген жоқпын.

– Спорттық мансабыңыздан кейін қандай жоспарларыңыз бар?

– Футбол саласында қалатын шығармын. Мені қазір бапкерлікке дайындап жатыр. Өзімнің алғашқы футболдағы ұстазым Борис Александрович Емелин барлық бапкерлік анықтамалығын, ысқырығын, футбол жайлы кітаптарын маған сыйға тартып, жетістіктер тіледі. Менің шәкірт дайындап, бапкер болғанымды көргісі келетінін айтты. Бірақ, шынын айтсам жаттықтырушы болғым келмейді. Қазір маған басқа ұсыныс жасалып жатыр. Ашылғалы жатқан Алматыдағы футбол клубының президенті, әрі команданың футболшысы болатын шығармын. Ісіміз алға жүріп жатса, болашақта да сол қызметтен көресіздер. Десек те, алдағы күндерді болжамай-ақ қояйын.

– Болашақта қызыңыз футболға барам десе, келісесіз бе?

– Бұл спорттың қызығын да, қиындығын да бастан өткерген ойыншы ретінде оның қалауына қарсылық білдірмес едім. Спорттық өмір денсаулық үшін де, жалпы өмірің үшін де өте пайдалы. Қызықты, ең маңыздысы алға қарай ұмтылуға, нақты мақсаттар қойып соған жетуге үйретеді. Оның қалауына қарсы келмеймін, қолдаймын, өз саласының мықтысы болып шығу үшін барлық жағдай жасаймын. Егер ұлым болса, міндетті түрде футболға беремін. 

– Қай футболшыны үлгі тұтасыз?

– Үлгі тұтатын ойыншылар жетерлік. Бірақ, олар ер футболшылар (күлді). Роналду, Месси мен Зидан. Жалпы, «Реалға» жанкүйермін.

– «Реалға» жанкүйер екенсіз, бірақ Мессиді үлгі тұтасыз?

– Месси шынымен өте талантты ойыншы. Оның футбол ойнау мәнерінің өзі ерекше.

– Ерлер футболындағы жалақының көлемін біршама білеміз, ал қыздар футболында қалай?

– Әлдеқайда төмен.  Бірақ, жалақыма деген ешқандай наразылығым жоқ. Өзіме жетеді. Бізде, қыздар футболында ойнағаныңа байланысты аласың.

– Әңгімеңізге көп рахмет, еңбегіңіз жемісті болсын!

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: